Ерікті болу – еріккеннің ісі емес
Ерікті болу – еріккеннің ісі емес
292
оқылды
Осыдан тура елу жыл бұрын (1970 жылы) БҰҰ жанынан «Біріккен Ұлттар Ұйымының волонтерлары» деген атаумен халықаралық ұйым құрылып, жер бетіндегі еріктілердің басын қоса бастайды. Сөйтіп, волонтерлар дүниежүзінде кең таралып, әлемдік қозғалысқа, белсенді топқа айнал­ды. Кейбір мәліметтер бойынша, қазір әлемде волон­тер­лар­дың жалпы саны 1 миллиардқа жуықтап қалған. Ал елімізде әрбір сегізінші адам волонтерлік қызметпен айналысады екен.  

Еріктілер санын арттыру қажет

Қазір елімізде қанша ерікті жұмыс істейтінін дөп басып айту қиын. Алайда Ұлттық волонтерлік желінің бізге берген ақпаратына сенсек, олардың саны 30 мыңнан асады. Бұл мөлшер 19 млн-ға жуық тұрғыны бар ел үшін тым аз. Ел халқының 1 пайызына да жетпейді. Оның үстіне, әлемдік ішкі жалпы өнімнің 2,5 пайызы еріктілер еңбегінің нәтижесі екенін ескер­сек, елдегі еріктілер санын арттыру қажеті туындайды. Арнайы жүр­гізілген сауалнама нәтижесінде ел­дегі әр бесінші жас волонтерлік туралы ешқашан естімеген, тіпті білмеген болып шықты. Бұл өз кезегінде волонтерлік қозғалысты насихаттауда кемшіліктеріміз аз емес екенін көрсетеді. Біз волонтерлардың қадіріне әлі толық жете алмасақ та, оларға көңіл бөлініп, қолдау көр­сетіле бастады. Қозғалысқа тұтас бір жыл­ды арнай отырып волон­тер­ліктің кең таралуынан үміт күтеміз. Жастар да волонтерліктің тұлғалық қалыптасудағы рөлін түсіне бас­тайтынына сенім мол. Нәтижесін уақыт көрсетеді. Ал мемлекет бұл бағыттағы жұмыс­тар­ды ертерек бастаған еді. Мәсе­лен, Қазақстан 2002 жылы БҰҰ Бас Ассамблея­сының «Халықаралық волонтерлар жылы» жөніндегі резолюциясына демеушілік жасап, 2010 жылы Ұлт­тық волонтерлар желісін құрды. Ал 2016 жылы Во­лонтерлік қызмет туралы заң қа­былданған болатын.  

Еріктілер заман талабына сай болуы тиіс

Қазір Ұлттық еріктілер желі­сінің құрамында Қазақстанның барлық 17 облысы, 36 қаласынан 83 ұйым мен бастамашыл топ жұ­мыс істейді. QazVolunteer.kz ерік­тілерінің бірыңғай ақпараттық платформасында 24 мың волонтер тіркелген. Алғашқы қадам ретінде мемлекет тарапынан студенттерді тұрақты түрде ерікті болуға тал­пындыруға қосымша ақы төленеді. «Ұлттық зияткерлік желі» АҚ, «Қар­жы орталығы» АҚ, «Азамат­тық бастамаларды қолдау орта­лығы», Ақпарат және әлеуметтік даму, білім және ғылым министр­ліктері жүзеге асыратын «Студент­тік әлеуметтік несие» жобасы бар. Негізгі идея мемлекеттік универ­ситеттердің күндізгі бөлім сту­дент­терін, мысалы академиялық не­сиелерді жаба алатын ақшалай сыйақы алатын әлеуметтік маңыз­ды іс-шараларға тарту», – дейді Ұлттық волонтерлік желі ұйымының атқарушы директоры Татьяна Миронюк. Алайда бұл жаппай стипендияға қосымша ақша табу науқанына ұласып кетуі мүмкін. Тіпті, студенттердің оқу процесіне кедергі болуы да мүмкін екенін ескеру қажет. Заман ағымына байланысты ерікті болудың да түрі өзгерді. Қа­зір волонтерлар жұмысының ба­ғы­ты сан салалы. Мамандар Қа­зақ­станда, негізінен әлеуметтік во­лон­терлік жақсы қалыптасқанын айтады. Сондықтан өзге бағыттарға аса мән берген жөн. Ілгерілеу жоқ емес. Мәселен, Маңғыстау облы­сында экологиялық волонтерлікті насихаттайтын ұйым көп, Ақтөбе облысында мүмкіндігі шектеулі адамдармен жұмыс жақсы жолға қойылған, Нұр-Сұлтан мен Ал­маты сияқты ірі қалаларда ау­қымды шаралар көп өтеді. Сол себепті іс-шараларға негізделген волонтерлік дамыған. Еріктілер жылы аясында өңірлерде волон­терліктің Bilim, Qamqor, Úmit, Sabaqtastyq, Taza Álem және Saulyq атты салалық бағыттар бойынша да тың жобалар жүзеге аспақ. Құптарлық жайт.  

Волонтерлік қызметке деген көзқарас

Біздің қоғамда волонтерлар туралы әлі де дұрыс түсінік қалып­таса қоймаған. Көбіне жалау жел­піп отыратын «науқаншыл ерікті­лер» теріс түсінікке түрткі болады. Адам санын көбейтіп, флэшмоб өткізу еріктіліктің ауылынан алыс екені белгілі. Волонтерлік жас ерекшелігіне шектеу қоймайтын қоғамдық қызмет. Десе де, елімізде онымен көбіне жастар, студенттер жиі айналысады. Кез келген оқу орнының жанынан клубтар, топ­тар құрылған. Соның бірі – Zhas Qanat әлеуметтік клубы. Осыдан бір жыл бұрын құрылған клуб мүшелерінің саны шамамен 30 адамға жетеді, олардың көбі во­лонтерлар. Клуб жетекшісі Жандос Ақтаев 15 жасынан волонтерлікпен айналысып келеді. Жандос қыз­меті барысында талай түсініспеу­шілікке тап болған, оның сөзінше, біздің қоғам волонтерлік қызметті жете түсіне қойған жоқ. «Көпшілік шынайы ықыласпен басқаларға көмек беруге деген талпынысы­мызды түсінбей жатады. Мысалы, жақында біз ардагерлерді құрмет­теуге байланысты «75-75» науқа­нын өткіздік. Науқанның басты мақсаты – ардагерлерді, тек 9 ма­мыр қарсаңында еске алмай, оларға әрдайым қолдау көрсету. Біздің волонтерлар қарттарға сыйлық жасамақ болды. Алайда әкімшілік қызметкерлері өз қыз­метін мүлтіксіз орындап жүргені жайлы есеп беру үшін басқаларға кедергі келтіріп бақты. Бюрокра­тия­ның зиянды жері – осы. Қайы­рымдылықта бәсекелестік деген бола ма? Менің ойымша, жоқ. Бар­лығымыздың мақсатымыз бір, ол – адамдарға көмек көрсету, сон­дықтан Мемлекет басшысы айт­қандай, бірігіп елімізді көркей­тейік!», – деді Жандос Ақтаев. Zhas Qanat әлеуметтік клубының ерік­тілері қарттарға, мұқтаж адамдарға, инклюзивті балалар мен жетім балаларға көмек береді. Оған қоса, елорданың әлеуметтік қызмет ­көр­сету орталығымен, әділет де­пар­таментімен, Жемқорлыққа қар­сы іс-қимыл департаментімен бірге түрлі іс шараға қатысады. Бір сөзбен айтқанда, қоғамдағы түйт­кілді мәселелерді шешуге үлес қосып келеді.  

Шетелдік тәжірибе

Бірқатар елде ерікті болу қа­лып­тасқан жағдай. Зерттеулерге сү­йенсек, халықаралық ерікті­лер­дің ең көбі АҚШ-та. Волонтер­лік­пен айналысу АҚШ азаматының басты қасиетінің бірі деген түсінік қалыптасқан. Онда балаларға мек­теп жасынан бастап «жақсылық жасау» идеясы кең таратылады. Жал­пы, дамыған елдерде қоршаған ор­таны жақсарту әркімнің қолы­нан келеді деген түсінікпен ұмты­лыс жасайды. Ал оқу орнын енді бі­тірген жас маман үшін түйін­де­месінде волонтерлік қызметтің болуы жұмысқа қабылдануына үлкен септігін тигізеді. Осыдан-ақ Американың волонтерлікке қан­шалықты мән бергенін бағамдай беріңіз. Франция халқының жар­ты­сына жуығы волонтер атанған. Сонымен қатар Германия мен Жапонияда еріктілердің саны күн санап артып келеді. Ал біздегі 30 мың ерікті теңізге жауған тамшы­дай ғана. Әдетте, шетелдік тәжі­рибеде еріктілер жас ерекшелігіне қарай жіктелмейді. Кез келген адам бос уақытында волонтер­лікпен айналыса алады. Мысалы, АҚШ-та 45-65 жас аралығы мен 65 жастан асқан адамдар еріктілердің 51 пайызға жуығын құрайды екен. Ал біздің елде еріктілер туралы сөз қозғалса болды, бірден жастар, студенттер ойға келеді. Алайда бұл қалыптасқан қағиданың қайдан шыққаны белгісіз.  

Сұңқарбек БАТАНҰЛЫ

 width=