Автонарық: ахуалы қандай?
Автонарық: ахуалы қандай?
367
оқылды

Ғалымдардың болжауынша, 2025 жылға қарай жер бетінің жартысы 10 миллионнан астам халқы бар мега қалаларда тұратын болады. Бейжің тұрғыны күн сайын орташа есеппен 5 сағатын жолға жұмсайды. Парижде жүргізушілердің 20 пайызы автокөлігін тұраққа қоя алмай әуреге түседі. Ауадағы көмірқышқыл газының 22 пайызын машина бөлетін болады.

Көпшілігіміз болашақ жайын­да түсірілген фильмдерде адамның компьютер емес, виртуалды экран пайдаланатынын байқаймыз. Бүгін­­де ғалымдар виртуалды экран жүйе­сін машинаға енгізуді ойлап жүр. Машинаны сенсорлы басқару, алдыңғы машина қозғалысынан хабар беретін голограмманы іске қосу – келешектің еншісінде. Сондай-ақ жүргізуші мен жолаушы денсаулығын бақылайтын құрылғы пайда болатыны жазылған. Сен­сор­­лы датчиктер руль мен қауіпсіз­дік белбеуіне орнатылады. Жүр­гі­зу­ші шаршап, жолаушы денсау­лы­ғы нашарласа машина арнайы сиг­нал береді. Жақын жердегі ау­ру­­­хана мен аялдамаға тоқтау тура­лы дабыл қағы­лады. Бұл жүйе жар­қын бола­шақ­тың жақын еке­нін көрсетеді.

Ал қазір машина мүмкіндігін көрсететін жүйе – жылдамдық. Сонымен бірге, қозғалтқыш көле­мі де есепке алынады. Әлемдегі ең жылдам суперкардың максимал жыл­дамдығы – 450 км/сағ. Мыса­лы, Ferrari Enzo-да 660 аттың күші бар. Минутына 7 800 айналым жа­сай алады. Брендтің конвейе­рі­нен тек 399 дана шығарылады. Ferrari-ге автонарық пен автожа­рыс­та басымдық берілетіні осы­дан. Lamborghini Aventador LP70-тің қуаты 700 аттың күшіне тең. Қоз­ғалтқышы – V 12-ге тең, көлемі – 6,5L. АҚШ-та құрастыры­латын Saleen S7 қозғалтқыш қуаты – 750 атқа, Koenigsegg CCXR қуаты 1 018 атқа пара-пар. Сатылым бағасы 500 мыңнан 1,5 млн долларға дейін жетеді. Ал SSC Ultimate Aero TT автокөлігі бар жоғы 25 данамен шығады. Қозғалтқыш қуаты 1 183 ат күшіне лайықталған. Қызығы, SSC Ultimate бензинмен жүрмейді. 2018 жылғы рейтинг бойынша Bugatti Yeyron Super Sport пен Hennessey Venom GT 1-2 орынды бө­ліс­ті. Bugatti қозғалтқышында 1 200, Hennessey-де 1 451 аттың күші бар. Hennessey – әлемдегі ең жыл­дам автокөлік. Машина спидометрі 2,4 секундта 100-ді көрсетеді. Жоға­рыдағы цифр­лар­ды ескерсек, көлікті «темір тұлпар­ға» бекерге баламайтынын білуге болады.

Мұнымен көліктер арасындағы бәсеке бітпейді. Жыл сайын рей­тинг жаңарып отырады. Эконом, пре­миум, бизнес класс санатын­да­ғы көліктер, ең сенім­ді маши­на­лар, сатылым бойын­ша көшбас­шы­лар анықта­лады. Қорытындысы арнайы кеште айтылып, болашақ машиналардың макеті таныс­ты­рылады.

2018 жылы өткізілген «Бүкіл­әлем­дік жыл автокөлігі» байқауын­да Volvo XC60 кроссовері жеңіске жетті. Нью-Йоркте өткен байқауда швед бренді алғаш рет жеңімпаз атанды. «Жылдың үздік автокөлігі» аталымына Volvo XC60-пен қатар Mazda CX-5 пен Range Rover Velar қатысты.

ХХІ ғасырда жасыл экономика, жасыл технология терминдері жиі қолданылады. Осылармен бірге «Жылдың жасыл автокөлігі» ата­лы­мында Nissan Leaf жапон элек­тро­кары жеңімпаз атанды. BMW M5, Honda Cirvic Type R және Lexus LC 500 арасындағы «Жыл спорткары» үшін бәсекеде BMW топ жарды. «Жылдың үздік пре­миум автокөлігі» болып Audi A8 танылды. «Жыл дизайны» салтана­ты мен сәні келіскен Range Rover Velar-ға бұйырды.


Сарапшылар әлемдегі қауіпсіз, сенім­ді көліктердің рейтингін түз­ді. Consumer Reports журна­лы­ның мәліметінше, Chevrolet Aveo, Hyundai ix20, Mazda 2 және Honda Jazz – ең сенімді автокөліктер сана­тында. Шағын кроссоверлер класындағы топ-сенімділікке Dacia Duster, Mitsubishi ASX және Opel Mokka кірді. Америка басы­лы­мы жыл сайын миллион­даған автокөлік иесінің пікірі негізінде рейтинг құрастырады.

С-класты автокөліктер арасын­да Mazda 3, Mitsubishi Lancer, Toyota Corolla пен Toyota Prius сенім сертификатына ие болды. D-класты автокөліктер тізімінде Honda Accord, Opel Insignia, Toyota Avensis және Volkswagen Passat қауіпсіз деп танылды. Премиум модельдер арасында Audi A4, Allroad A5, Lexus IS, Mercedes C және Volvo S60 ыңғайлы көліктер санатына кірді. Сондай-ақ Consumer Reports журналы «қажетсіз» автокөліктер рейтингін жасады. Бұл негізге саты­­лым көрсеткіші төмен, тұты­ну­шы көңілінен шықпаған авто­кө­ліктер кірді. BMW 3-Series пен Mercedes Benz C-Class аталған санат бойын­ша көш басында тұр.

АҚШ, Қытай, Жапония, Еуроодақ, Ресей, Австралия мен Корея – әлемдегі ең ірі автокөлік дер­жа­васы. Атал­ған елдерде көлік дизай­ны мен бағасы арқы­лы ерекшеленеді. Мыса­лы, біз білетін жапон­дық Corol­la мен амери­кан­дық Focus Ресей тұлпарына мүлдем ұқсамай­ды.

Ресейде 10 жергілікті машина құрастыру орталығы бар. Ішіндегі үшеуі гибрид емес, яғни машинаны түгелдей ресейлік компания құрас­ты­рады. Ресейдің артықшы­лы-
ғы – бюджеттік автокөлік құрасты­руын­­да. Бюджеттік Lada, бюд­жет­тік иномарка, кроссовер, универ­сал және тағы бас­қалары бар. Сосын Ресей­де автонесие беру дамы­­ған. Бұл да – әлемдік авто­на­рық­қа енуге септі­гін тигізетін фактор.

Еуропа халқы шағын және прагматикалық көліктерді жақсы көреді. Өйткені оларды салық пен отын шығыны күтіп тұр. Еуропалықтар үшін таптырмайтын көлік санатында – Volkswagen Golf. Көлік салығының жоғары болуы еуропалықтарды аз көлемді қоз­ғалт­­қышы бар көлікке әуес етті. Әрі олар дизельді бағалауды үйрен­ді. Осыдан әлемдік көлік стан­дар­тын­дағы қарама-қайшы­лық туады. Мысалы, Еуропада танымал Nissan Qashqai Ресей нарығында 16-орын­да тұр. Германияда үздік 20-лыққа кірмейді. Бірақ Финляндияда үнемі үздік үштіктен түспейді.

АҚШ тұрғындары пикап көлі­гін ұнатады. Олар отбасылық сая­хат­қа шығуға, әлемді аралауға бейім. Ford F-Series – АҚШ авто­на­рығындағы көшбасшы. Соны­мен қатар Chevrolet Silverado мен Ram 1500-ді сатып алушылар көп.

АҚШ-та дәстүрлі модель түрі­нен таны­малы – Toyota Camry. Бұл көлікті штаттардағы отбасылық авто­көлік квинтэссенциясы сана­тына қосуға болады. Сондай-ақ штаттардағы танымал брендтер қатарына Ford, Chevrolet, Toyota, Honda және Nissan кіреді. АҚШ-та машина Жапония, Германия мен Ресейге қарағанда 20-30 пайызға арзан.

Қытайдағы ең таны­мал мини­вэн – Wuling Hong Cuang. Жылына 448 мың данасы сатыл­ған. Әлемнің дамыған елдерінде минивэн сату көр­сеткіші мұндай нәтиже көрсет­педі. Көптеген компания Қытай­мен бірігіп машина құрастырады. Бұл елдегі машина жасау өнер­кәсі­бі­нің дамуына әкелді. Қазір Hong Cuang пен General Motors дуэтін Қытай автонарығының көшбас­шы­­сы деп атауға болады. Қытай­лық­тар GM мен Volkswagen өнім­де­ріне құмар. Volkswagen-дерді екі кәсіпорын құрасты­рады. Lavida, Santana, Passat-ты Shanghai-VW ком­паниясы, FAW-Volkswagen кәсіп­орны Sagitar, Jetta, Bora үлгі­сін жасап шығарады.


Германия қазіргі заманғы көп­фун­к­циялы автокөліктер құрас­ты­ра­­ды. Әлемдік авто­нарықтағы орны белгілі. Немістер ыңғайлы әрі техникалық сипатта­маға сай қуат­ты машинаны қалай жасау керегін жақсы біледі. Маман­дар Германия­ны Еуропадағы алғаш­­қы автокөлік өндіруші ел санатына қосады.

Mercedes-Benz. Авто индус­трия­­­дағы сату көлемі бойынша ал­дың­ғы орында тұр. Дизайны, тех­­­никалық сипаттамаға сай құры­лы­сы өзге көліктерден ерекшелеп тұрады.

Opel. Танымал көліктердің әлемдік рейтингінде бесжұлдызды көрсеткішке ие. Автокөлік мар­касы жылдамдық жағынан, прак­тикалық тұрғыдан мамандар тара­пы­нан жоғары баға алды. 1862 жыл­дан бері шығарылатыны да брендтің беделіне әсер етеді.

Audi. Бұл бренд 1909 жылы нарық­қа кірді. Автоәуесқойлардың сенімінен шығып, бірегей стилі мен дизайны көпшілікке ұнады. Әлем­дік рейтингте бесжұлдызды көрсет­кіші бар.

Mazda. Бұл – тиімділік пен қолжетімділіктің түйіскен тұсы. Бренд 1920 жылдан бері авто­на­рық­та жүр. Әлемдік автопром кесте­сінде жоғары рейтингке ие.

Honda – талғампаздық пен қуат­­ты, демократиялық баға мен сапаны біріктірген көлік. 1948 жыл­дан бері әлемдік автокөлік рейтин­гін­де бесжұлдызды алып келеді.

Корея бюджеттік болғанымен сапалы машина шығарумен ерек­ше­ленеді. Kореялық KIA – Қазақ­стан нарығында танымал. Бренд 1957 жылдан бері сатылым­да. Әлем­дік автонарықта бесжұлдыз­дың төртеуін алады. Hyundai өнді­ру­шілері қауіпсіздікке баса назар аударады. Олар отбасылық өмір мен демалыс үшін тиімді автокөлік жасауды мақсат етіпті. Нәти­же­сін­де, қазір Hyundai брендіне қызы­ғу­шылардың қатары көп. Әлемдік рейтингте бес жұлдыздың төрте-
уі – Hyundai еншісінде.

АҚШ-та 250 млн көлік бар. Мұндай көрсеткіш халық саны көп Қытайда жоқ. Егер автокөлікті елдегі жан басына шақсақ, рейтинг басқаша құрылады. Әлемдік банк мәліметі бойынша, Германия мен Ұлыбританияда 1000 адамға шақ­қан­да тиісінше 531 және 454 көлік. АҚШ-та 1000 адамға 403 кө­ліктен келеді. Жапонияда 1000 адамға – 455 көлік. Африка елдері арасында 1000 адамға 236 көліктен тиеді. Тау­лы Непалда 1000 адамға – 4 кө­ліктен, Пәкістанда 1000-да 16 автокөліктен келеді.

Қазақстандықтар жаңа авто­кө­лік сатып аларда бағасына, қол­­дан сатып алса, брендке назар аударады екен. Нәтижесінде, авто­­салондар көбіне төмен бағалы сегмент ре­тін­де Lada мен Ravon сатып ала­ды. Ал екінші нарықтағы сұраныс Toyota Camry-ге түседі.

Қазақстан автобизнес қауым­дас­тығы мәліметінше, Қазақстан нарығындағы көшбасшы – Toyota Camry. 2018 жылғы деректерде марканың шығарылған жылына, жүрісіне, жай-күйіне қарамастан, сатып алушылар қатары көп болған. Одан кейінгі сұраныста Volkswagen Passat пен Golf 2 автокөлігі. Аймақ бойынша Opel Vectra, Audi 100, Mazda 626-ны сатып алатындар көп.

Түс гаммасы бойынша сатып алушылардың көбі ақ, күміс және қара түсті көліктерді сатып алған. Қауымдастық мәліметі бойынша, сатып алушылардың 23,7 пайызы-ақ түсті, 142 пайызы – күміс түсті және 12,6 пайызы қара түсті көлікті таңдайды екен. «Қазато­м­өнер­кә­сіп» дерегі бойынша, 2018 жылғы автокөліктердің орташа бағасы – 
7 652 231 теңге. Бұл 2017 жылғы көр­сет­­кіштен 1,6 пайызға төмен. Са­тып алушылардың дені 5 млн тең­геден аспайтын модельді таң­дай­ды. Ең қолжетімді автокөліктер қатары­на Lada Granta кіреді. Модель құны 2,53 млн теңгеден басталады. Сондай-ақ үштікте Ravon-R2 (2,6 млн теңге), Nexia R4 (2,7 млн теңге), Lada 4х4 (3 млн теңге) бар.


Айзат АЙДАРҚЫЗЫ