Бар болғаны 650 мыңнан аса тұрғыны бар Атырау COVID-19 індетін жұқтырғандар саны жағынан Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларынан соң 3-ші орында тұр. Індет ошағы Теңіз кеніші болып тұр. Талабы мен тәртібі тастай «Теңізшевройл» компаниясы қайтіп қателік жібергеніне ешкімнің ақылы жетер емес. Қазіргі таңда Теңіз кенішіндегі жағдайды тұрақтандыру үшін құрылған арнайы жұмыс тобы білек сыбанып жұмыс істеуде.
Жуырда өңірге жұмыс сапарымен келген Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжановтың тапсырмаларын орындау мақсатында арнайы жұмыс тобы құрылды. Атырау облысы әкімінің екі орынбасары, бірқатар облыстық департаменттер мен құқық қорғау органдарының басшылары, ТШО басшылығы және облыстың бас дәрігері кіретін арнайы жұмыс тобы Теңіз кенішінде жүр. Делегация құрамында Денсаулық сақтау министрлігі Тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитеті төрағасының орынбасары Нұрхан Сәдуақасов та бар.
Олар бірнеше күн бойы жоспарлы түрде нақты шараларды ұйымдастыратын болады. Атап айтқанда, сапар барысында «Теңізшевройл» ЖШС мердігер мекемелерінің қызметкері емес тұлғаларды анықтау мақсатында Атырау облысының әкіміне Теңіз кенішіндегі барлық ауысымдық лагерьлерге тексеріс жүргізу тапсырылды. Карантинге жабылған вахталық аймақтарға блок-бекеттер орнату, санитарлық-дезинфекция режимін сақтауды қамтамасыз ету — тез арада атқарылуы тиіс шара.
Денсаулық сақтау және Энергетика министрлеріне типтік инфекциялық аурухананың құрылысын қарастыру міндеттелді. Атырау облысының әкімдігі мен «Теңізшевройл» ЖШС-на алгоритм әзірлеу, егжей-тегжейлі жоспар дайындау және қызметкерлерді ауыстыру, инфекция ошақтарын оқшаулау, сондай-ақ кен орнындағы жұмысшылар арасында қауіпті дерттің таралуын болдырмау, инфекцияны Атырау қаласына кіргізбеу тапсырылды.
– Арнайы жұмыс тобының бірінші күндік жұмыс қорытындысы бойынша, ТШО мердігерлерінің орналасқан жерін анықтау жоспарын құру, карантин аймақтарына бақылаусыз кіруге тыйым салу, кезекшілікте тұрған адамдардың санын анықтау, өндіріс процесіне қатыспайтын адамдардың орнын тексеру және оларды шығаруды ұйымдастыру туралы шешім қабылданды. Сондай-ақ қызметкерлерді тестілеуден өткізу кестесін де жасаған жөн. Мұнымен қоса, сапалы эпидемиологиялық тексеріс қажет, - деді Атырау облысы әкімінің орынбасары Бақытгүл Хаменова.
Жұмыс тобы кен орнында бірнеше күн бұрын ашылған 230 орындық инфекциялық стационардың қызметіне, карантин орталықтарының жай-күйіне, дерт жұқтырғандармен байланыста болғандарды оқшаулау жағдайларына және санитарлық-эпидемиологиялық нормалардың сақталуына мониторинг жүргізетін болады.
Кеше Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетов Теңіз кенішін аралап көріп, ондағы ахуалмен танысқан соң шұғыл жиын өткізді.
«Атырау облысында жағдай тұрақтанғанымен, Теңіз кенішіндегі ахуал әлі де алаңдатып тұр. Қазіргі кезде Теңіз кенішінде орналасқан 25 жатақханада тұратын 42 мекеменің 709 жұмысшысынан COVID-19 инфекциясы анықталды. 20 мамырдағы мәлімет бойынша, 615 науқастың 594-і ауруханаға жатқызылған. Жағдай әлі де күрделі», – деді аймақ басшысы.
Жиынды қорытындылаған облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетов Теңіз қалашығындағы облыстық штаб филиалы мен «Теңізшевройл» компаниясына бірқатар нақты тапсырмалар берді. Атап айтқанда, карантинге жабылған вахталық қалашықтарға қатаң бақылау жасау, санитарлық-дезинфекциялық режимді бақылау, түсіндірме жұмыстарын барынша арттыру, провизорлық стационарды медициналық мамандармен қамтамасыз етуді жеделдетуді тапсырды. Сондай-ақ «Теңізшевройл» компаниясына мердігер мекемелермен бірлесіп, жұмыс мерзімі біткен қызметкерлерді Теңіз кенішінен келісілген талаптарды қатаң сақтай отырып шығару жоспарларын әзірлеуді жүктеді.
Қалай десек те, індеттің ошағы Теңіз кеніші болып тұр. Тұрғындардың «Теңіз кенішін қатаң бақылауға алып, індет жұқтырғандарды қалаға әкелмей, Теңіз кенішіндегі стационарда емдеу керек» деген талабы кеш те болса ескерілгеніне қуандық.
Әйтсе де, тұрғындар карантин талабын сақтамаса, індет жұқтырғандар саны 2 мыңға жетеді деген болжам да жасалып қойғаны көңіл көншітпей тұр.
Сонымен бірге «Теңіз кеніші жабылуы мүмкін бе?» деген сауал ашық тұр.
Атырау облысы әкімінің баспасөз хатшысы Ержан Қалымбайұлының айтуынша, бұл мәселе бойынша келіссөздер жүргізілуде. Нақты жауап, дүйсенбі күнге «Теңізшевройл» компаниясы өкілдерімен өтеді деп жоспарланған брифингте мәлім болады деп күтеміз.
Тұрсын ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ,
Атырау облысы