Алматыда базардың орташа бағасынан төмен бағамен қосымша ретінде жоғары сапалы ет өнімін жеткізу басталды. Бұл Алматы қаласы әкімдігі мен «Асыл ет» сауда белгісі бар MPS (Meat Processing and Services) Қазақстан компаниясының арасында жасалған екі жақты меморандумның арқасында мүмкін болды.
Қала дүкендерінде аталған өнім белгіленген баға бойынша сатылады. Өлшеніп оралған еттің (сиыр еті) 1 келісінің бағасы 1950 теңгені (төс-жауырын бөлігі: қабырғалар, төс еті) құрайды.
Бағаның төмендігі өнімді жергілікті өндірушінің өзі өндіретініне, сондай-ақ делдалдар тізбегінің болмауына негізделіп түсіндіріледі. Бұл ретте, дүкендердің үстеме бағасының шегі жай кездегі 15%-ға қарағанда, бар-жоғы 7%-ды ғана құрайды.
«Соңғы 2 айда біз қала бойынша, оның ішінде, жергілікті ауылшаруашылығы өндірушілерімен өзара тығыз байланыста болуымыздың және олардың қолжетімді бағамен ұсынатын өнімінің арқасында сиыр етіне қойылатын бағалардың төмендегенін атап өтеміз. Біз өнімді тікелей жеткізуге және өз кезегінде оларды барынша қолдауға дайынбыз», – деп хабарлады Алматы қаласы Кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасының басшысы Еркебұлан Оразалин.
Қазіргі таңда сиыр еті қаланың 150 дүкенінде сатылуда. Жылдың соңына дейін олардың санын 1000-ға дейін жеткізу жоспарланып отыр.
Барлық өнім жан-жақты бақылаудан өтеді және «Халяль» стандартын қоса алғанда, халықаралық және экологиялық стандарттарға сәйкес келеді.
«Біз – фермерлерміз, малды өзіміз соямыз, өлшеп-ораймыз және «егіннен сөрелерге дейін» тұжырымдамасын нақты түрде іске асыра отырып, дүкен сөрелеріне дейін жеткіземіз, бұл бізге барлық сатыларда өнімнің сапасын бақылауға және сапалы өнім ұсынуға мүмкіндік береді», – деді MPS ЖШС сату жөніндегі директоры Виктор Бегун.
Етті қайта өңдейтін «Асыл ет» кешені Алматы қаласынан 30 шақырым жерде (Қошмамбет ауылы), Алматы облысының экологиялық таза – Кеген және Қарасай аудандарында орналасқан.
Кәсіпорын, оның ішінде, жем беру алаңы халықаралық стандарттарға сәйкес салынды. Малды сою, барлық санитариялық нормаларды сақтай отырып, жоғары технологиялық заманауи, автоматтандырылған зауытта жүзеге асырылады. Бұдан басқа, кәсіпорында тұтынушылардың ауру жұқтыру тәуекелдерін барынша төмендететін малды және етті тексеруге арналған жеке аккредиттелген зертхана бар.