Палата спикері Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен Мәжіліс бюросы өтіп, онда алдағы жалпы отырыстың күн тәртібінің жобасы айқындалды.
Оған сәйкес, келесі аптадағы жиында депутаттар тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мәселелері жөніндегі заңнамалық түзетулерді екінші оқылымда талқылайды деп күтілуде.
Заң жобасы атап айтқанда, кондоминиум объектілерін басқару және күтіп ұстау бойынша қызметті, сондай-ақ оны ресімдеу тәртібін реттеуге; ортақ мүлікті күрделі жөндеу үшін ақша қаражатын жинауға; осы процестерге меншік иелерін қатыстыруға, соның ішінде жергілікті атқарушы органдардың тұрғын үй инспекциясын тартуға бағытталған.
Бұдан бөлек, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласының бірыңғай мемлекеттік ақпараттық жүйесін құру мүмкіндігін қарастырылған. Құжаттағы жаңалықтар кондоминиум нысанын ұстап тұруға қажетті қаражаттарды басқару мен шығындаудың ашықтығын арттыруды; сервистік компанияларды дамытуды; тұрғын үй шаруашылығы саласындағы қолданыстағы заңнамадағы олқылықтар мен қайшылықтарды жоюды көздейді.
Сонымен қатар депутаттар Қазақстан Үкіметі мен Еуропалық ядролық зерттеулер жөніндегі ұйым (CERN) арасындағы ғылыми-техникалық ықпалдастыққа қатысты халықаралық ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялайтын заң жобасын да қарайды деп күтілуде.
Бұған қоса, бюро алдағы отырыстың күн тәртібіне Мәжіліске енді ғана енгізілген заң жобаларын да қосты. Олардың қатарында лотереялар және лотерея қызметі мәселелері, көші-қон процестерін реттеу мәселелері бойынша қолданыстағы заңнамаға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобалары, сондай-ақ Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің қаржы нарығы саласындағы заңнамасын үйлестіру туралы келісімді ратификациялау туралы заң жобасы бар. Бұларды депутаттар жұмысқа қабылдап алып, олар бойынша қорытынды әзірлеу мерзімін бекітуі керек.