Премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов жұмыс сапарымен Жезқазған өңіріне барды. Әкімдіктің хабарлауынша, «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасы бойынша атқарылып жатқан жұмыстармен танысты. Өңірдегі өзекті мәселелерді шешу жолдарын талқылады.
Маңызды проблеманың бірі – Жезқазған қаласындағы апатты үйлердегі тұрғындарды көшіру. Ералы Тоғжанов жұмыс сапары барысында осы мәселеге назар аударды.
– Облыс әкіміне бұл мәселені бақылауға алуды және келесі жылдың соңына дейін оны шешуді тапсырамын, – деді Ералы Тоғжанов.
– Облыста барлығы 54 үй апатты деп танылды. Оның 26-ы Жезқазғанда. Биыл қалалық бюджеттен ақша бөлінді. Мәселені шешіп жатырмыз, – деді Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек.
Жезқазған мен Сәтбаев қалаларында халыққа үздіксіз су беру мәселесі де өзекті болып тұр. Жезқазған жұртшылығы Ералы Тоғжановқа осы мәселемен жүгінді.
Су проблемасы жайында әкім: «Біз Кеңгірден шығатын резервтік су тартқышты салып жатырмыз. Ол екі айда іске қосылады. Сондай-ақ Есқұла суағарын салу жобасын іске асыруға кірісеміз. Нәтижесінде, 15% су Жезқазғанға Есқұла су құбырынан, 55-60%-ы Үйтас-Айдос су таратқышынан және қалғаны Кеңгірден тартылады, – деді Жеңіс Қасымбек.
Жезқазғанда жалпы сомасы 3,9 млрдтеңге болатын 36 инфрақұрылымдық жоба жүзеге асырылуда. Сондай-ақ, қалада 58 көпқабатты тұрғын үйдің қасбеті мен шатырын, 1,5 шақырым кәріз және су құбыры желілерін, 34 шақырым жолды жөндеу жоспарланып отыр. Сонымен қатар, екі саябақ абаттандырылады. 800-ден астам жарықтандыру бағаны орнатылады. Жұмыспен қамтудың жол картасы бойынша мыңнан астам жұмыс орны ашылады. 600-ге жуық адам жұмыспен қамту орталығы арқылы жұмысқа орналасады.
Жұмыс сапары барысында Ералы Тоғжанов 900 орындық мектепті аралап көрді. Барлық жұмыстар кестеге сәйкес жүргізілуде. Қазіргі уақытта нысан аяқталуға жақын. Ауланың аумағын абаттандыру, көгалдандыру, жиһаз және құрал-жабдықтар алу қалды. Ұлытау ауданындағы Жошы хан тарихи-мәдени орталығының құрылыс алаңы да Премьер-министр орынбасарының назарынан тыс қалған жоқ. Жөндеу және құрылыс үшін «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасына қатысатын жұмысшылар тартылады. Сондай-ақ, қазір Жошы хан мен Алаша хан кесенелерін де қалпына келтіру жұмыстары жүріп жатыр.
[caption id="attachment_45668" align="alignnone" width="1920"] Фото: Үкіметтің ресми сайтынан алынды[/caption]
– Кесенелерді қалпына келтіру кезінде бірінші кезекте тарихи құндылықты сақтау қажет. Президент осы кесенелерді қалпына келтіруді бақылауға алды. Барлығын сапалы жасау маңызды. 2020 жылы бұл маңызды оқиғалардың бірі болмақ, – деді Ералы Тоғжанов. Ұлытау ауданында Жұмыспен қамтудың жол картасы аясында 18 инфрақұрылымдық жобаны жүзеге асыру жоспарлануда. Бұл – Қарсақбай және Жезді ауылдарындағы спорттық- сауықтыру кешендерінің, Ұлытау кентіндегі тазарту нысанының құрылысы, сондай-ақ білім беру саласында үш жоба, мәдениет саласында төрт жоба және ТКШ-ның 8 жобасы. 522 жұмыс орны құрылады, оның ішінде 263 адам жұмыспен қамту орталығы арқылы жұмысқа орналасады.