Мектеппен қоштасу. Кеңес кезінде қалыптасқан, кейін тәуелсіздікте жалғасқан дәстүр бойынша бұл – үлкен сән-салтанатпен өтетін рәсім. Мейрамның нышандары да өзгермеді: жылда мектеп директоры жалынды сөз арнайды, дарынды түлектер өнерден шашу шашады, ұстаздар көздеріне жас алады, мектеп бітіруші жігіт 1-сыныптағы бүлдіршін қызды көтеріп алып қоңырау соғады. Енді бұл рәсім барлық романтикалық сипатынан жұрдай болды.
Еліміздің бас қаласында соңғы қоңырау салтанаты қалай өтетіні анықталды. Қазақстан тарихында тұңғыш рет бұл рәсім онлайн режимде өтпек. Және оған тек санаулы адамдар ғана қатысады. Қалған түлектер мен өзге сынып оқушылары оны кейін бейнежазба түрінде көре алады. Кейбір мектеп бітірушілер үшін соңғы қоңырауды сынып жетекшісі үйінен соға салатын көрінеді.
Коронавирус пандемиясымен күрес шаралары аясында бүкіл білім беру жүйесінің қашықтан оқыту форматына көшуіне байланысты қорытынды мемлекеттік емтихан өткізілмеді. Білім ордалары жоғары сынып оқушыларының аттестаттарына олардың бөлім және тоқсан бойынша жиынтық бағалаулар (БЖБ, ТЖБ) нәтижесінде алған бағаларын түсіріпті. Бұл жайында Нұр-Сұлтан қалалық Білім басқармасының басшысы Шолпан Қадырова мәлім етті.
«22 мамыр күні түскі 15.00-де «Балапан» және «Еларна» телеарналарында 11-сынып оқушыларын кәсіп бойынша бағдарлауға арналған бірыңғай телесабақ ұйымдастырылды. Биылғы жылы барлық мектеп бітіру іс-шаралары «Birgemiz: түлек–2020» ұранымен өтеді. Бұл ретте 25 мамыр күні таңғы 11.00-де барлық мектептерде 1-10-сыныптар үшін соңғы қоңырау онлайн режимде өтеді. Оған мектептердің қамқоршылық кеңестерінің мүшелері, демеушілік жасайтын бизнес өкілдері, бірқатар ата-аналар, табысқа жете алған түлектер онлайн қатыса алады. Рәсім аясында Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтің құттықтауы көрсетіледі», – деді Шолпан Қадырова.
Кейбір мектептер оны күтпей, соңғы қоңырау рәсімін формалды түрде өткізе салған көрінеді: ата-аналардың айтуынша, сынып жетекшілері жұма күні соңғы сабақтан кейін хабарласып, әдетте шетелге саяхаттан әкелінетін қоңырауды үйінен сылдырлатып, шәкірттерімен күзге дейін қоштасқан көрінеді.
Елордалық білім басқармасының дерегінше, 3 маусымда 11-сынып түлектеріне аттестат және үздіктеріне «Алтын белгі» табыстау рәсімі мектептің өзінде өтеді. Білім ордалары санитарлық және эпидемияға қарсы шараларды қатаң сақтауы міндет. Рәсім сыртта өтуі мүмкін. Бұл үшін мектеп ауласына парта қойылады, түлектер сонда жайғасқан мектеп өкіліне кезек-кезек таяп келіп, 11 жыл күткен құжатын қолына алады. Мұны, әрине салтанат деп айту қиын. Дегенмен министрлік бітірушілерге соңғы рет болса да мектеп формасын киіп келуді өтінді. Себебі соңынан бірлескен фотоға түсе алады. Осыдан кейін кейбір білім ордаларының өкілдері елордадағы «Түлектер аллеясына» көшет отырғызуға шақырылады.
Білім және ғылым министрлігі биылғы жылы бүкіл Қазақстан бойынша мектеп бітіру кештерін өткізуге тыйым салды. Яғни, биыл баласы мектеппен қоштасатын ата-аналар бұрынғыдай мал шашпаққа салынбайды, бірінен-бірі өтетін сәнді көйлек үлгілерінің сайысы болмайды. Қалалардағы әр сынып лимузин жалдайтын «серуен-керуен» де шектеуге ілікті.
Еліміз бойынша аттестат тапсыру ашық аспан астында ауа райының қолайлылығына қарай 3 не 4 маусымда өтуі тиіс. Барлық өңірдегі мектептер әкімшілігіне әрбір бітіруші сынып үшін мектеп ауласында жеке-жеке салтанатты «линейка» ұйымдастыруға рұқсат етілді. Бұл рәсімге тек ата-аналар келе алады. Отбасының өзге мүшелерін, экс-оқушының дос-жаранын, аниматорларды, мереке ұйымдастырушы агенттіктерді, жеке студия қызметкерлерін, әнші-актер шақыруға тыйым салынды. Бұдан бөлек, 20 минуттық сынып сағатын өткізу жоспарланған.
Содан кейін түлектер дереу үйлеріне тарауы тиіс. Дастарқан жаюға, автокөліктерді жалға алып, қала ішінде экскурсия ұйымдастыруға, табиғат аясына шығуға жол берілмейді. Министрлік мектептердің әкімшілігіне түлектердің мектеп бітіруді тойлау үшін жиналып кеш өткізуіне, мейрамхана-дәмханаларға не басқа да ойын-сауық орталықтарына топтасып баруына тосқауыл қоюды жүктеді. Талапты орындай алмаған директорлар жазалануы мүмкін.
Білім және ғылым министрлігі талапкерлерге уақыт жоғалтпай, аттестат қолға тие салысымен ҰБТ-ға дайындыққа жедел кірісуге кеңес берді. 2020 жылы бүкіл Қазақстан бойынша барлығы 131 мың түлек ұлттық бірыңғай тестілеу тапсырады деп жоспарлануда.