«Самұрық-Қазына» компаниясының «Цифрлы жаз» тағылымдамасы басталды. IT мамандарға арналған үш айлық бағдарламасының қорытындысы бойынша үздік үміткерлер тұрақты жұмысқа орналасады.
Бұл бағдарлама Жастар жылы аясында Қазақстан жастарын қолдауға арналған «Жас Самұрық» жобасының қолдауымен жүзеге асуда. Қордың басқарма төрағасы Ахметжан Есімов қордың компаниялар тобына жас мамандарды іріктеуге мүмкіндік берген «Цифрлы жаз – 2018» бағдарламасына оң бағасын берді.
«Самұрық-Қазына» АҚ цифрландыру және трансформациялау жөніндегі басқарушы директоры Дәурен Керейбаевтың айтуынша, байқауға 1 500-ден астам үміткер қатысып, оның 78-і ғана жеңімпаз атанған.
– Биыл бағдарламаның шарттары неғұрлым қатал болғанына қарамастан, жас мамандар біліктілігін көрсетті. Ақпараттық технология саласын дамуға ерекше құлшынысы жоғары екені қуантады. Ынталы жастардың талпынысы ерекше. Бізге дәл қазіргі кезде ІТ саласын жетік меңгерген мамандар керек. Байқауға 1 500-ден астам үміткер қатысуға өтініш білдірді. Оның 78-і төрт іріктеу кезеңінен де өтті. Тағылымдамада үміткерлер елдегі ең үздік IT мамандардан практикалық тәжірибе алады», – деді Дәурен Керейбаев.
Биыл былтырмен салыстырғанда үш есе көп үміткер қатысқан. Атап айтқанда, былтыр 500-ден астам үміткердің 33-і жеңімпаз болып, жұмысқа орналасқан. Бағдарламаның жаңа шартына сәйкес, бакалавриаттың 3-4-курс студенттері және 1-2-курс магистранттары қатыса алады. Қатысушылар онлайн IT тест, IT мамандығының бағыты бойынша және қабілеттілікті тексеретін тапсырманы орындайды. Биыл Назарбаев университеті, Л.Гумилев атындағы ЕҰУ, Халықаралық ақпараттық технологиялар университеті, Қазақстан-Британ техникалық университеті және С.Демирел атындағы университетінен қатысқандар жеңімпаз атанды.
Ерекше айтар жайт, биыл тағылымдамадан өтетіндерге еңбекақы төленеді. Сондай-ақ, үміткерлер отандық және әлемдік SAP, Microsoft, Oracle, Cisco, HP, IBM, Huawei, Kaspersky, QazClaud, Astana Hub компанияларында практикалық тәжірибеден өтеді.
«Самұрық-Қазына», «Қазақстан темір жолы» ҰК», KEGOC, «Қазпошта», «ҚазТрансГаз Аймақ», «ҚазТрансГаз», «Кселл», «ҚазМұнайГаз» ҰК», «Самұрық-Энерго», «Эйр Астана», «Қазақтелеком», «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК», QazCloud компанияларынан тағылымдамадан өткендерді ІТ салада алты бағыт та жұмысқа орналастырады.