Кейінгі кездері әлемдік спорт клубтарының арасында өзіндік орны бар, айтулы жарыстарда жетістіктерге жетіп жүрген «елордалық велоспорт клубы жабылуы мүмкін» деген түрлі қауесет тарауда. Бұл туралы отандық БАҚ өкілдері де бірнеше рет жазды. Жалпы, бұған дейін де «Астана» президенттік кәсіби спорт клубының құрамына кіретін екі команда жабылған болатын. Атап айтқанда, 2018 жылы «Астана Моторс» ралли мен «Астана Арланс» бокс командалары жұмысын тоқтатты. Қауіп қазіргі кезде «Астана» велокомандасының да басына төніп тұр. Оған бірқатар дәлел де бар. Ендеше соларға тоқталайық.
Халықаралық велосипедшілер одағы (UCI) коронавирус пандемиясына байланысты жарыстарды өткізбеу мерзімін 1 маусымға дейін ұзартты. Соның салдарынан сәуір айынан бастап «Астана» велокомандасы қызметкерлерінің, команда мүшелерінің жалақысы 30%-ға қысқарды. Шешім ұйым мен демеушілердің коронавирусқа байланысты экономикалық дағдарысы кезінде қабылданған. Sports.kz порталы осы жағдай жөнінде «Пандемия кезінде жарыстардың кейінге шегерілуіне байланысты ұжымның жалақысы 30%-ға қысқарды» деп хабарлады. Аталған жайт туралы қазақстандық «Астана» велокомандасының (Astana Pro Team) бас менеджері Александр Винокуров та мәлімдеме жасады. Бірақ бұл жалғыз елордалық ұжымның басындағы жағдай емес. Cyclingnews порталы көптеген шетелдік команданың наурыз, сәуір және мамыр айларында жалақы мөлшерлемесі төмендегенін жазған.
Бұдан бөлек, клубтың айналасында соңғы уақытта үлкен дау туындады. Ол «Астана» спорт клубының бұрынғы директоры Аманбек Кульчиковтың қамауға алынуымен тікелей байланысты. Наурыз айында өткен брифингте Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі екінші департаментінің басшысы Сергей Перов ұжымдағы үш қызметкердің үстінен «Қазақстан имиджі мен спортын дамытуға бөлінген қаржыны ұрлады» деген күдікпен қылмыстық іс қозғалғанын айтты. Агенттік «Аманбек Кульчиков ақша жымқыру жоспарын құрып, Шәмшиева және Ардавичуспен сөз байласып, ақша ұрлау ойын жүзеге асырған» деп санайды. Олар жалпы құны 2,5 миллиард теңге ұрлады деп айыпталып отыр. Күдіктілердің Алматы мен Нұр-Сұлтандағы элиталы пәтерлері, көліктері, жер телімдері тәркіленді. Жемқорлыққа қарсы агенттіктің дерегінше, Кульчиков 2016-2018 жылдары спорт клубына қажет қаражатты біле тұра, шығындарды асырып көрсеткен. Ақшаның жұмсалғаны жайлы жалған есеп берген. Қазіргі кезде аталған агенттік бұл іске басқа адамдардың да қатысы бар-жоғын тексеріп жатыр.
Қырсық бір айналдырғанды шыр айналдыратыны бар ғой, бұдан біраз уақыт бұрын еуропалық ақпарат құралдары клуб мүшелерінің допинг дауына ілігіп, өмір бойы осы қызметпен айналысу құқынан айырылған атышулы дәрігер Микеле Ферраримен байланысы барын жазған. Енді ол жайында әлемдік басылымдар да хабар тарата бастады. Ал қазақстандық клуб басшылығы мұның барлығы арандатушылық екенін айтып отыр.
Astana Pro Team – «Астана» президенттік кәсіби спорт клубының құрамына кіретін команда. Клуб құрамында түрлі кәсіби спорт ұйымдары, соның ішінде футбол, баскетбол және хоккей командалары да бар. Велокоманда Astana Pro Team мәртебесін 2007 жылы құрылған бетте алды. Әр кезеңдерде команда құрамында әлемнің ең мықты шабандоздары болды. Жалпы, «Астана» велокомандасы құрылғалы бері 8 гранд турдың жеңімпазы атаныпты. Гранд турларда 48 рет жекелей кезең жеңімпазы болған. Ішкі чемпионаттарда 39 рет жеңіске жеткен. «Астана» велокомандасының сапында өнер көрсеткен Александр Винокуровтың да олимпиада чемпионы атанғанын мұқым ел мақтанышпен айтып жүр. Велокоманда бұдан өзге 341 жүлдеге қол жеткізген.
Bikeandme.com.ua спорттық порталының таратқан мәліметінен Astana Pro Team командаcының жылдық бюджеті 18 миллион еуроны құрайтынын көруге болады. Әрі әлемдегі қаржысы көп 10 үздік команданың арасында елордалық клуб 5-орында тұр екен. Жыл сайын клубтың жылдық бюджетіне қомақты қаржы аударылады. Әрі бас демеушілердің бірі – «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» акционерлік қоғамы екенін де спорт жанкүйерлері жақсы біледі.
Осы ретте команданы мемлекеттік қазына арқылы қаржыландырудың қажеті жоқ екені, оны басқа да демеушілер мен жарнамалық келісімшарттармен қаржыландыру керек деген ұсыныстар сан мәрте айтылып жүр. Олардың арасында: «Самұрық-Қазына» Astana Pro Team-ді жабу туралы шешім қабылдаса, бұл оңды қадамдардың бірі болар еді. Велоспорттан елдің атын шығару үшін шетелдік ойыншыларға миллиондаған доллар ақша беру ақылға қонымсыз» деп жазғандары да бар.
Міне, осындай шым-шытырық оқиғалардан кейін «Астана» велокомандасының жағдайы одан сайын қиындай түсті. Команданың ендігі тағдыры қалай болар екен деп алаңдаушылық білдіргендер көп. Не десе де, клуб үшін бұл бір қиын кезеңдердің бірі болып тұр.
Ермұхамед МӘУЛЕНспорт комментаторы:
– Astana Pro Team командасына соңғы жылдары өте көп шабуыл жасалды. Отандық және шетелдік баспасөзде де елордалық команда туралы бірнеше рет жазылды. Оның барлығын жасап отырған Қазақстанның ішіндегі Astana Pro Team басшылығына ұмтылып жүрген адамдар екені белгілі. Танымал команданы өз иелігіне алғысы келіп жүргендер бар. Сондықтан осындай мәселелер туындады. Astana Pro Team – «Астана» президенттік кәсіби спорт клубының (ПСК) құрамына кіретін командалардың ішіндегі ең нәтижесі жоғары, қаржыны да аз пайдаланатын командалардың бірі екенін айта кеткен жөн. «Астана» командасының шабандоздары Тур де Франста, Вуэльта Испанияда, Джиро де Италияда топ жарды. Оның бәрі де легионерлердің арқасы деген күннің өзінде қазақстандық велошабандоз Алексей Луценконың өзі Ла Вуэльта Испанияда жеңімпаз атанды. Тур де Оман, Тур де Сауд Арабия жарыстарының барлығында да жеңіске жетті. Одан бөлек, Никита Стальнов, Жандос Бейжігітов, Бақтияр Қожатаев, Дмитрий Грузьев, Андрей Зейц тәрізді қазақстандық велошабандоздар бар. Олардың көпшілігі қазіргі кезде Еуропада топ жарып жүр. Өйткені олардың жанында Алекс Аранбуру, Омар Фраиле, Мануэле Боаро, Мигель Анхель Лопес, Якоб Фульсанг сияқты легионерлер бар. Олардың барлығы бір-біріне көмектесу, бірлесе өнер көрсету арқылы тамаша жетістіктерге қол жеткізуде. Жалпы, «Астана» жас таланттарды шығаратын командаға айналды деп айтуға толық негіз бар. Еуропада кез келген Raisport, Eurosport, Euronews сияқты баспасөздерге шолу жасасаңыз, Astana Pro Team командасы туралы осындай жақсы пікірлерді жиі байқауға болады. Азия ойындары, құрлықтық додалардың барлығында біздің қазақстандық велошабандоздардың қай-қайсысының да жақсы өнер көрсетуі – клубтық деңгейде өсіп-жетілгенінің арқасы. Оны мойындауымыз керек. Сондықтан Astana Pro Team өзіне берілген қаржыны лайықты түрде ақтап жатыр деп айтуға болады. Александр Винокуров Еуропада, жалпы әлемдік велоспортта абырой-атағы өте зор адамдардың бірі. Мен мұны Еуропаға барған кезде Винокуровпен суретке түскісі келген адамдардың кезекке тұрып жатқанын көріп сезіндім. Бұл біздің елімізде де велоспорттың қарқынды түрде дамығанын көрсетеді.
Қуанышхан ӨМІРХАН, Prosport.kz сайтының тілшісі:
– Astana Pro Team велокомандасы – ел бюджетінен ең көп қаржы алатын спорт клубтарының бірі. Бірақ сол бөлінген қаржының есебін сұраған кім бар? Нәтиже бар ма? Клуб басшылары нәтиже ретінде команда сапындағы колумбиялық, испаниялық шабандоздардың шетелде өткен жарыстарда жүлде алғанын айтатын шығар. Менің ойымша, бұл ешқандай да оң нәтиже емес. Шетелдік шабандоздың біркүндік жеңісі біздің спортты дамытпайды. «Aстана» командасы жыл басында 2020 жылға арналған құрамын жариялады. Команда сапында жалпы 28 шабандоз өнер көрсетеді екен. Оның 8-і ғана қазақстандық. Қалғаны легионер. Ал біз көргіміз келетін қазақ шабандозы біреу ғана. Сонда «Aстана» командасын қазақстандықтар үшін емес, шетелдіктер үшін ұстап отырмыз ба?
Тағы бір мәселе, велоспорт біздің елде танымал спорт емес. Жақын уақытта бұқаралық спорт деңгейіне көтерілмейтін де шығар. Кейбір жерде элиталық спорт ретінде аталып жүр. Велоспорт елімізде танымал болмаса, Еуропаның сүйікті спортын Қазақстанға сүйреп әкеліп, оған миллиондаған қаржы бөлудің қажеті қанша?
Велоспортты мүлде жауып тастасын демеймін. Бұл саланың да өз жанкүйерлері бар. Велокоманда болсын, бірақ өз деңгейімізге сай болсын. 80% шетелдіктер өнер көрсететін команда құрып, «бізде әлемдік деңгейдегі команда бар деп» мақтанудың жөні жоқ. Әлемдік деңгейдегі, Еуропа танитын командаңды өз еліңнің халқы білмесе, оның пайдасы не? Демек, қазіргі «Aстана» велокомандасының бюджетін 50%-ға қысқартып, шабандоздардың тең жартысын қазақстандық спортшылардан жасақтау керек.
Тағы бір мәселе, еліміздегі велоспорттың айналасындағы адамдар мемлекеттік тілде жұмыс істемейді. Федерация болсын, командалар болсын мемлекеттік тілде хабар таратуға бейжай қарап келеді. Осының өзі велоспорттың халықтан мүлде жырақтап, бұқаралық спортқа айналмауына себеп болып отыр.