Қостанайлық полицейлер «Большевичка» фабрикасының қызметкерлерімен бірге қоғамдық көлік жолаушылары мен көшедегілерге 500 маска таратты.
Қостанай облысында төтенше жағдайлар режимі алынып тасталғанымен карантин шаралары жалғасуда. Облыстың бас санитарының қаулысы бойынша, қоғамдық көліктерге маскасыз кіруге болмайды. Сол себепті «Большевичка» тігін фабрикасы тұрғындарға арнап, арнайы бетперделер тікті. Осылайша, тәртіп сақшылары мен фабрика қызметкерлері аялдамалар маңындағы 500 тұрғынға маска таратты.
«Бұл – еліміздің ғана емес, бүкіл әлемнің басына түскен сынақ. Осындай жағдайда дертпен бүкіл адамзат баласы бірлесіп күресуі тиіс. Карантиндік шектеулер ең алдымен облыс тұрғындарының денсаулығы үшін енгізіліп жатқанын түсіну қажет. Біз бүгін 5 автобус аялдамасына бардық. Олардың арасында маска режимін сақтамағандар да бар. Сондықтан тұрғындар жағдайға салғырт қарамаулары керек», - дейді полиция лейтенанты Досан Тастайбаев.
Айта кетейік, тігін фабрикасы мұндай акцияларға үнемі қатысып отырады. ТЖ кезінде тігіншілер тәртіп сақшыларын арнайы бетперделермен қамтамасыз еткен болатын.