Сыртқы істер министрлігінде ведомствоның қызметі мәселелері жөніндегі Қоғамдық кеңестің жаңа құрамдағы бірінші отырысы өтті. Кеңес отырысына қатысқан Сыртқы істер министрі Бейбіт Атамқұлов Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың ұлықтау салтанатындағы сөзінде мемлекеттік саясатты іске асырудағы қоғамның рөлін арттырудың маңызын ерекше атап өткеніне баса назар аударды.
– Мемлекет азаматтық қоғамды дамытуға зор көңіл бөлетін болады. Сондықтан біз үшін кеңес мүшелерінің аса өзекті мәселелерді талқылауға белсенді атсалысып, сыртқы саясат ведомствосы қабылдайтын шешімдерге сарапшылық баға беруі өте маңызды, – деді министр.
Отырыс күн тәртібіне сәйкес Сыртқы істер министрінің орынбасары Ермек Көшербаев шетелдік инвестицияларды тарту және қазақстандық тауарлардың экспортын ілгерілету салаларындағы СІМ қызметінің жаңа басымдықтары жөнінде баяндама жасады.
Оның мәліметінше, 2018 жылы тартылған тікелей шетелдік инвестициялардың жалпы ағыны 15,8%-ға өсіп, 24,3 миллиард долларды құрады.
2019 жылғы қаңтар-сәуір айларында негізгі капиталға құйылған инвестиция көлемі 6,7%-ға артып, 2,9 триллион теңгеге жетті. Оның ішінде сыртқы инвестициялар көлемі негізгі капиталға салынған инвестициялардың жалпы ауқымының 36%-ына тең және 1,05 триллион теңге болды.
Е.Көшербаев Қазақстанның инвестициялық ахуалын жақсарту бағытында атқарылып жатқан жұмыстар жайына да тоқталды.
– Сыртқы саясат ведомствосы фронт-кеңселер құру бойынша жұмыс жүргізіп жатыр. Бұл кеңселер инвесторлардың тек ақпараттық-консультациялық көмекке қол жеткізуін қамтамасыз етіп қана қоймай, сондай-ақ олардың мемлекеттік қызметтер алуына және жобаларын бастапқы кезеңнен толық іске асыруға дейінгі сүйемелдеуге арналған бірыңғай алаңға айналады, – деді Сыртқы істер министрінің орынбасары.
Ол Қазақстанның шет елдердегі мекемелері инвестициялар тарту жүйесін жетілдіруге бағытталған ЭЫДҰ ұсынымдарын және дамыған елдердің үздік тәжірибелерін ескере отырып, жаңа тәсілдерді анықтау үшін шетелде бірқатар іс-шаралар жүргізіп жатқанын тілге тиек етті.
Сыртқы істер министрлігінің сыртқы нарықтарда отандық экспортты ілгерілетудегі рөліне тоқталған Е.Көшербаев СІМ жанында шикізаттық емес экспортты жылжыту мәселелері бойынша арнайы ведомствоаралық жұмыс тобы жұмыс істейтінін айтты. Бұл құрылым практикалық шараларды әзірлеуге және жедел түрде ақпарат алмасуға күш салуда.
Шетелдік инвестицияларды тарту жөнінде азаматтық қоғам тарапынан «Қазақстанның интернет қауымдастығының» президенті Шавкат Сабиров баяндама жасады. Сарапшы баяндамасында Қазақстандағы экспорттық ресімдеу ісіне назар аударды және оларды жеңілдетуге қатысты бірқатар ұсыныстар жасады.
Пікірталас барысында кеңес мүшелері инвестициялық ахуалды жақсарту, шетелдік капиталды тартудағы СІМ жұмысын жандандыру жөнінде бірқатар ұсыныстарды ортаға салды. Сондай-ақ сыртқы саясаттың жаңа тұжырымдамасының жобасына қатысты конструктивті талқылау жүрді.
СІМ қоғамдық кеңесінің кезекті отырысы 2019 жылдың күзіне жоспарланған.