Соңғы қоңырау үнін интернеттен тыңдайды
Соңғы қоңырау үнін интернеттен тыңдайды
445
оқылды
Мектеппен қоштасу. Кеңес ке­зінде қалыптасқан, кейін тәуел­сіздікте жалғасқан дәс­түр бойынша бұл – үлкен сән-сал­­танатпен өтетін рәсім. Мей­­рамның нышандары да өз­гер­меді: жылда мектеп ди­рек­торы жа­лынды сөз арнайды, дарынды тү­лектер өнерден шашу ша­ша­­ды, ұстаздар көздеріне жас ала­ды, мектеп бітіруші жі­гіт 1-сыныптағы бүлдіршін қыз­ды кө­теріп алып қоңырау со­ға­ды. Енді бұл рәсім барлық ро­ман­тикалық сипатынан жұрдай бол­ды.  Еліміздің бас қаласында соңғы қоңырау салтанаты қалай өтетіні анық­талды. Қазақстан тарихында тұң­ғыш рет бұл рәсім онлайн режимде өт­пек. Және оған тек санаулы адамдар ға­на қатысады. Қалған түлектер мен өзге сынып оқушылары оны кейін бей­­­нежазба түрінде көре алады. Кей­бір мектеп бітірушілер үшін соңғы қоңы­рауды сынып жетекшісі үйінен соға салатын көрінеді. Коронавирус пандемиясымен кү­рес шаралары аясында бүкіл білім беру жүйесінің қашықтан оқыту фор­матына көшуіне байланысты қо­рытынды мемлекеттік емтихан өт­­кізілмеді. Білім ордалары жо­ға­ры сынып оқушыларының аттес­тат­та­рына олардың бөлім және тоқсан бойын­ша жиынтық бағалаулар (БЖБ, ТЖБ) нәтижесінде алған бағаларын тү­сіріпті. Бұл жайында Нұр-Сұлтан қа­лалық Білім басқармасының бас­шы­сы Шолпан Қадырова мәлім етті. «22 мамыр күні түскі 15.00-де «Ба­лапан» және «Еларна» те­леар­на­­ларында 11-сынып оқушыларын кә­сіп бойынша бағдарлауға арналған бі­рыңғай телесабақ ұйымдастырылды. Биылғы жылы барлық мектеп бітіру іс-шаралары «Birgemiz: түлек–2020» ұра­нымен өтеді. Бұл ретте 25 ма­мыр күні таңғы 11.00-де барлық мек­­­­теп­терде 1-10-сыныптар үшін соң­ғы қоңырау онлайн режимде өтеді. Оған мектептердің қамқоршылық кеңес­терінің мүшелері, демеушілік жа­сайтын бизнес өкілдері, бірқатар ата-аналар, табысқа жете алған түлек­тер онлайн қатыса алады. Рәсім ая­сын­да Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтің құттықтауы көрсетіледі», – деді Шолпан Қады­рова. Кейбір мектептер оны күтпей, соң­ғы қоңырау рәсімін формалды түр­де өткізе салған көрінеді: ата-ана­лар­дың айтуынша, сынып жетек­ші­лері жұма күні соңғы сабақтан кейін хабарласып, әдетте шетелге сая­хаттан әкелінетін қоңырауды үйінен сыл­дыр­латып, шәкірттерімен күзге дейін қош­тасқан көрінеді. Елордалық білім басқармасының де­регінше, 3 маусымда 11-сынып тү­лек­теріне аттестат және үздіктеріне «Ал­тын белгі» табыстау рәсімі мектеп­тің өзінде өтеді. Білім ордалары са­ни­тарлық және эпидемияға қарсы ша­раларды қатаң сақтауы міндет. Рәсім сырт­та өтуі мүмкін. Бұл үшін мектеп аула­сына парта қойылады, түлектер сон­да жайғасқан мектеп өкіліне ке­зек-кезек таяп келіп, 11 жыл күткен құ­жатын қолына алады. Мұны, әрине сал­танат деп айту қиын. Дегенмен ми­нистрлік бітірушілерге соңғы рет бол­са да мектеп формасын киіп келуді өтінді. Себебі соңынан бірлескен фо­тоға түсе алады. Осыдан кейін кей­бір білім ордаларының өкілдері елор­дадағы «Түлектер аллеясына» көшет отырғызуға шақырылады. Білім және ғылым министрлігі биыл­ғы жылы бүкіл Қазақстан бойын­­ша мектеп бітіру кештерін өт­­кізуге тыйым салды. Яғни, биыл ба­ласы мектеппен қоштасатын ата-ана­лар бұрынғыдай мал шашпаққа са­лынбайды, бірінен-бірі өтетін сән­ді көйлек үлгілерінің сайысы бол­майды. Қалалардағы әр сынып ли­музин жалдайтын «серуен-керуен» де шектеуге ілікті. Еліміз бойынша аттестат тапсыру ашық аспан астында ауа райының қо­лайлылығына қарай 3 не 4 маусымда өтуі тиіс. Барлық өңірдегі мектептер әкімшілігіне әрбір бітіруші сынып үшін мектеп ауласында жеке-жеке сал­танатты «линейка» ұйымдастыруға рұқ­сат етілді. Бұл рәсімге тек ата-ана­лар келе алады. Отбасының өзге мү­шелерін, экс-оқушының дос-жа­ра­нын, аниматорларды, мереке ұйым­дастырушы агенттіктерді, жеке студия қызметкерлерін, әнші-актер ша­қыруға тыйым салынды. Бұдан бө­лек, 20 минуттық сынып сағатын өт­кізу жоспарланған. Содан кейін түлектер дереу үйле­рі­не тарауы тиіс. Дастарқан жаюға, ав­токөліктерді жалға алып, қала ішін­де экскурсия ұйымдастыруға, та­­биғат аясына шығуға жол беріл­мей­ді. Министрлік мектептердің әкім­шілігіне түлектердің мектеп бітіруді той­лау үшін жиналып кеш өткізуіне, мей­рамхана-дәмханаларға не басқа да ойын-сауық орталықтарына топ­тасып баруына тосқауыл қоюды жүк­теді. Талапты орындай алмаған ди­ректорлар жазалануы мүмкін. Білім және ғылым министрлігі та­лапкерлерге уақыт жоғалтпай, ат­те­стат қолға тие салысымен ҰБТ-ға дайын­дыққа жедел кірісуге кеңес бер­ді. 2020 жылы бүкіл Қазақстан бойын­ша барлығы 131 мың түлек ұлт­тық бірыңғай тестілеу тапсырады деп жос­парлануда.  

Айхан ШӘРІП