Еңбекшіқазақ ауданаралық көпсалалы аурухана базасында облыс әкімдігі мен Денсаулық сақтау басқармасының бастамасымен полимеразды тізбектік реакция (ПТР) зертханасы ашылды.
Дәл қазіргі кезде маңызы аса жоғары болып тұрған медициналық орынның іске қосылуына Birgemiz Jetisy қоғамдық қоры қаржылай қолдау көрсетіпті. Соның арқасында жұқпалы ауру белгілерін қатесіз анықтайтын зертхана өз жұмысын бастады.
Облыстық Денсаулық сақтау басқармасының аталған зертхананы Еңбекшіқазақ аудандық ауруханасының оңтүстік аймағындағы ең ірі медициналық мекеме еткені зертхананың осында ашылуына ықпал еткені анық. Аудандық ауруханада жұқпалы ауруларға қарсы үш стационар үздіксіз жұмыс істеуде. Мәселен, карантиндік стационарға 13 наурыздан бері 140 науқас жатқызылып, олардың 100-і сауығып шыққан. Елімізде төтенше жағдай енгізілген күннен бастап жұмысқа кіріскен провизорлық стационардың қызметі де бүгінгі күннің қатаң талабына сай. Инфекциялық стационарда да дәрігерлер қауіпті дертпен тынбай күресуде.
Аурухананың бас дәрігері Жәмила Әбеуованың айтуынша, ауданда соңғы бір аптаның ішінде коронавирус жұқтыру оқиғасы тіркелмеген. Жағдай тұрақты. Инфекциялық бөлімде 29 наурыздан бері коронавирусқа шалдыққан 84 адам ем-дом қабылдапты. Қазіргі таңда олардың тең жартысы ауруларынан айығып, үйлеріне шыққан. Тек 36 науқас қана әлі ем қабылдауда. Бұл бөлімде Еңбекшіқазақ ауданының тұрғындары ғана емес, көрші аудандардан да вирус жұқтырғандар келіп түседі. ПТР – зертханасының ашылуы дәрігерлерге де, емделушілерге де зор мүмкіндік туғызары анық. Енді еңбекшіқазақтық дәрігерлер алысқа сабылмай-ақ аз уақыттың ішінде ауру белгілерін анықтай алады. Сондықтан олардың облыс әкімдігі мен Денсаулық сақтау басқармасына алғыстан басқа айтары жоқ.
Жаңадан ашылған ПТР – зертханасы инфекциялық бөлім ғимаратының жеке блогында орналасып, оған тәжірибесі мол, арнайы дайындықтан өткен білікті мамандар таңдап алыныпты. Солардың бірі – вирусолог Замира Сабирова. Оның айтуынша, ПТР – зертханасының жұқпалы ауруларды анықтау дәлдігі 99 пайызды құрайды. Жеті сағаттың ішінде талдама қорытындысы дайын болады. Мұнда бір тәулікте 500-ге жуық сынаманы анықтау мүмкін екен. Зертхананың дер кезінде ашылғаны адамдар арасында коронавирус инфекциясының таралуына шектеу қояды деген үміт үлкен.
Болат АБАҒАН,
Алматы облысы