Есікте ерекше зертхана ашылды
Есікте ерекше зертхана ашылды
222
оқылды
Еңбекшіқазақ ауданаралық көпсалалы аурухана база­сында облыс әкімдігі мен Денсаулық сақтау бас­қар­ма­сы­ның бас­тамасымен полимеразды тізбек­тік реакция (ПТР) зерт­ха­­насы ашылды. Дәл қазіргі кезде маңызы аса жоғары болып тұрған медици­на­лық орынның іске қосылуына Birgemiz Jetisy қоғамдық қоры қаржылай қолдау көрсетіпті. Соның арқасында жұқпалы ауру белгілерін қатесіз анықтайтын зертхана өз жұмысын бастады. Облыстық Денсаулық сақ­тау басқармасының аталған зерт­ха­на­ны Еңбекшіқазақ аудандық ауру­ханасының оңтүстік айма­ғын­­дағы ең ірі медициналық ме­ке­ме еткені зертхананың осында ашылуына ықпал еткені анық. Аудандық ауруханада жұқпалы ауруларға қарсы үш стационар үздіксіз жұмыс істеуде. Мәселен, карантиндік стационарға 13 нау­рыз­дан бері 140 науқас жат­қы­зылып, олардың 100-і сауығып шыққан. Елімізде төтенше жағдай енгізілген күннен бастап жұмысқа кіріскен провизорлық стационардың қызметі де бүгінгі күннің қатаң талабына сай. Ин­фек­­циялық стационарда да дәрі­гер­лер қауіпті дертпен тын­бай күресуде. Аурухананың бас дәрігері Жәмила Әбеуованың айтуынша, ауданда соңғы бір аптаның ішін­де коронавирус жұқтыру оқи­ғасы тіркелмеген. Жағдай тұ­­рақты. Инфекциялық бө­лім­­де 29 наурыздан бері коро­на­ви­русқа шалдыққан 84 адам ем-дом қабылдапты. Қазіргі таң­да олардың тең жартысы ауру­ларынан айығып, үйлеріне шыққан. Тек 36 науқас қана әлі ем қабылдауда. Бұл бөлімде Еңбекшіқазақ ауданының тұр­ғын­дары ғана емес, көр­ші ау­дан­дардан да вирус жұқ­тыр­­ған­дар келіп түседі. ПТР – зерт­­ханасының ашылуы дәрі­гер­лерге де, емделушілерге де зор мүмкіндік туғызары анық. Енді еңбекшіқазақтық дәрігерлер алысқа сабылмай-ақ аз уақыттың ішінде ауру белгілерін анықтай алады. Сондықтан олардың облыс әкімдігі мен Денсаулық сақтау басқармасына алғыстан басқа айтары жоқ. Жаңадан ашылған ПТР – зертханасы инфекциялық бөлім ғимаратының жеке блогында ор­наласып, оған тәжірибесі мол, арнайы дайындықтан өт­кен білікті мамандар таңдап алыныпты. Солардың бірі – вирусолог Замира Сабирова. Оның айтуынша, ПТР – зерт­ха­насының жұқпалы ауру­ларды анықтау дәлдігі 99 пайызды құ­рай­ды. Жеті сағаттың ішінде тал­дама қорытындысы дайын болады. Мұнда бір тәулікте 500-ге жуық сынаманы анықтау мүмкін екен. Зертхананың дер кезінде ашылғаны адамдар арасында коронавирус инфекциясының таралуына шектеу қояды деген үміт үлкен.  

Болат АБАҒАН, Алматы облысы