Музейлер фестивалі басталды
Музейлер фестивалі басталды
190
оқылды

Ел тарихынан сыр шертер бабала­ры­мыздан қалған жәдігерлер мұра-жайларда сақталады. Осы мұра арқылы өткенге көз саламыз. Бұрынғы заманға сапар шегеміз. Міне, осыны басты бағдар етіп алған «Ұлы дала мұрасы» халықаралық мұражайлар фестивалі Жезқазғанда басталды. Оған әлемнің бірнеше елінен 18 мұражайдың қызметкері қатысуда.

Фестивальге дәріскер әрі қонақ ретінде Қытай, Түркия, Ресей, Өзбекстан және Моңғо­лия­дан делегаттар келді. Қара­ған­ды облыстық әкімдігі сайты­ның хабарлауынша, іс-шара «Рухани жаңғыру» бағдарламасы және Қазақстан Республика­сы­ның Тұңғыш Президенті Н.Назарбаев­тың «Қоғамдық сананы жаңғырту» мақаласын жүзеге асыру, сондай-ақ «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақа­ласы аясында ұйымдасты­ры­лып отыр. Фестиваль 11-13 мау­сым аралығында өтеді. Бірінші күні «Өз есіміңді тарихта қалдыр» акциясы өтті. Фестиваль аясын­да Жезқазған тарихи-археоло­гиялық мұражайы, Түрік Рес­пуб­ликасы­ның Анкара универ­си­теті мен Астрахань музей-қорығы арасын­да ынтымақ­тас­тық туралы үшжақ­ты меморан­думға қол қойылды. Бағдар­ла­мада қолданбалы өнер бойынша шеберлік-сынып өткізу де қа­рас­тырылды. Оған мұражай­лардың суретші-реставратор­лары, қыш ісінің шеберлері қа­тысты. Фестиваль ұйымдастыру­шы­лары «Ұлы дала мұрасы» экспозициясын ұсынды. Қы­зықты жәдігерлердің бірі «Алтын адамның» дәл кө­шірмесі болды. Көрмеде Қазақ­стан­ның 60-тан астам бірегей жәдігері жиналған.

Сондай-ақ әртүрлі елдің мұ­ра­жайларынан жеткізілген си­рек кездесетін жәдігерлер та­ныс­тырылды. Қытай делегация­сы Қарағанды облысының мұра­ғаттар және құжаттама басқар­масының қарамағына XVIII ға­сыр­дағы Қытай мен Қазақстан ара­сындағы жібек саудасы туралы құжаттың көшірмесін берді. Моң­ғол делегациясы қазақ диаспора­сының Моңғолия аумағына қалай қоныс аударғаны туралы құжаттың көшірмесін сыйға тартты. Өзбек делегациясы атынан қараған­дылықтар ХІХ-ХХ ғасырлардағы қазақ халқының тарихына қа­тысты құжаттар мен фотосурет­тер­дің көшірмесін сыйлыққа алды. 12 маусым күні фестиваль қа­тысу­шылары үшін мұражай қыз­­мет­керлеріне арналған «Мұра­жай қызметін жаһандық жаңғыр­ту – уақыт қажеттілігі» тақыры­бында семинар-тренинг өтті. Дәріскерлер Анкара уни­вер­ситетінің профессоры Айша Чакир Илхан, жоғары санатты экскурсовод-әдіскер, Қазақ спорт және туризм академия­сының туризм сарапшысы, ЮНЕСКО ұлттық комиссия­сының мүшесі Бақыт Оразым­бетова, тарих ғы­лымдарының кандидаты, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ архео­ло­гия, этнология және музеология кафедрасының доценті, профес­сор Тәттігүл Қартаева және басқа да танымал тұлғалар болды. Фестивальдің қорытынды күні қатысушыларға арналып Ұлытау жеріне саяхат ұйымдастырылады.


Әділ БЕК