Көбейіп кетсе, кене де кесір...
Көбейіп кетсе, кене де кесір...
749
оқылды
Тура былтырғыдай Батыс Қазақстан облысы Жаңақала ауданының жайылымдық ау­ма­ғында биыл да кене көбейіп тұр. Ірілі-ұсақты мал­дың атал­­ған қансорғыш жән­дік шақ­қ­ан жері жараға айналып, ол аздай, әлгі жара атаулы құрт­тап, күнделікті күнкөрісін төрт түлік малдан айырып отыр­ған ел-жұрттың зығыр­да­нын қайнатып, зықысын шығаруда. Тіпті, кененің кесі­рі­нен мал шығыны да бар­шы­лық. Кене адам мен жануарға қоса, өсімдік паразиті болып са­налады. Адамға бөртпе, сүзек, кене энцефалиті, туляремия, малға пираплазмоз сияқты та­би­ғи ошағы бар аурулардың қоздырғышын таратады. Адам мен малды қотырға, дерма­тит пен жапон қызбасына шал­дықтырады. Кене атаулы не­гі­­зінен топырақта, әртүрлі аң-құстардың ұя-індерінде, өсім­дік­терде, тұщы суларда тіршілік етеді. – Былтыр да, биыл да жайы­лым­дық жерлерде кене көбейіп тұрғаны рас. Кене аса қауіпті зиянкестер тізіміне енбеген. Сол себепті онымен күрес ша­ра­­ларына арнайы қаржы бөлін­бейді. Тек елді мекендердің айна­­ласын улауға жергілікті бюд­жеттен мәслихат шешімімен ғана ақша қарастырылады. Ал шаруа қожалықтары жерді жалға алу шартына сәйкес, жерлерін өздері өңдеуі шарт. Сондай-ақ малдарын кенеден тазарту да шаруашылықтардың өз міндетіне жатады. Рас, малдың кене шаққан жері құрттап, шаруа адамын әбі­гер­ге салып жатқаны болмаса, кенеден жаппай мал өліп жатқан жоқ – дейді Жаңақала аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Света Бекқалиева. Ен­ді­гі кезекте Жаңақала ауданы обаға қарсы күрес бөлімшесі басшылығының пікіріне құлақ түрелік. – Біздің бөлімшенің ма­ман­­­дары көктемде кененің та­ра­луын, түрін, санын анық­тап, бактериологиялық, биоло­гия­лық тәсілдер арқылы зерттеу жұмыстарын жүргізеді. Егер кененің кесірінен ауру-сыр­қау қылаң берсе, дереу ау­дан­­дық Тауарлар мен көр­се­ті­летін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқар­ма­сын, аудан-ауылдардың әкімдерін жаз­баша түрде хабардар етеміз. Былтырдан бері аудан аумағында кене көбейіп тұр. Өткен жылы да, биыл да алты елді мекенде кене көбеюін анықтап, аудандық Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасына ақпар бердік. Осы мекеме қажетті шаралар алды, – дейді үшбу мекеменің басшысы Мейрам Берденов. Иә, обаға қарсы күрес бөлім­ше­сінің мәліметіне қарағанда, былтыр да, биыл да Жаңақала ауданына қарасты алты елді мекеннің айналасы кенеге қарсы улан­ған көрінеді. – Пятимар, Плантация, Мор­тық, Ақбалшық, Жолқұдық, Жаңақала ауылдарының айна­ла­сын әуелі кенеге, сосын тышқанға қарсы уладық. Нәтижесі тексе­рілді. Біз тек елді мекендегі шеткі үйден 100 метрге дейінгі жерді улаймыз. Былтыр да, биыл да 977 гектар жер уланды, – дейді аудандық Тауарлар мен көр­се­тілетін қызметтердің сапа­сы мен қауіпсіздігін бақылау бас­қармасының басшысы Рашид Ибрагимов. Жаңақалалықтарды көбірек алаңдатып отырғаны – кененің төрт түлікке зияны. Жаңақала аудандық ветеринариялық стан­са басшысы Марат Досмағам­бе­товтің айтуынша, кене шаруа­лар­ды әбігерге көбірек салып тұрса керек. – Өткен жылдан бері кене тым көбейіп, шаруаларды әбі­гер­ге салуда. Былтыр кененің зерт­темесін облыстық мекемеге жібердік. Бүгінге дейін ешбір нұс­қау болған жоқ. Жалпы, ке­не­ге қарсы күрес шараларын жүр­гізуге қаржы қаралмайды. Малды кенеден арылту шаралары мал иелерінің қаржысымен атқа­ры­лады. Күні бүгінге дейін бізге әлгіндей сұраныс түскен жоқ. Қазір кенеге қарсы жақпа да, екпе де, дәрі-дәрмек те бар­шы­лық. Сұраныс болса, біз кө­мектесуге әзірміз. Алайда ша­руалар бұл жұмысты өздері жүргізуде. Ал кенеден құрттап бірен-саран мал өлгенін естідік. Бірақ бізге ақпар түспеген соң, мал шығынының нақты мөлше­рін айта алмаймыз, – дейді станса басшысы. Міне, бүгінгі кенеге қатыс­ты аудандағы ахуал һәм ол жа­йын­дағы мамандардың пікірі осын­дай. Көкейдегі: «Неге кене соңғы екі жылда тым көбейіп кетті? Бұрын да кене болды. Бірақ көк шыға малға жабысқан кене түсіп қалатын-ды. Қазір неге ке­не­нің шаққан орны жараға айна­лып, құрттап, қарамаса мал өле­ді?» деген сұрақ та қалды. Осы сауалымызға жауап іздей оты­рып, көңілге кірген бір күдікті анықтау үшін аудандық аумақтық инспекцияға телефон шалып, соңғы екі жылда шегірткеге қарсы ауданда қанша жер өңделгенін сұра­дық. «Соңғы екі жылда ше­гірт­кеге қарсы жер өңделген жоқ. Себебі аудан аумағында ше­гірт­ке байқалмады», – деді әлгі меке­ме­дегілер. Демек, шегірткеге қар­сы жердің уланбауы кененің кө­беюі­не жол ашып отырған жоқ па екен? Сұрақ көп, бірақ әзірге нақты жауап жоқ. Бір анығы, кене биыл да қаптады, ал шаруалар оған шара таппады. Жас төл енесіне еріп, арқа кеңір шақта малшы біткен құрттаған малмен әлек… Осы мақаланы дайындап отыр­­ғанымызда Жаңақала аудан­дық ветеринариялық станса бас­шысы Марат Болатұлы теле­фон соғып: «Қазір облыстан кене зерттемелерін қайта жіберуі­міз­ді сұра­ды. Кене түрін, зия­нын зерт­теп, онымен күрес шара­ла­рын жүргізуге келер жылы қаржы бөлу жайы қаралатын сияқты», – деді ол...  

Бауыржан ҒҰБАЙДУЛЛИН, Батыс Қазақстан облысы