Президент бастамалары талқыланды
Президент бастамалары талқыланды
427
оқылды

Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты «Қазақстанның даму траек­то­риясы: сабақтастық, әділ­дік, өрлеу» тақыры­бын­да дөңгелек үстел өткізді. Жиында президент сай­ла­уы­­­ның қорытындысы, елдегі қоғамдық-саяси ахуал, аза­­маттардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған мемлекеттік саясат пен күн тәртібіндегі өзге де мәселелер талқыланды.

Қазақстан стратегиялық зерттеу­лер институты әлеуметтік-саяси зерттеулер бөлімінің жетек­шісі Алуа Жолдыбалина сайлауға дауыс беру құқығына ие азамат­тардың 77,4%-ы қатысқанын атап өтіп, бұл көрсеткішке «саяси нау­қандағы қоғам белсенділігі жоғары болды» деген баға берді. Сарап­шы­ның пікірінше, жаңадан тағайын­далған президент бүгінгі күннің негізгі мәселелерін шешуге бағыт­талған бағдарламасын та­ныс­тырып, аталған жобалардың кей­бірін орындауды бастап үлгерген.

– Жаңадан тағайындалған президент әлеуметтік мәселелерді шешу, кәсіпкерлікті қолдау, қоғам бірлігін сақтау, халықтың табысын арттыру, жұмыспен қамту және сыбайлас жемқорлықпен күресу сияқты бірнеше бағытқа басымдық беретінін мәлімдеді. Кей бағыттар­ды жүзеге асыру бойынша жұмыс­тар қолға алынған. Мәселен, Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің бөлінуі сыбай­лас жемқорлыққа қарсы стратегия­ның институттық тұрғыдан ны­ғаюы­на жол ашады. Президент жастар мен мемлекеттік басқару жүйесін жаңа кадрларға ауысты­руға ерекше мән беріп отыр. Прези­денттік кадрлық резерв қа­лып­­тастыру және жас талантты бас­қарушыларды мемлекеттік қыз­меттің барлық деңгейінде қол­дау бойынша нақты тапсыр­ма­лар беріледі. Бірқатар жаңа тағайын­даулар болғанына куә болдық», – деді Алуа Жолдыбалина.

Саясаттану ғылымдарының докторы Наталья Калашникова президент бағдарламасының үшін­ші бөлімі толықтай жастарға арналғанын атап өтті.

– Президенттік кадрлық резерв­ті қалыптастыру – салмақты мақсаттардың бірі. Бізде білікті мемлекеттік қызметкерлер көп, олар дәл осы кадрлық резервке енгі­сі келеді. Бұдан жастардың мем­лекет­тік қызметке үлкен қы­зы­­ғу­шылық танытып отырға­нын бай­қауға болады. Президент бағ­дар­ламасында қозғалған ұлттық мүдделер тақырыбы да ішкі саяси мәселелерді шешу маңызды екенін көрсетеді, – дейді ол.

Мәжіліс депутаты Павел Казан­цев президенттің Ұлттық қоғамдық сенім кеңесін құру бастамасына қатысты пікір білді­ріп, «болашақ ұйым жұмысына қоғам өкілдері мен мемлекеттік органдар тең дәрежеде қатысуы керек» деген ой қосты.

– Мұндағы үстемдік қоғамда болатынына кәміл сенімдімін. Біздегі азаматтық қоғам айқын қалып­тасқан, яғни бізде партия­лық ұйымдар, қоғамдық ұйымдар сынды диалогтық алаңдар бар. Кеңес жұмысының табысты болуы үшін халықтың барлық мақсатты тобы­ның мүдделерін ескеруі ма­ңыз­­ды. Сәйкесінше, партия өкіл­дері міндетті түрде кеңеске енуі керек, себебі, партияның мақсатты тобы бар. Ал азаматтық альянс, кәсіп­одақ сынды қоғамдық бірлес­тік­тер еңбек ететін 2 млн-нан ас­там халықты біріктіріп отыр. Ары қарай мүмкіндігі шектеулі жандар, жастар сынды өзге де әлеу­меттік ұйымдар кеңес жұмы­сы­на қатысуы тиіс. Сонымен бірге, мемлекеттік органдар болмасын деген пікір­лерді естіп жүрміз. Мемлекеттік органдар қатысуы тиіс, себебі, пікір­таластан нағыз ақиқат туады, – дейді Павел Казанцев.


Кәусар АХМЕТ