"Менің қазақша атым - Марат Тоқтарұлы Оразғалиев" деп түп-тамырын іздеген Теодор бүгін мессенджер арқылы ағасын тапты, деп хабарлайды Алтайньюс.
Theodore Walton 2001 жылы Өскемен қаласында дүниеге келіпті. 2002 жылы тағдырдың ісімен мұхит асып кеткен бала бүгінде жиырмадағы жігіт болған.
- АҚШ-тағы асырап алған ата-анам өте жақсы адамдар, олар менің туыстарымды 2008 жылдан бастап іздеп, менің қазақ екенімді үнемі есіме салып отырды. Қазақстан деген мемлекеттің, Өскемен деген қаласында туыстарым бар екенін ұмыттырмады,- дейді Теодор.
Ол бір ай бұрын ғана Өскеменде тұратын Рүстем деген ағасы мен апайы бар екенін біліпті.
- Екеуімен де кеше байланысқа шықтым, орыс тілі арқылы интернет аудармамен сөйлестік. Қазір үздіксіз байланыстамыз. Суреттерін көрдім. Биыл туған жерімді, туған қаламды, туыстарымды көрсем деген арманым бар. Қазір жатсам да тұрсам да ойлайтыным - Өскемен қаласы. Ертіс деген өзенді көргім келеді. Қазақ жері қандай, халқы қандай екен, руымды білгім келеді, - дейді ол.
Теодор АҚШ-тың Флорида штатындағы Пенсакола қаласында тұрады екен, колледжде оқиды.
Мессенджер арқылы Теодорға Өскемен мен Ертістің суреттерін жібердім. "Туған жерім неткен керемет!" деп тамсанған ол, әлемдік пандемияның беті бері қарай салысымен қазақ жерін көруге келетінін айтты. Өзі де күн санап асығып отырған сияқты. Туған жердің топырағы, қан дегенің қиын екен ғой. Теодор бауырымыз, тіпті бүгіннен жолға әзірленіп, артынып-тартынып дайын отыр.
Енді Теодордың туған ағасы Рүстем туралы айтайық
Рүстем Оразғалиев - 1998 жылы туған. Қазыр Күршімде тұрады. Бұйырса алдағы күндері бастауыш сынып мұғалімі мамандығының дипломын қолына алайын деп жатыр.
- Біз Өскемендегі балалар үйінде болыппыз. Мені 5 сынып оқып жүргенде асырап алған. Мектепті Күршім ауылынан №4 мектептен бітірдім. "АҚШ-тағы қазақ баласы туыстарын іздеп жатыр" деген жаңалықтар тарап жатыр ғой, сол суреттегі негізі менмін. Туған бауырым бар екенін, оны Америкаға алып кеткенін алғаш рет 7-8 сынып оқып жүргенде білдім. Бірақ мұхит асып кеткен бауырды табу маған енді мүмкін емес, бос қиял сияқты болып көрінетін. Кеше ШҚО білім басқармасынан хабарласып: Сіздің туған бауырыңыз табылды" деген кезде ішімде алай-дүлей сезім болды. Аударма арқылы сөйлестік. Ол менің ағылшынша білмейтініме таң қалды. Гугл аударма арқылы орысша сөйлестік. Келген соң оған қазақша үйрету керек, -деп күлді Рүстем.
Рүстемнің асырап алған ата-анасы да қуанып жатыр екен. Ал, Теодордың тағы бір әпкем бар деп отырғаны Рүстемның немере апайы екен. Олардың барлығы Америкадағы ұлды асыға күтіп отыр.
Тағдыр екіге бөлген ағайындылардың кездесер күні енді алыс емес шығар.
"Тезірек келсе екен, бауырымды қатты көргім келіп тұр, мен оны сағындым. Руын білгісі келеді екен. Келгенде айтамын ғой: наймансың оның ішінде қойсарысың", - деп әңгімесін аяқтады Рүстем.