Қордайдың бойына қан жүгірді. Үкімет те, жергілікті билік те жұртшылық алдындағы жауапкершілікті енді сезіне бастағандай. Бұған дейін құрылыс жұмыстары ауданды айналшықтап жүрген болса, өткен жетіден бастап негізгі күш қақтығыс орын алған ауылдарды қайта қалпына келтіруге жұмылдырыла бастады.
Үні Үкімет үйіне жетіп, жаңғырығы Ақ орданың өзін алаңдатқан Қордай ауданындағы Қаракемер, Масаншы, Ауқатты, Булар батыр, Сортөбе ауылдарындағы құрылыс жұмыстарын Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаевтың өзі барып көріп қайтты. Жайшылықта бір ауданға бір, кейде тіпті жарты күнін арнап жатса, Қордай ауданы үшін екі күнін қиды.
Жалпы, бұған дейін Қордай ауданының бюджеті шамамен 28 миллиард теңгені құраса, биыл әкімдіктің «әмияны» айтарлықтай қалыңдаған. Мемлекеттік бағдарламалар аясында жанданатын жобаларға 20 миллиард теңге қосымша бағытталса, 7 елді мекенді газдандыру үшін тағы 4 миллиард теңге бөлінген. Бір сөзбен айтқанда, биыл Қордайда жылдар бойы қордаланған мәселелер шешімін тауып, көзі бір ашылайын деп тұр.
Ал жоғарыда аталған ауылдарда қазір бұзылған үйлер мен коммерциялық нысандарды қайта қалпына келтіру жұмыстары қыз-қыз қайнауда. Ал Хусейн Сүлеймен, Абдурашид Багиев және Исмар Лутур сынды кейбір кәсіпкерлер Үкіметтің көмегін күтпей, үйлері мен дүкендерін өз қаржысына қалпына келтіруде. Десе де, олар қиын сәтте қол ұшын созып, қақтығысты баса білген Президент пен жергілікті билікке алғысын білдіруде.
Алып жобаларға келсек, Масаншы ауылындағы жаңа мектептің құрылысы келер жылға өтпелі болғанымен, биыл 550 миллион теңге игерілмек. Сондай-ақ жыл соңына дейін Масаншы мен көршілес алты елді мекенге көгілдір отын кіргізіледі. Бұдан бөлек, ауылдарда шағын футбол алаңшасы, көше жаттығу құрылғылары мен балалар алаңынан тұратын көпфункционалды спорт алаңы да салынуда.
Масаншы ауылдық округіне Күнбатыс-1 және Күнбатыс-2 шағын ауылдары да кіреді. Күнбатыс-1 елді мекенінде 200-ден астам тұрғын тұрып жатса, онда құны 26 миллион теңгені құрайтын медициналық пункт бой көтеруде. Ал Күнбатыс-2 ауылында болса, 150 орындық мектептің кірпіші қаланып жатыр. Құрылысқа қежетті жұмысшылардың 70 пайызы жергілікті тұрғындардан тартылса, олар құны 662,8 миллион теңге болатын үш қабатты білім ордасын 25 тамызға дейін тапсырамыз деп отыр.
Қаракемер ауылында да оң өзгеріс көп. Ауылдың ажарын ашу үшін жалпы 1,6 миллиард теңге бөлу көзделсе, қазір спорт алаңы мен дәрігерлік амбулатория салынуда. Сондай-ақ 880 миллион теңгеге ауылға ауызсу тартылуда. 11 көшеге асфальт төселіп, 6 көшені жарықтандыру жұмыстары жүргізілуде. Тіпті, үй кезегінде тұрған халыққа арналып Қонаев көшесінің бойынан екі пәтерлі 10 үйдің құрылысы жүргізілуде.
Ауқаттықтар да кенеттен жанданған құрылысқа аң-таң. Бүгінде мұнда №9 орта мектеп пен 19 көшені бірдей күрделі жөндеуден өткізу жұмыстары жүргізілуде. Мектеп ауласы толығымен өрнектастармен безендіріліп, білім ордасына барлық қолайлы жағдай жасалуда. Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев аудандағы сапарында тіпті ауылдардағы мекемелердің қасбетін қалпына келтіруде заманауи дизайнерлер мен сәулетшілерді тарту туралы тапсырмасын беріп, жұртшылықты тағы бір таңғалдырып қойды.
Бұлар батыр ауылында фермерлер сарымсақ егіп, шаруасын шалқытуда. Сондай-ақ диқандар картоп егуді де мықтап қолға алған. Сондай-ақ жерді бос қалдырмас үшін жаңа дақылдарды орналастыру да оң шешімін тауып отыр. Ал табысын маңдай терімен тауып отырған тұрғындар үшін субсидияның барлық түрі қаралған. Бұл да ауылдағылар үшін үлкен қолдау екені анық. Осы ретте айта кетерлігі Бердібек Машбекұлы жуырда 300-ден астам қордайлық отбасыны Шу ауданына жеміс-жидек пен көкөніс егуге жіберген болатын. Осылайша, билік қақтығыстан кейінгі жағдайды қалыпқа келтіру үшін барлық тетіктерді қолдануда.
Тағы бір айта кетерлігі, биыл аймақтағы 352 шақырым жолды жөндеу мен қайта салу үшін 6,9 миллиард теңге қарастырылып отыр. Бұл қаржыға Қордай, Қаракемер, Масаншы, Ауқатты, Бұлар батыр, Сортөбе және Әлжан ана ауылдарындағы барлық көшелер асфальтталады деп күтілуде.
Қордай шекара өткізу бекетін 5,3 миллиард теңгеге жаңғырту жұмыстарын болса, «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы жауапкершілігіне алған. Аталған сомаға екі кедендік терминал, гараж, тереңдетілген тексеру посты, қоймалар, иттерге арналған орындар, қалқа мен қоршаулар салынатын болады. Нәтижесінде, шекара пункті тәулігіне 15 мың адамды өткізуге қауқарлы болмақ. Ол аз десеңіз, келер жылдары Қырғыз Республикасымен шекарадағы барлық сегіз пунктті кезең-кезеңімен қайта жаңғырту жоспарлануда.
Тағы бір айта кетерлігі, құрылыс жұмыстарының сапасын бақылауға белсенді азаматтар жұмылдырылады. Осылайша, билік Қордайға қатысты ашықтық принципін де ұстанбақ.
– Бүгінгі таңда бүкіл ел Қордай ауданына, бұзылған құрылымдарды қалпына жедел келтіру және ең бастысы ішкі жағдайдың тұрақтануына ден қойып отыр. Қазір біз барлық қиындықтарды еңсердік, мұндағы тіршілік өз қалыбына түсті деп сеніммен айта аламыз, – дейді облыс әкімі Бердібек Сапарбаев.
Ләйім солай болғай. Биыл әйтеуір барлық қаржы Қордайға кетіп жатқанын көз көріп отыр. Бұқара үшін бұл, әрине қуаныш. Енді тек басы тәп-тәуір басталған тірліктің соңы сылдыр суға, одан әрі буға, ал құрылысқа жауапты мердігерлер қуға айналып жүрмесе болғаны. Ол үшін Қордай ауданының әкімі Рүстем Дәулет бастаған азаматтар өз жұмысына жауапкершілікпен қарайды деп сенеміз.