«Жасылдың» құдіреті
«Жасылдың» құдіреті
677
оқылды
Қып-қызыл әмиян, жасыл бақа және өрмекші – сіздің қалтаңыздың қалыңдауына сеп болады. «Қалтаңыз көк, тамағыңыз тоқ» болсын десеңіз, үнемі осы бұйымдарды тұтынуға тура келеді. Бір нәрсені жадыңызда мықтап тұтыңыз: бақаның темірден емес, ағаштан жасалғанын алыңыз. Ақшаны жасыл және қара бақа шақырады. Шынымен, солай ма? Әлде елес қуып жүрміз ба? Көпшілік арасында бұрыннан қалыптасқан осындай түсінік бар. Сондықтан олар «ақшам көбейіп, қалтам қалыңдаса екен» деп ырым­дап, жасыл бақаны да, өрмекшіні де төріне қояды. Содан «байып» кеткен қазақ бар ма? Соңғы кездері жасыл бақаға жасыл шұлық пен жасыл балауыздың жыры қосылды. Инс­таграм желісі «жасылға» тұнып тұр. Оған «қасиетті суды» қосыңыз. Жал­пы, мотиваторларға мотива­ция сыйлайтын мұндай дүниелер­дің құ­діреті қандай? Бағамдап кө­рейікші.  

Құрбақа ешкімнің несібесін арттырмайды

Исламтанушы Абдусамат Қа­сым­ның айтуынша, жасыл шұлық пен құрбақа ешкімнің несібесін арт­тырмайды. – Қазір адамдар сөзге иланғыш. Мәселен, «жасыл шұлық киіп, жа­сыл балауыз жақсаңыз, өміріңіз өз­геруі мүмкін» десе, өмірі өзгере­тіндей көреді. Болмаса, «құрбақа ақша шақырады» десе, оны мықтап миға сіңіріп алады. Неге? – Жасыл шұлық, балауыз шам жағу деген рәсімдер ешқандай не­гізі жоқ «симорон» рәсімдеріне жа­тады. Симорон техникасы, адам­дардың тығырықтан шығуына көмектесу мақсатында ойлап шы­ғарылған мәнсіз жол-жоралғылар жиынтығы. «Ақша шақырады» делінетін үш аяқты құрбақа, көкшіл айдаҺар, тасбақа сияқты мүсіндер де негізсіз саналады. Бұлардың да негізі көне қытай діни-философиялық на­ным-сенімдерінен бастау алады. Алайда мұның бәрі бос әуре­шілік. Жасыл шұлық та, құрбақа да ешкімнің несібесін арттырып, байытып жібермейді. Бұлар соқыр сенімнен басқа ештеме емес. Әр адам Хақ Тағаланың белгілеп қой­ған ырзық-несібесінен артығын ала алмақ емес. Ислам дініміз өмірге шынайы көзқараспен қарауға шақыра­ды. Не­­гізсіз наным-сенімдер мен ыр­ым­­­­­дардың жетегінде кетуден тыя­ды. Мұны Пайғамбарымыздың көп­теген хадисінен байқауға болады. Мұсылман адам «жасыл шұ­лыққа» арқа сүйеп отыра бермейді. Ол Алланың оған белгілеп қойған ырзық-несібесін еңбек ету арқылы іздейді. Хақ Тағала былай деп бұ­йырады: «Намаз өтелгеннен кейін, жер жүзіне таралыңдар да Алланың фазыл-берекетінен несібе іздең­дер». (Жұма сүресі, 9 аят). Сондықтан ешқандай ғылыми не шариғи негізі жоқ, әлдебіреудің мистикалық тұжырымдамасы­­ның негізінде жасалған мүсіндерді және жасыл түсті киімдерді құ­дай­дай көріп, олардың ақша ша­қы­ратынына имандай сену – адасу. Сондай-ақ «аңқау елге – арамза молда» демекші, қарапайым ха­лықтың сенгіштігін пайдаланып, пайда не зияны тимейтін мүсін­дерді сатып, қалтасын қалыңдат­қысы келетіндердің бұл әрекеттері де күнә, тіпті әділетсіздік деуге болады. – Адамдардың сенімі ше? – Адам табиғаты бір нәрсеге сенуді қажет ететіні жасырын емес. Адам қиналғанда сүйеніш болар, өмірін ретке келтірер бір керемет, құдірет-күш іздейді. Осыдан келіп, ішкі жан дүниесіндегі бос қалған қуыстың орнын түрлі со­қыр се­німдерге сену арқылы тол­тыруға тырысады. Алайда Құдай Та­ғала адам баласының сену қа­жеттілігін дұрыс жолмен іздесін, сенімі тура бағытта болсын деп, өз тарапынан дұрыс сенім-негіздер қамтылған дінді жіберді. – Онда неге жұртта адасушы­лық көп? – Елімізде мұсылманшылыққа бет бұрып, дінге мойынсұнып жатқандардың қатары күннен-күнге көбейіп жатыр. Дегенмен шайтан да бос отырған жоқ. Түрлі жолдармен адамдарды адастырып, оларды теріс жолға жетелеуде. Бұл құбылыс Құран Кәрімде былай баяндалған: «(Шайтан былай деді): “Раббым, мені қаңғыртқан­дығың үшін, сөзсіз адам баласына жер жүзіндегі (жаман) нәрселерді жақ­сы көрсетіп, олардың барлығын адастырамын. Тек, олардың ішін­дегі ықыласты пенделеріңді ғана адастыра алмаймын” деді». (Хижр сүресі, 39-40 аяттар). Оның үстіне, қазақ халқын өзі­нің төл дінінен алыстату мақ­са­тын­да да әртүрлі жалған наным-сенім­дерді саналы түрде қоғамға жайғы­сы келетіндер де болуы мүм­кін. Ді­нінен алшақ қалған қазақ салт-дәстүрін де, өзіндік дүниета­ны­мын да ұмытары сөзсіз. Өзінің берік се­німі, мәдениеті жоқ ұлт – көрін­ген мәдениеттің жете­гінде кетеді. Кім күшті, соның мәдение­тін «хақ» деп қабылдайтын күйге ауысады. – Ойдың заттануы дұрыс құбылыс па? – «Ойдың заттануы» деп отыр­ға­ныңыз – орысша «мысли мате­риаль­ны» деген теория болса керек. Қасиетті Құранда: «Бізге тек Алланың жазғаны болады» деген аят бар. (Тәубе сүресі, 51 аят). Қазақта «Жазмыштан озмыш жоқ» дейді. Яғни, тағдырымызда не жазылған болса, соны көреміз. Сондықтан да «мен негатив ой ойлаған едім, сол себепті негатив нәрсе туындады, мысли мате­риаль­ны» – деген пәлсафа Ислам­да жоқ. Әрине, кейбір хадистерде Алла жайында жақсы ойда бо­луымыз керегі жайында айтылған. Ислам мәдениетінде «Хусну занн», яғни «жақсы ойлау, ойдың көркем­дігі» деген түсінік бар. Қазақта да «Жақсы ой – жарым ырыс» деп үй­ретеді. Бірақ бұлар «мысли мате­риальны», яғни не ойласақ, солай болады дегенге дәлел емес. Тоқетерін айтқанда, адамның тағдыры «түпкі санаға» қатысты де­ген ой – қате. Психология ғы­лы­мындағы мыңдаған гипотеза­ның бірі ғана. Ғылыми да дәлел­ден­беген. Тағдыр – Алланың қолында.  

«Аңқау елге – арамза молда» көп

Белгілі теолог Мұхитдин Исаұ­лы жыр болған «жасылдың» сырын осыдан іздейді. «Психолог кім? Ол өз ісінің нағыз маманы ма? Әлде әр нәрсені бір түртіп оқып алып, одан кейін сол оқығанын кез келген жерге тықпалап, «білдім, толдым» деп жүргендердің ісі ме? «Құрбақа, тасбақа ақша шақы­рады» деген дүние осыдан бірнеше жыл бұрын көп айтылып кеткен. Кейін бұл әңгіме ба­сылғандай болған еді. Былтырдан бері «жасыл шұлық, жасыл бала­уыз» қайта сахнаға шықты. Адам өзі бірнәр­сеге қатты сенсе, бұрыс болса да, дұрыс болса да, Алла Та­ғала қабыл етеді. Құрбақаға сенген адам байып кететін болса, әлемде кедей адам қалмас еді. Мұның да уақыты өтеді. Өйткені өтпелі ке­зеңдерде мұндай «адасушылық» болып тұрады. Биыл «жасыл­дар­дың» дәурені келсе, келер жылы мүлдем басқа «қағидалар» пайда болуы мүмкін. Сондықтан еште­ңеге таңғалуға болмайды. Әрі мұ­ның дінге ешқандай қатысы жоқ. Қоғамның дерті не? Бай болу. Баю үшін адамдар кез келген нәрсеге барады. Біреу «алдап» тренинг өткізеді, екінші біреу соған сеніп, өз өмірін өзгерткісі келеді. Дәл осын­дай онлайн-тренингтерді өт­кен ғасырдың 90-жылдары өткіз­геніңізде, оған ешкім сенбес еді. Өйткені ол кездегі құндылық мүл­дем бөлек болатын», – дейді.  

P.S.

Әрине, елдің бәрі аңқау, иланғыш деуден аулақпыз. Бірақ арасында сенетіндер де көп. Жасыл желекке, көкке демалуға болады. Миды тынықтырып, шаршағанды басады. Нағыз психолог мамандар түс арқылы емдеуге болғанымен, ол арқылы пайда табу – ақылға сы­йымсыз екенін айтады. Баюдың жолы – түс емес. Абай хакім: «Ең­бек етсең ерінбей – тояды қарның тіленбей» дейді. Ырым-тыйымдар да қажет шығар, бірақ ырымның бәріне сенуге бола ма? Мәселе – осында!

   width=Гүлзина БЕКТАС