Шахматтағы шырғалаң: Бибісара Асаубаева, Динара Сәдуақасова, Жансая Әбдімәлік... осындай жағдайға тап болды – Әшіров 
Шахматтағы шырғалаң: Бибісара Асаубаева, Динара Сәдуақасова, Жансая Әбдімәлік... осындай жағдайға тап болды – Әшіров 
Коллаж: А.Бек
452
оқылды
Пандемияға байланысты әлемдік шахмат жарыстары да онлайн өтіп жатыр, – деп хабарлайды «Хабар 24». Қазақстандық Жансая Әбдімәлік дүниежүзінің бірінші чемпионы атанған Вильгельм Стейницті еске алуға арналған блиц-шахматқа қатысты.  Бірақ телеарнаның хабарлауынша, қазір Жансаяның жетістігі емес, спортшы мен Қазақстан шахмат федерациясы арасындағы қарым-қатынас әңгімеге өзек болып отыр. Қазақстандық шахматшы Жансая Әбдімәлік Халықаралық шахмат федерациясы ұйымдастырған супер-турнирде жеті рет жүлдегерлер қатарынан көрінді. Ол Әлем чемпиондары арасында үшінші  орын алды. Қазақстан шахмат федерациясы Фейсбук желісі арқылы жеңімпазды құттықтап, ілтипатын білдірген болатын. Осыдан кейін спортшы мен қауымдастық арасындағы қарым-қатынастың нашар екені айтылып, дау-дамайға ұласты. Жансаяның әкесі Данияр Әшіровтың айтуынша, басты себеп атқарушы директордың іс-әрекеті көрінеді.
Жансаяның әкесі Данияр Әшіров: "Жаңа директор қызметіне келгеннен бастап мазаламауын өтінді. Барлық сұрақты электрон пошта арқылы жіберіңіз деген", - дейді.
Әкесінің айтуынша, атқарушы директор Жандос Әбішев олармен байланыс үзген. «Сондай-ақ Бибісара Асаубаева мен Динара Сәдуақасова да осындай жағдайға тап болды», – дейді ол.
Данияр Әшіров: "Бастапқыда мемлекеттік жаттықтырушы Дастан Капаевты жұмыстан шығармақ болды. Бірақ біз, ата-аналар болып, оны әділетсіз шығармауын талап еттік. Себебі, Дастан өте қарапайым адам және 5 жылдан астам уақыт жаттықтырушы болып жұмыс істейді. Нағыз профессионал. Менің ойымша, жаңа директор мен вице-президент өздерінің айтқанымен жүретін адамды іздейтін секілді", - деді.
Белгілі шахматшының әкесі Фейсбукте федерация басшылығын сынға алған пост жариялаған. Бұл жағдайдың мән-жайын білу үшін телеарна спорт қауымдастығына хат жазған.
Қазақстан шахмат федерациясының атқарушы директоры Жандос Әбішев: "Қазіргі таңда ҚШФ-на әлеуметтік желілерде, БАҚ-та бірнеше сыни пікірлер жарияланып жатыр. Әрине, барлығының көңілінен шығу мүмкін емес. Десе де, федерация айыпкерлердің сындарына жауап беруге, мәселені қарастыруға дайын. Әрине, негізделген болса. Ал негізсіз, дәлелсіз айып федерацияның беделін түсіру мақсатында жасалған. Мұндай негізсіз және конструктивті емес жалған сын ең алдымен «сыншылардың» беделіне нұқсан келтіреді",  - деп жауап берген.
Әрине, екі тараптың өз айтары бар. Дегенмен осы дау-дамайдың салдарынан отандық спортшыларымыз кәсіби мансабын сақтап қалу үшін өзге елге кетуі мүмкін.
Данияр Әшіров: "Жансаяны екі жыл бойы Америка Құрама Штатына шақырып жатыр. Әрине, біз елімізде қалып, еңбек еткіміз келеді. Қызым Америкаға тек білім алуға баруы мүмкін. Бірақ әрқашанда әлемдік деңгейде Қазақстанның  көк байрағын көтеруді  мақсат етеміз", - деп Жансаяның мақсаты айқын екенін айтқан.