Ғалымдардың болжауынша, 2025 жылға қарай жер бетінің жартысы 10 миллионнан астам халқы бар мега қалаларда тұратын болады. Бейжің тұрғыны күн сайын орташа есеппен 5 сағатын жолға жұмсайды. Парижде жүргізушілердің 20 пайызы автокөлігін тұраққа қоя алмай әуреге түседі. Ауадағы көмірқышқыл газының 22 пайызын машина бөлетін болады.
Көпшілігіміз болашақ жайында түсірілген фильмдерде адамның компьютер емес, виртуалды экран пайдаланатынын байқаймыз. Бүгінде ғалымдар виртуалды экран жүйесін машинаға енгізуді ойлап жүр. Машинаны сенсорлы басқару, алдыңғы машина қозғалысынан хабар беретін голограмманы іске қосу – келешектің еншісінде. Сондай-ақ жүргізуші мен жолаушы денсаулығын бақылайтын құрылғы пайда болатыны жазылған. Сенсорлы датчиктер руль мен қауіпсіздік белбеуіне орнатылады. Жүргізуші шаршап, жолаушы денсаулығы нашарласа машина арнайы сигнал береді. Жақын жердегі аурухана мен аялдамаға тоқтау туралы дабыл қағылады. Бұл жүйе жарқын болашақтың жақын екенін көрсетеді.
Ал қазір машина мүмкіндігін көрсететін жүйе – жылдамдық. Сонымен бірге, қозғалтқыш көлемі де есепке алынады. Әлемдегі ең жылдам суперкардың максимал жылдамдығы – 450 км/сағ. Мысалы, Ferrari Enzo-да 660 аттың күші бар. Минутына 7 800 айналым жасай алады. Брендтің конвейерінен тек 399 дана шығарылады. Ferrari-ге автонарық пен автожарыста басымдық берілетіні осыдан. Lamborghini Aventador LP70-тің қуаты 700 аттың күшіне тең. Қозғалтқышы – V 12-ге тең, көлемі – 6,5L. АҚШ-та құрастырылатын Saleen S7 қозғалтқыш қуаты – 750 атқа, Koenigsegg CCXR қуаты 1 018 атқа пара-пар. Сатылым бағасы 500 мыңнан 1,5 млн долларға дейін жетеді. Ал SSC Ultimate Aero TT автокөлігі бар жоғы 25 данамен шығады. Қозғалтқыш қуаты 1 183 ат күшіне лайықталған. Қызығы, SSC Ultimate бензинмен жүрмейді. 2018 жылғы рейтинг бойынша Bugatti Yeyron Super Sport пен Hennessey Venom GT 1-2 орынды бөлісті. Bugatti қозғалтқышында 1 200, Hennessey-де 1 451 аттың күші бар. Hennessey – әлемдегі ең жылдам автокөлік. Машина спидометрі 2,4 секундта 100-ді көрсетеді. Жоғарыдағы цифрларды ескерсек, көлікті «темір тұлпарға» бекерге баламайтынын білуге болады.
Мұнымен көліктер арасындағы бәсеке бітпейді. Жыл сайын рейтинг жаңарып отырады. Эконом, премиум, бизнес класс санатындағы көліктер, ең сенімді машиналар, сатылым бойынша көшбасшылар анықталады. Қорытындысы арнайы кеште айтылып, болашақ машиналардың макеті таныстырылады.
2018 жылы өткізілген «Бүкіләлемдік жыл автокөлігі» байқауында Volvo XC60 кроссовері жеңіске жетті. Нью-Йоркте өткен байқауда швед бренді алғаш рет жеңімпаз атанды. «Жылдың үздік автокөлігі» аталымына Volvo XC60-пен қатар Mazda CX-5 пен Range Rover Velar қатысты.
ХХІ ғасырда жасыл экономика, жасыл технология терминдері жиі қолданылады. Осылармен бірге «Жылдың жасыл автокөлігі» аталымында Nissan Leaf жапон электрокары жеңімпаз атанды. BMW M5, Honda Cirvic Type R және Lexus LC 500 арасындағы «Жыл спорткары» үшін бәсекеде BMW топ жарды. «Жылдың үздік премиум автокөлігі» болып Audi A8 танылды. «Жыл дизайны» салтанаты мен сәні келіскен Range Rover Velar-ға бұйырды.
Сарапшылар әлемдегі қауіпсіз, сенімді көліктердің рейтингін түзді. Consumer Reports журналының мәліметінше, Chevrolet Aveo, Hyundai ix20, Mazda 2 және Honda Jazz – ең сенімді автокөліктер санатында. Шағын кроссоверлер класындағы топ-сенімділікке Dacia Duster, Mitsubishi ASX және Opel Mokka кірді. Америка басылымы жыл сайын миллиондаған автокөлік иесінің пікірі негізінде рейтинг құрастырады.
С-класты автокөліктер арасында Mazda 3, Mitsubishi Lancer, Toyota Corolla пен Toyota Prius сенім сертификатына ие болды. D-класты автокөліктер тізімінде Honda Accord, Opel Insignia, Toyota Avensis және Volkswagen Passat қауіпсіз деп танылды. Премиум модельдер арасында Audi A4, Allroad A5, Lexus IS, Mercedes C және Volvo S60 ыңғайлы көліктер санатына кірді. Сондай-ақ Consumer Reports журналы «қажетсіз» автокөліктер рейтингін жасады. Бұл негізге сатылым көрсеткіші төмен, тұтынушы көңілінен шықпаған автокөліктер кірді. BMW 3-Series пен Mercedes Benz C-Class аталған санат бойынша көш басында тұр.
АҚШ, Қытай, Жапония, Еуроодақ, Ресей, Австралия мен Корея – әлемдегі ең ірі автокөлік державасы. Аталған елдерде көлік дизайны мен бағасы арқылы ерекшеленеді. Мысалы, біз білетін жапондық Corolla мен американдық Focus Ресей тұлпарына мүлдем ұқсамайды.
Ресейде 10 жергілікті машина құрастыру орталығы бар. Ішіндегі үшеуі гибрид емес, яғни машинаны түгелдей ресейлік компания құрастырады. Ресейдің артықшылы-
ғы – бюджеттік автокөлік құрастыруында. Бюджеттік Lada, бюджеттік иномарка, кроссовер, универсал және тағы басқалары бар. Сосын Ресейде автонесие беру дамыған. Бұл да – әлемдік автонарыққа енуге септігін тигізетін фактор.
Еуропа халқы шағын және прагматикалық көліктерді жақсы көреді. Өйткені оларды салық пен отын шығыны күтіп тұр. Еуропалықтар үшін таптырмайтын көлік санатында – Volkswagen Golf. Көлік салығының жоғары болуы еуропалықтарды аз көлемді қозғалтқышы бар көлікке әуес етті. Әрі олар дизельді бағалауды үйренді. Осыдан әлемдік көлік стандартындағы қарама-қайшылық туады. Мысалы, Еуропада танымал Nissan Qashqai Ресей нарығында 16-орында тұр. Германияда үздік 20-лыққа кірмейді. Бірақ Финляндияда үнемі үздік үштіктен түспейді.
АҚШ тұрғындары пикап көлігін ұнатады. Олар отбасылық саяхатқа шығуға, әлемді аралауға бейім. Ford F-Series – АҚШ автонарығындағы көшбасшы. Сонымен қатар Chevrolet Silverado мен Ram 1500-ді сатып алушылар көп.
АҚШ-та дәстүрлі модель түрінен танымалы – Toyota Camry. Бұл көлікті штаттардағы отбасылық автокөлік квинтэссенциясы санатына қосуға болады. Сондай-ақ штаттардағы танымал брендтер қатарына Ford, Chevrolet, Toyota, Honda және Nissan кіреді. АҚШ-та машина Жапония, Германия мен Ресейге қарағанда 20-30 пайызға арзан.
Қытайдағы ең танымал минивэн – Wuling Hong Cuang. Жылына 448 мың данасы сатылған. Әлемнің дамыған елдерінде минивэн сату көрсеткіші мұндай нәтиже көрсетпеді. Көптеген компания Қытаймен бірігіп машина құрастырады. Бұл елдегі машина жасау өнеркәсібінің дамуына әкелді. Қазір Hong Cuang пен General Motors дуэтін Қытай автонарығының көшбасшысы деп атауға болады. Қытайлықтар GM мен Volkswagen өнімдеріне құмар. Volkswagen-дерді екі кәсіпорын құрастырады. Lavida, Santana, Passat-ты Shanghai-VW компаниясы, FAW-Volkswagen кәсіпорны Sagitar, Jetta, Bora үлгісін жасап шығарады.
Германия қазіргі заманғы көпфункциялы автокөліктер құрастырады. Әлемдік автонарықтағы орны белгілі. Немістер ыңғайлы әрі техникалық сипаттамаға сай қуатты машинаны қалай жасау керегін жақсы біледі. Мамандар Германияны Еуропадағы алғашқы автокөлік өндіруші ел санатына қосады.
Mercedes-Benz. Авто индустриядағы сату көлемі бойынша алдыңғы орында тұр. Дизайны, техникалық сипаттамаға сай құрылысы өзге көліктерден ерекшелеп тұрады.
Opel. Танымал көліктердің әлемдік рейтингінде бесжұлдызды көрсеткішке ие. Автокөлік маркасы жылдамдық жағынан, практикалық тұрғыдан мамандар тарапынан жоғары баға алды. 1862 жылдан бері шығарылатыны да брендтің беделіне әсер етеді.
Audi. Бұл бренд 1909 жылы нарыққа кірді. Автоәуесқойлардың сенімінен шығып, бірегей стилі мен дизайны көпшілікке ұнады. Әлемдік рейтингте бесжұлдызды көрсеткіші бар.
Mazda. Бұл – тиімділік пен қолжетімділіктің түйіскен тұсы. Бренд 1920 жылдан бері автонарықта жүр. Әлемдік автопром кестесінде жоғары рейтингке ие.
Honda – талғампаздық пен қуатты, демократиялық баға мен сапаны біріктірген көлік. 1948 жылдан бері әлемдік автокөлік рейтингінде бесжұлдызды алып келеді.
Корея бюджеттік болғанымен сапалы машина шығарумен ерекшеленеді. Kореялық KIA – Қазақстан нарығында танымал. Бренд 1957 жылдан бері сатылымда. Әлемдік автонарықта бесжұлдыздың төртеуін алады. Hyundai өндірушілері қауіпсіздікке баса назар аударады. Олар отбасылық өмір мен демалыс үшін тиімді автокөлік жасауды мақсат етіпті. Нәтижесінде, қазір Hyundai брендіне қызығушылардың қатары көп. Әлемдік рейтингте бес жұлдыздың төрте-
уі – Hyundai еншісінде.
АҚШ-та 250 млн көлік бар. Мұндай көрсеткіш халық саны көп Қытайда жоқ. Егер автокөлікті елдегі жан басына шақсақ, рейтинг басқаша құрылады. Әлемдік банк мәліметі бойынша, Германия мен Ұлыбританияда 1000 адамға шаққанда тиісінше 531 және 454 көлік. АҚШ-та 1000 адамға 403 көліктен келеді. Жапонияда 1000 адамға – 455 көлік. Африка елдері арасында 1000 адамға 236 көліктен тиеді. Таулы Непалда 1000 адамға – 4 көліктен, Пәкістанда 1000-да 16 автокөліктен келеді.
Қазақстандықтар жаңа автокөлік сатып аларда бағасына, қолдан сатып алса, брендке назар аударады екен. Нәтижесінде, автосалондар көбіне төмен бағалы сегмент ретінде Lada мен Ravon сатып алады. Ал екінші нарықтағы сұраныс Toyota Camry-ге түседі.
Қазақстан автобизнес қауымдастығы мәліметінше, Қазақстан нарығындағы көшбасшы – Toyota Camry. 2018 жылғы деректерде марканың шығарылған жылына, жүрісіне, жай-күйіне қарамастан, сатып алушылар қатары көп болған. Одан кейінгі сұраныста Volkswagen Passat пен Golf 2 автокөлігі. Аймақ бойынша Opel Vectra, Audi 100, Mazda 626-ны сатып алатындар көп.
Түс гаммасы бойынша сатып алушылардың көбі ақ, күміс және қара түсті көліктерді сатып алған. Қауымдастық мәліметі бойынша, сатып алушылардың 23,7 пайызы-ақ түсті, 142 пайызы – күміс түсті және 12,6 пайызы қара түсті көлікті таңдайды екен. «Қазатомөнеркәсіп» дерегі бойынша, 2018 жылғы автокөліктердің орташа бағасы –
7 652 231 теңге. Бұл 2017 жылғы көрсеткіштен 1,6 пайызға төмен. Сатып алушылардың дені 5 млн теңгеден аспайтын модельді таңдайды. Ең қолжетімді автокөліктер қатарына Lada Granta кіреді. Модель құны 2,53 млн теңгеден басталады. Сондай-ақ үштікте Ravon-R2 (2,6 млн теңге), Nexia R4 (2,7 млн теңге), Lada 4х4 (3 млн теңге) бар.