Еріктілер санын арттыру қажет
Қазір елімізде қанша ерікті жұмыс істейтінін дөп басып айту қиын. Алайда Ұлттық волонтерлік желінің бізге берген ақпаратына сенсек, олардың саны 30 мыңнан асады. Бұл мөлшер 19 млн-ға жуық тұрғыны бар ел үшін тым аз. Ел халқының 1 пайызына да жетпейді. Оның үстіне, әлемдік ішкі жалпы өнімнің 2,5 пайызы еріктілер еңбегінің нәтижесі екенін ескерсек, елдегі еріктілер санын арттыру қажеті туындайды. Арнайы жүргізілген сауалнама нәтижесінде елдегі әр бесінші жас волонтерлік туралы ешқашан естімеген, тіпті білмеген болып шықты. Бұл өз кезегінде волонтерлік қозғалысты насихаттауда кемшіліктеріміз аз емес екенін көрсетеді. Біз волонтерлардың қадіріне әлі толық жете алмасақ та, оларға көңіл бөлініп, қолдау көрсетіле бастады. Қозғалысқа тұтас бір жылды арнай отырып волонтерліктің кең таралуынан үміт күтеміз. Жастар да волонтерліктің тұлғалық қалыптасудағы рөлін түсіне бастайтынына сенім мол. Нәтижесін уақыт көрсетеді. Ал мемлекет бұл бағыттағы жұмыстарды ертерек бастаған еді. Мәселен, Қазақстан 2002 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясының «Халықаралық волонтерлар жылы» жөніндегі резолюциясына демеушілік жасап, 2010 жылы Ұлттық волонтерлар желісін құрды. Ал 2016 жылы Волонтерлік қызмет туралы заң қабылданған болатын.Еріктілер заман талабына сай болуы тиіс
Қазір Ұлттық еріктілер желісінің құрамында Қазақстанның барлық 17 облысы, 36 қаласынан 83 ұйым мен бастамашыл топ жұмыс істейді. QazVolunteer.kz еріктілерінің бірыңғай ақпараттық платформасында 24 мың волонтер тіркелген. Алғашқы қадам ретінде мемлекет тарапынан студенттерді тұрақты түрде ерікті болуға талпындыруға қосымша ақы төленеді. «Ұлттық зияткерлік желі» АҚ, «Қаржы орталығы» АҚ, «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы», Ақпарат және әлеуметтік даму, білім және ғылым министрліктері жүзеге асыратын «Студенттік әлеуметтік несие» жобасы бар. Негізгі идея мемлекеттік университеттердің күндізгі бөлім студенттерін, мысалы академиялық несиелерді жаба алатын ақшалай сыйақы алатын әлеуметтік маңызды іс-шараларға тарту», – дейді Ұлттық волонтерлік желі ұйымының атқарушы директоры Татьяна Миронюк. Алайда бұл жаппай стипендияға қосымша ақша табу науқанына ұласып кетуі мүмкін. Тіпті, студенттердің оқу процесіне кедергі болуы да мүмкін екенін ескеру қажет. Заман ағымына байланысты ерікті болудың да түрі өзгерді. Қазір волонтерлар жұмысының бағыты сан салалы. Мамандар Қазақстанда, негізінен әлеуметтік волонтерлік жақсы қалыптасқанын айтады. Сондықтан өзге бағыттарға аса мән берген жөн. Ілгерілеу жоқ емес. Мәселен, Маңғыстау облысында экологиялық волонтерлікті насихаттайтын ұйым көп, Ақтөбе облысында мүмкіндігі шектеулі адамдармен жұмыс жақсы жолға қойылған, Нұр-Сұлтан мен Алматы сияқты ірі қалаларда ауқымды шаралар көп өтеді. Сол себепті іс-шараларға негізделген волонтерлік дамыған. Еріктілер жылы аясында өңірлерде волонтерліктің Bilim, Qamqor, Úmit, Sabaqtastyq, Taza Álem және Saulyq атты салалық бағыттар бойынша да тың жобалар жүзеге аспақ. Құптарлық жайт.Волонтерлік қызметке деген көзқарас
Біздің қоғамда волонтерлар туралы әлі де дұрыс түсінік қалыптаса қоймаған. Көбіне жалау желпіп отыратын «науқаншыл еріктілер» теріс түсінікке түрткі болады. Адам санын көбейтіп, флэшмоб өткізу еріктіліктің ауылынан алыс екені белгілі. Волонтерлік жас ерекшелігіне шектеу қоймайтын қоғамдық қызмет. Десе де, елімізде онымен көбіне жастар, студенттер жиі айналысады. Кез келген оқу орнының жанынан клубтар, топтар құрылған. Соның бірі – Zhas Qanat әлеуметтік клубы. Осыдан бір жыл бұрын құрылған клуб мүшелерінің саны шамамен 30 адамға жетеді, олардың көбі волонтерлар. Клуб жетекшісі Жандос Ақтаев 15 жасынан волонтерлікпен айналысып келеді. Жандос қызметі барысында талай түсініспеушілікке тап болған, оның сөзінше, біздің қоғам волонтерлік қызметті жете түсіне қойған жоқ. «Көпшілік шынайы ықыласпен басқаларға көмек беруге деген талпынысымызды түсінбей жатады. Мысалы, жақында біз ардагерлерді құрметтеуге байланысты «75-75» науқанын өткіздік. Науқанның басты мақсаты – ардагерлерді, тек 9 мамыр қарсаңында еске алмай, оларға әрдайым қолдау көрсету. Біздің волонтерлар қарттарға сыйлық жасамақ болды. Алайда әкімшілік қызметкерлері өз қызметін мүлтіксіз орындап жүргені жайлы есеп беру үшін басқаларға кедергі келтіріп бақты. Бюрократияның зиянды жері – осы. Қайырымдылықта бәсекелестік деген бола ма? Менің ойымша, жоқ. Барлығымыздың мақсатымыз бір, ол – адамдарға көмек көрсету, сондықтан Мемлекет басшысы айтқандай, бірігіп елімізді көркейтейік!», – деді Жандос Ақтаев. Zhas Qanat әлеуметтік клубының еріктілері қарттарға, мұқтаж адамдарға, инклюзивті балалар мен жетім балаларға көмек береді. Оған қоса, елорданың әлеуметтік қызмет көрсету орталығымен, әділет департаментімен, Жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментімен бірге түрлі іс шараға қатысады. Бір сөзбен айтқанда, қоғамдағы түйткілді мәселелерді шешуге үлес қосып келеді.Шетелдік тәжірибе
Бірқатар елде ерікті болу қалыптасқан жағдай. Зерттеулерге сүйенсек, халықаралық еріктілердің ең көбі АҚШ-та. Волонтерлікпен айналысу АҚШ азаматының басты қасиетінің бірі деген түсінік қалыптасқан. Онда балаларға мектеп жасынан бастап «жақсылық жасау» идеясы кең таратылады. Жалпы, дамыған елдерде қоршаған ортаны жақсарту әркімнің қолынан келеді деген түсінікпен ұмтылыс жасайды. Ал оқу орнын енді бітірген жас маман үшін түйіндемесінде волонтерлік қызметтің болуы жұмысқа қабылдануына үлкен септігін тигізеді. Осыдан-ақ Американың волонтерлікке қаншалықты мән бергенін бағамдай беріңіз. Франция халқының жартысына жуығы волонтер атанған. Сонымен қатар Германия мен Жапонияда еріктілердің саны күн санап артып келеді. Ал біздегі 30 мың ерікті теңізге жауған тамшыдай ғана. Әдетте, шетелдік тәжірибеде еріктілер жас ерекшелігіне қарай жіктелмейді. Кез келген адам бос уақытында волонтерлікпен айналыса алады. Мысалы, АҚШ-та 45-65 жас аралығы мен 65 жастан асқан адамдар еріктілердің 51 пайызға жуығын құрайды екен. Ал біздің елде еріктілер туралы сөз қозғалса болды, бірден жастар, студенттер ойға келеді. Алайда бұл қалыптасқан қағиданың қайдан шыққаны белгісіз.Сұңқарбек БАТАНҰЛЫ