Жоғалғанын іздеуші көп
Жоғалғанын іздеуші көп
329
оқылды
Интернеттегі жаңалықтар өз алдына, көшеге шыға қалсақ автокөлік, теміржол бекеттеріндегі тақталардан «іздеу саламыз» деген хабарландыруларды байқаймыз. Тіпті, олардың көптігінен қазір бас айналатын халге жетті. Бір ғана Нұр-Сұлтан қала­сының Полиция департаментіне күніне жақынын жоғалтқан оннан астам адам келіп, өтініш қалдырады екен. Ал Қазақстанда статистика бойынша, жыл сайын 2 500-3 000 адамға іздеу салынады. Оның 300-ге жуығы мүлдем та­былмаған күйі қалады. Былтыр елі­мізде жоғалғандардың тең жар­тысы – кәмелет жасына толмаған жеткіншектер екені анықталған. Нақтырақ айтқанда, 2 мыңнан астамы бүлдіршіндер. Олар көбіне ойнап жүріп, өз үйінен көз жазып қалады. Сөйтіп, қайтар жолды таба алмай адасатын көрінеді. «Бұдан бөлек, өзгенің ұл-қызын бөтеннің ертіп кетуі де жиі ұшы­расады», – дейді мамандар. Көп жағдайда кей отбасыларда балалар қараусыз қалады. Сон­дықтан олардың ата-аналары да олардың жоғалғанын кеш бай­қайды. Осындай оқиға жақында Атырау қаласында болды. Мұ­най­лы өңірде 1,5 жасар бүлдіршін жо­ғалып кетті. Облыстық Поли­ция департаменті баспасөз қыз­метінің хабарлауынша, жоғалған балақай «Жұлдыз» шағынау­да­ны­ның 10-көшесіндегі тұрғын үйден түскі сағат 13.30 шамасында шы­ғып кеткен.
– Баланың есімі – Әли. Үстін­де қызыл торлы көйлегі, қара түсті қысқа шалбары бар. Оң аяғын сылтып басады. Қазір Атырау қалалық Полиция басқармасының жеке құрамы баланы іздестіріп жатыр. 21 мамырда жергілікті уа­қытпен таңғы сағат 6.30-да көмек­ке 400-ге жуық ерікті келді. Сон­дай-ақ іздестіру жұмысына Ұлт­тық ұланның 50 сарбазы, поли­цияның 100-ден астам қызметкері, 50 волонтер жұмылдырылды. Олар «Жұлдыз» шағынауда­нын­дағы 51 көшені жан-жақты тек­серуге кірісті, – деп хабарлады облыстық Полиция департа­мен­тінің баспасөз қызметі.
Қостанай облысында да құқық қорғау органдары мен Төтенше жағдайлар департаментінің қыз­меткерлері, сондай-ақ еріктілер бір ай бойы 17 жастағы Руслан Жұбанышевті іздеп жатыр. Белгілі болғандай, ол 29 сәуірде достары­мен бірге балық аулауға кеткен. Алайда содан бері оны ешкім көр­меген, өзі де байланысқа шық­паған. Іздеу операциясы әлі жалғасуда. Сүңгуірлер төрт көлді, қамыстардың арасын түгелдей қарап шыққан, алайда іздеу жұ­мыстары әзірге ешқандай нәтиже бермеді. Жоғалған жігіттің туыс­тары бақсы-балгерлерге барып та көрген. Біреулері «әне-міне таба­мыз» дегенмен, әзірге оны табу мүмкін болмай тұр. Адамдардың жоғалуы тек балалар арасында ғана емес, сондай-ақ ересектер арасында да жиі кездеседі. Мамыр айында қызылордалық 54 жастағы ер адамға іздеу салынды. 2 мамыр күні Тасбөгет кентіне кеткен об­лыс орталығының тұрғыны сол күйі қайтып оралмаған.
– Аталған оқиға бойынша дерек 7 мамырда тіркелді. Бұл жайлы Қызылорда қалалық По­лиция басқармасының 102 бай­ланыс арнасына бір әйел қо­ңырау шалған. Жоғалған ер адам­ды іздеу үшін учаскелік полиция инс­пек­торлары, криминалды по­лиция қызметкерлері арасында топ құрылды. Кешенді жедел із­дес­тіру іс-шаралары жүргізілуде, – деп хабарлады Қызылорда облыстық Полиция департаментінің бас­пасөз қызметінің маманы Тимур Досмайыл.
Жоғалу жағдайлары көбінесе ағайын-туыстармен араздасудан, маусымдық жұмысқа кету бары­сында, құмар ойындарына тәуел­діліктен, ақыл-естің ауытқушы­лығынан, түрлі қылмыстық оқи­ғалардың салдарынан да тіркеліп жатады. Адамдардың із-түзсіз жоғалуынан бөлек, кейінгі кезде адам саудасы да тым көбейіп кетті. Бұрындары адам саудасы туралы оқиғалар сюжетін теледидардағы шытырманға толы кинолардан ғана көрсек, бүгінде күнделікті өмірде де жиі кездеседі. Жасы­ра­тыны жоқ, адам саудасы, адам ұрлау, адам қорлау қылмыстық әрекеттерінде сырттан келген кiрмелердiң де ізі сайрап жатыр. Әсiресе, қыз-келiншектердi өзге мемлекеттерге алдап әкетуде олар арбаушы күш қызметiн атқарады. Бейресми дерек бойынша, қазіргі кезде шетел асып жатқандар арасында кәмелетке толмаған жеткiншектер де шамадан тыс көп. Құлдыққа жегілетіндердің денi алаяқтардың арбауына елiтiп, көздi жұмып шетелге аттанып кетеді. Яғни, мұндайлар өзге ел­ден жалақысы жоғары жұмыс та­уып беремiз деп уәде еткен қыл­мыскерлердiң шым-шыты­рық сергелдеңiне түсiп, бiр мезетте құл мен күңге айналып шыға келеді. Орталық мамандарының айтуын­ша, құлдыққа түсетіндердің көп­шілігі бірінші кезекте құжат­тарынан айырылады. Сондай-ақ құлдыққа көбінесе тұрақты жұ­мысы жоқ, тұрғылықты мекен­жа­йы белгісіз адамдар түседі. Ішкі істер департаментінің дерегіне сенсек, адам еңбегін заңсыз пай­далану оқиғалары көбінесе ауыл­ды жерлерде, шаруа қожалықтары мен жайылымдарда тіркелген. Тегін жұмыс күшін пайдалану­шы­лар оларға мал баққызып, ба­ғынбаған жағдайда ұрып-соғып күш көрсетеді. Бас прокуратураның Құқық­тық статистика және арнайы есеп­ке алу жөніндегі комитеті соңғы 5 жылдағы статистиканы жариялады. Осы уақыт аралығын­да елімізде 13 мыңнан астам адам жоғалған. Оның 10 мыңнан аста­мы жақындарына оралса, 1 067 адам өлі күйінде табылыпты. Не десе де, адамдардың жоға­луы жақсылықтың нышаны емес. Қаншама отбасы әуре-сарсаңға түсіп, сарыуайымға салынып, жоғалғанын жан ұшыра іздеп жүр. Ал жоғалғандардың тірі күйінде табылуы – қуаныш. Бейбіт күнде ет жақынын жоғалтып, іздеу сал­ғанның қандай ауыр екенін олар­дан артық кім түсінсін?! Бас­қа салмасын дейміз...  

 width=Абылайхан ЖҰМАШ