Символдық мәні бар сапар
Символдық мәні бар сапар
379
оқылды

Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Қазақстан Президенті қызметіне ресми кіріскеннен кейінгі алғашқы сапарын Қырғыз Республи­касынан бастады. Қасым-Жомарт Тоқаев Қырғыз Республикасы президенті Сооронбай Жээнбековпен кездесті.

Кездесуде Қазақстан Президенті бұл жүздесудің символдық мәні барын айтып, жылы қабылдағаны үшін Соорон­бай Жээнбековке ризашылығын білдірді.

– Ұлықтау рәсімінен кейін Бішкек қаласында кездесуіміз – жақсылықтың ны­шаны. Біз жақында Нұр-Сұлтан қала­сында кездесіп, екіжақты ынтымақ­тас­тық­тың бірқатар мәселелерін талқыла­дық. Біздің қазіргі міндетіміз – сол ке­лі­сімдерді жүзеге асыру, – деді Қазақстан Президенті.

Қырғыз Республикасының прези­денті Сооронбай Жээнбеков Қасым-Жомарт Тоқаевты сайлаудағы жеңісімен құттықтап, бұдан ары да екі елдің қарым-қатынасының нығая түсетініне сенім білдірді.


Бішкекте Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ҚХР төрағасы Си Цзиньпинмен де кездесті.

Мемлекет басшысы президент болып сайлануымен және Қазақстан Президенті қызметіне кірісуімен құттықтағаны үшін Қытай Халық Республикасының төраға­сына ризашылық білдірді.

– Менің атыма жолдаған жүрекжарды құттықтау хатыңызды алдым. Сайлау қоры­тындысын Қазақстан халқының маған артқан зор сенімі және Тұңғыш Прези­дентіміз, Сіздің досыңыз Нұрсұлтан Әбішұлының бағдарын қолдауы ретінде қабылдаймын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қазақстан Президенті қазақ-қытай ынтымақтастығын дамытудың маңызын атап өтіп, Қытай Халық Республи­ка­сымен қарым-қатынастардың сыртқы саясатымыздағы басты басымдықтардың бірі екенін айтты.

– Бұл ынтымақтастықтың стратегия­лық сипаты бар. Кең ауқымды Еуразия құрлығындағы тыныштық пен қауіпсіз­дікті қамтамасыз ету үшін оның маңызы зор, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев Си Цзиньпин­ді «Бір белдеу – бір жол» екінші халық­а­ралық ынтымақтастық форумының табысты өтуімен және ҚХР-дың алдағы 70 жылдық мерейтойымен құттықтады.

ҚХР төрағасы Мемлекет басшысын президент сайлауындағы жеңісімен тағы да құттықтап, биыл Қытайға ресми са­пармен келуге шақырды.

– Біз Қазақстанның ауыл шаруа­шылығы өнімдерін өңдеу, цифрландыру, ІТ индустрия және «жасыл» технология салаларындағы ынтымақтастықты ны­ғайтуға үміттенеміз. Сондай-ақ «Бір белдеу – бір жол» бағдарламасы мен Индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасын ұштастыру арқылы Қазақстанның транзиттік әлеуе­тін кеңірек пайдалануға мүдделіміз, – деді ҚХР төрағасы.

Кездесу барысында тараптар мәдени-гуманитарлық саладағы, соның ішінде жастардың тағылымдама алмасуларын кеңейту және бірлескен іс-шаралар өт­кізу жөніндегі екі елдің ықпалдастығын талқылады.


Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев Ауғанстан Ислам Республикасының президенті Мұхаммед Ашраф Ғанимен де кездесті.

Мемлекет басшысы Ауғанстан прези­дентіне ілтипат білдіріп, екіжақты ынты­мақтастықтың және көпжақты формат­тағы өзара тығыз іс-қимылдардың жо­ғары деңгейде екенін атап өтті.

– Президент мырза, сізбен Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммиті аясында Бішкек қаласында кездескеніме қуаныштымын. Біздің елдеріміз ынты­мақтастықта мол табысқа қол жеткізді. Алдағы уақытта өзара ықпалдас­тығы­мызды кеңейту арқылы бұдан да жақсы нәтижелер күтемін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мұхаммед Ашраф Ғани Қасым-Жомарт Тоқаевқа кездесуге мүмкіндік жасағанына ризашылық білдірді. Мемлекет басшысын президент сай­лауын­­дағы жеңісімен және Қазақстан Прези­денті қызметіне ресми кірісуімен құт­тықтады. Ауғанстан көшбасшысы Қазақстан халқының таңдауы арқылы елдің стратегиялық бағдарының сабақ­тас­тығын таңдағанын атап өтті.