Сенат басшысы Дариға Назарбаеваның төрағалық етуімен Бюджет заңнамасын жетілдіру жөніндегі кеңестің екінші отырысы болды.
Отырыста Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов пен Қаржы министрінің бірінші орынбасары Берік Шолпанқұлов бюджеттің кіріс бөлігін қалыптастыру және ұлғайту жөніндегі мемлекеттік органдардың ұсыныстары туралы баяндады. Бюджет түсімдерін ұлғайту жөнінде ұсынылған шаралардың ішінен түсетін салықтарды, жеңілдіктер мен преференцияларды реттеу; шетелдік компаниялардың кірістерін бақылау; салықтық және кедендік әкімшілендіруді жетілдіру мәселелері атап өтілді.
Сенат төрағасы бірқатар сын-ескертпе мен ұсыныс айтты. Дариға Назарбаева бірінші кезекте Есеп комитетін күшейту және Экономикалық тергеу қызметінің тиімділігі мәселесіне орай талдау жасалуы керек деп санайды.
Д.Назарбаеваның пікірінше, субсидиялар, жеңілдіктер мен преференциялар саясатына деген көзқарасты да түбегейлі өзгерту керек әрі оны заңды түрде бекіту қажет. Сондай-ақ салықтық және кедендік әкімшілендіруді ақпараттандыру туралы да ұсыныс білдірілді.
– Барлық мемлекеттік орган, азаматтық қызметтер және басқалар қазіргі заманғы ақпараттық жүйелерді енгізудің сапасына, олардың уақытылы және ортақ ақпараттық жүйеге кірігуіне жекелей жауапты болуы тиіс. Уақыт бойынша қатаң шектеулер және орындалмағаны үшін жауапкершілік белгілеу керек, – деді Сенат басшысы.
Д.Назарбаева сонымен қатар проблемалық мәселелердің қатарында халықтың шамадан тыс несие алуын, мемлекеттің бизнеске бәсекеге құрап, экономикаға қатысуын атады.