Батыс Қазақстан облысында өткен жылдан бері 860,3 мың гектар ауыл шаруашылығы жері пайдаланылмай келген. Бұл туралы облыс әкімі Ғали Есқалиевтің төрағалығымен өткен ауыл шаруашылығы жерлерін тиімді пайдалану мәселесіне арналған селекторлық кеңесте айтылды.
Облыс әкімінің бірінші орынбасары Мұхтар Манкеевтің жиында мәлім еткеніндей, соның 75,1 мың гектары мемлекет меншігіне қайтарылды.
Осының ішінде 25,8 мың гектары жаңа жер пайдаланушыларға берілді. Сондай-ақ шаруалар 125,4 мың гектар жерді игеруге кірісті. Ал 659,8 мың гектар жерді қайтару бағытында жұмыстар жүргізілуде.
«Қазіргі таңда ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі пайдаланылмай жатқан жерлерге салық салу мөлшерін кезең-кезеңмен көтеру, жер телімдерін қайтармауға болатын мерзімді қысқарту, ғарыштық мониторингке көшу бойынша заңнамаларға тиісті өзгертулер енгізу мәселелерін қарастыруда. Жаңа заң жобасы күшіне енсе, жерді тиімді пайдалану бағытындағы жұмыстар жандана түсетін болады. Облыста ауыл шаруашылығы жерінің жалпы көлемі 7 млн 040 мың гектар болса, соның 542 мыңы – егістік, 5527 мыңы – жайылымдық, 450 мыңы – шабындық, 462 мыңы – тыңайған жерлер. Дегенмен 1991 жылғы есепке қарағанда, өңірде 12,9 млн гектар ауыл шаруашылығы жері болған. Көптеген жер телімінің қорда тұрғаны анықталды. Осы көрсеткішті қалпына келтіру бағытында ауқымды жұмыс жүргізілуде», деді М.Манкеев.
Кеңесте сонымен қатар 2019 жылдың қыркүйек және желтоқсан айында өңір басшысы Ғали Есқалиевтің төрағалығымен өткен жиындарда ауыл шаруашылығы жерлерін қайтаруға қатысты аудан әкімдеріне берілген тапсырмалардың бірқатары орындалмағаны да айтылды.
Облыс прокурорының аға көмекшісі Азамат Тілеубаевтың сөзіне қарағанда, тек өткен жылдың өзінде кадастрлық құны 9 млрд астам теңгені құрайтын жалпы көлемі 1130 мың гектар 2,5 мыңнан астам жер телімінің игерілмей жатқаны белгілі болды. Прокурорлық қадағалау актілеріне сәйкес құны 700 млн астам теңгені құрайтын 108 мың гектар 221 жер телімі мемлекет меншігіне қайтарылды. Құны 3,6 млрд теңге 749 мың гектар жер (1153 телім) игеріле басталды. Жер кодексінің 94-бабына сәйкес кадастрлық құны 1,9 млрд теңгеге бағаланған 67 мың гектарды құрайтын 344 жер теліміне қатысты ұйғарым қабылданып, ауыртпалық салынды.
Биылғы бірінші тоқсанда прокуратура актілеріне сәйкес Бөкей ордасы, Бөрлі, Сырым, Тасқала және Бәйтерек аудандарында құны 80 млн теңгеден асатын 18664 гектар жер қайтарылды.
Кеңесте облыс әкімі Ғали Есқалиев ауыл шаруашылығы жерлерін тиімді пайдаланбай отырған агроқұрылымдар тізімін жария ету қажеттігін, сонымен қатар жер телімін қосалқы жалдауға берудің заңсыз екендігін атап көрсетті.
«Кей шаруалар «Бірлескен қызмет туралы шарт» жасау арқылы қосалқы жалдауға беріп отырған әрекетін жасырады. Тіпті жалған шарт жасасып, жерін жалға беру есебінен пайда көріп отырған ірі шаруа қожалығы иелері де бар. Мұның бәрін заң жүзінде реттеуге тура келеді. Ал жерді игеру барысында қиындыққа тап болған, айталық, құрал-жабдығы кемшін, су көзінен тапшылық көріп отырған шаруаларға қолдау көрсетіледі. Салық инспекциясы мамандары жерді тиімді пайдаланбай отырған агроқұрылымдарға он еселенген көлемде салық салатын болады. Таяуда «Геоақпараттандыру» порталы іске қосылып, агроқұрылымдар жұмысы спутник арқылы бақыланып, көзбояушылыққа барғандар әрекеті әшкереленеді. Жиында айтылған ұсыныс-тілектер жинақталып, заңнамаға өзгерістер енгізу мәселесі Үкімет назарына жеткізілетін болады», деді Ғ.Есқалиев.