Үкімет басшысы Асқар Мамин жұмыс сапарымен Ақмола облысында болып қайтты. Ол Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қойған стратегиялық мақсаттарға қол жеткізу үшін қабылданып жатқан іс-шаралармен, сондай-ақ өңірді әлеуметтік-экономикалық дамыту жөніндегі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев тапсырмаларының орындалу барысымен танысты.
Премьер «Қазақстандық агро инновациялық корпорациясы» ЖШС-ның ауыл шаруашылығы машинасын жасау кәсіпорнына барды. Зауыт қазір жылына 1 500 техника шығарады. Келешекте қуаттылығын жылына 5 000 техникаға дейін ұлғайтып, 400-ден астам жұмыс орнын ашуды көздеп отыр. Облыстың индустриялық дамуымен танысу «КАМАЗ-Инжиниринг» қазақстандық-ресейлік бірлескен машина жасау кәсіпорнында жалғасты. Асқар Маминге таяу уақытта жылына 2 500 бірлікке дейін өнім шығару жоспары жайында баяндалды.
Сонымен қатар өңірде Үкімет жетекшісі «қарапайым заттар экономикасы» салаларының кәсіпорнын тексерді. «Два Кита» ЖШС жыл басынан бері 12,7 мың корпустық жиһаз шығарған. Өнім түрін кеңейтіп, өндіріс көлемін ұлғайту жоспарында бар. Бұл мақсатта 1 миллиард теңге жеке инвестиция тартылмақ. Жалпы, облыста халық тұтынатын тауарларды шығаруға маманданатын, 87,6 миллиард теңге тұратын 71 жаңа жоба қолға алынып жатыр.
Ел экономикасындағы туризмнің үлесін ұлғайту бойынша Ақмола облысының әлеуеті жоғары. Өңірлік туристік кластерге 700-ден астам нысан кіреді. Премьер-министрге қаланың көлік және энергетика инфрақұрылымын дамыту бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы ақпарат берілді. Бұған қоса, Көкшетау қаласының төңірегіндегі Қопа көлінің жағалауын абаттандыру жобасы таныстырылды.
Сапар аясында А.Мамин жұмыс кеңесін өткізіп, онда өңірді әлеуметтік-экономикалық дамыту мәселелері, сондай-ақ 2020 жылы Қазақстан мен Ресейдің XVII аймақаралық ынтымақтастық форумын өткізуге дайындық барысы, Щучинск-Бурабай курорттық аймағын дамыту жоспары, «Ауыл – ел бесігі» арнайы жобасын іске асыру және елорда төңірегін дамыту мәселелері пысықталды.
Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев өңірдің әлеуметтік-экономикалық өркендеуі жөнінде баян етті. Оның мәліметінше, биылғы 5 ай қорытындысында барлық макроэкономикалық көрсеткіш бойынша оң қарқын байқалған. Биылғы қаңтар-мамырда облыстық өнеркәсіптік өндіріс 284,1 миллиард теңгенің өнімін жасаған. Биыл индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында 434 жаңа жұмыс орнын құратын, 9,3 миллиард теңге инвестиция құйылатын 5 жоба іске асырылмақ. 1 маусымдағы жағдай бойынша негізгі капиталға 83,2 миллиард теңге инвестиция тартылыпты. Оның өсімі – 4,4%. Ауыл шаруашылығында өндіріс 13%-ға өсіп, 63,6 миллиард теңгені құрады.
Облыста 2019 жылы әлеуметтік салаға 129,2 миллиард теңге арна тартпақ. 3 балабақша, 6 мектеп, 5 денсаулық сақтау нысаны салынып жатыр. Өткен 5 айдың қорытындысында 116 көпбалалы және аз қамтылған отбасы баспана иеленген. Атаулы әлеуметтік көмек аясында 610 миллион теңге берілді.
Кеңес барысында Қазақстан-Ресей аймақаралық форумына дайындық және оны өткізу жөніндегі іс-шаралар жоспарының жобасы қаралды. Көкшетауда дамыған инфрақұрылым және ыңғайлы көліктік логистика бар. Форумды өткізу туризм саласында жаңа сапалы өзара қарым-қатынастарды дамытуға қосымша серпін береді, сондай-ақ екі ел арасындағы сауда-экономикалық қатынастардың әр саласында өзара тиімді ынтымақтастықты тереңдетуге жол ашады деп күтіліп отыр.
Кеңесте бірқатар министрлік басшылары туризмді дамыту, курорттық аймақты инженерлік-көліктік және ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылыммен қамтамасыз ету, перспективалық ауылдарды және елорда төңірегін дамыту мәселелері жөнінде сөз сөйледі.
– Туристік саланы дамыту мемлекеттік бағдарламасының негізін Қазақстанның Топ-10 нысаны құрайды, солардың бірі – Щучинск-Бурабай курорттық аймағы. Туризм – көлік пен телекоммуникацияның дамуына, құрылысқа, сауда-саттыққа, ауыл шаруашылығына мультипликативті әсер ете отырып, еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына, инвестициялардың тартылуына және жұмыс орындарының ашылуына жағдай жасайды, – деді Асқар Мамин.
Ол Щучинск-Бурабай аймағының инфрақұрылымын жаңғырту; экологиялық жағдайды жақсарту; сапалы әрі қолжетімді сервистік қызметтерді дамыту жұмыстарын күшейтуді тапсырды. Облыста туризм саласында 7 мыңға жуық жаңа жұмыс орны құрылуы тиіс.
Тұтастай алғанда, 2025 жылға қарай ЖІӨ-дегі туризм үлесін 8%-ға дейін ұлғайту жоспарланған.
«Ауыл – ел бесігі» арнайы жобасы аясында Ақмола облысында 2019 жылы 19 жоба қарастырылған, олардың 8-і бойынша келісімшартқа қол қойылыпты. Нұр-Сұлтан қаласы төңірегін дамыту үшін биыл 10 жоба іске асырылады, соның 3-уі – сумен жабдықтау және кәріз желілерін салуға, 2-уі – автожол жобаларына қатысты.
Үкімет басшысы А.Мамин «Ауыл – ел бесігі» жобасын іске асыруды ерекше бақылауға алуды және республикалық маңызы бар қалалар төңірегіндегі мәселелерді шешу мен абаттандыруға ден қоюды жүктеді.