Жергілікті ардагер журналист Жәнібек Қызыр жазғандай, іргесінде тайдай тулаған Бұқтырма жаз бойы ауыл үстінен қырық бұлақ болып ағып, көшелеріне жайылып жатса да, таза ауызсуға шөлдеп, қарсысындағы Аққайнар мен төбелеріндегі Өрел ауылдары тұрғындарының өркениетіне қызыға қарап, ауыздарының суы құрып отырған шыңғыстайлықтардың да енді айлары оңынан туатын болды.
Бұдан бірнеше жыл бұрын республикамызда қабылданған «Ақбұлақ» бағдарламасының шапағаты қара сөздің зергері Оралхан Бөкейдің туған ауылы Шыңғыстайға да тиіп, жалпы сметалық құны 680 миллион теңге болатын су құрылысының жұмысы өткен күзде басталған болатын. Қыс түсіп, жер қатқанға дейін мемлекеттен бөлінген алғашқы соманы игерген мердігер «НКО» ЖШС күн жылынған соң Шыңғыстайға қайтып оралып, су құбырларын салу жұмыстарын жалғастыруға кірісті.
Учаске бастығы Жасұлан Кәкеновтің айтуынша, мердігер компанияның алдында он мың тоғыз жүз жетпіс метр жерге 110 милиметрлік, 4700 метр жерге 20 милиметрлік полиэтилен трубалармен су құбырларын жүргізу, екі су сорғыш станциясын, 480 текше метрлік бір таза су резервуарын салу міндеті тұр.
Жоба бойынша ауылдағы әрбір үйдің ауласына дейін су құбыры тартылады. Ары қарай таза ауыз суды үйге кіргізіп алу жағы тұрғындардың өз қалауында. Құрылыс жұмыстары биылғы жыл соңына дейін аяқталмақ.
Дәурен Аллабергенұлы,
Шығыс Қазақстан