Әлі БЕКТАЕВ,
Парламент Сенатының депутаты,
«Ауыл» партиясының төрағасы
– Бұл екі заң жобасы да еліміздің заң шығару жүйесіндегі тарихи жаңалық деп айтуға болады. Аталған заң жобалары Парламентте қабылданбас бұрын қоғам талқысына ұсынылды. Қоғамдық ұйым мүшелері, саясаттанушылар, заңгерлер мен қоғам белсенділері қарап, өздерінің ұсыныс, пікірлерін айтты. Мұндағы негізгі ерекшелікке тоқталсам. Ең алдымен, партияларды тіркеу үшін оның мүшесінің саны екі есеге азайтылды, яғни бұрын 40 мың болуы керек болса, енді 20 мыңға түседі. Партия құрамын деушілер үшін бұл меже қиындық тудырмайды деп ойлаймын. Мәселен, еліміздің өңірлерін алайық, қазір ең аз облыстың халқы 600 мың тұрғынға жетіп қалды. Ал партия мүшелеріне қатысты талап бойынша, облыстарда 600 адам болуы керек. Демек, 20 мыңдық меже бойынша облыстардан мүше санын жинау да оңайға түскелі тұр. Екіншіден, «Сайлау туралы» заңға әйелдер мен жастарға арнап 30% квота қарастыру енгізілді және «Саяси партиялар туралы» заң жобасында ұсынылатын кандидаттардың кем дегенде 30%-ы әйелдер мен 29 жасқа толмаған жастар болуы керек деген талап бар. Бұл алдағы уақытта өткізілетін жергілікті Мәслихат және Парламент сайлауларында жастардың саяси аренаға келуіне мүмкіндік береді. Осылайша, қабылданып отырған заң жобалары демократиялық талаптарға сай жұмыс жүргізуге, қоғамның жаңаруына жол ашады. Әрине, демократия дегеніміз – ең алдымен тәртіп, заң шеңберінде жұмыс істей білу. Сондықтан болашақта саясатқа араласатын жастар, қоғам белсенділері өздерін тұлғалық жағынан өсіріп, мемлекет мүддесі жолында қызмет етуге дайындалып келгені жөн. Қандай да бір жоба болсын, бағдарлама болсын еліміз бен жеріміздің ерекшелігіне, халқымыздың болашағына жасалса деймін.
Берік ДҮЙСЕНБИНОВ,
Парламент Мәжілісінің депутаты,
«Ақ жол» партиясының мүшесі:
– Сөз жоқ, екі заң жобасы да маңызды. Одан бөлек, біздің жұмыс тобымыз парламенттік оппозиция туралы заң жобасын Сенатқа жібердік. Бұл заң жобасы арқылы біріншіден, оппозиция деген сөздің өзі саяси айналымға кіреді. Бұл ертеңгі күні Мәжіліске кіретін шағын партияның кепілдендірілген құқығын қорғайтын заң.
Екіншіден, аталған заң жобасындағы өзгеріске көңілі толмай жатқандар да бар. Бірақ олардың кейбірі заң жобасымен танысқанына, өзгерістерді оқығанына күмәнім бар. Жалпы, бүгінгі күні қоғамда ешқандай партия құрмай-ақ үлкен жұмыс бітіріп отырған азаматтар бар. Сондықтан «партия құруға мүмкіндік жоқ, партия құрсақ бүйтер едік, сөйтер едік» деп жатқандардың сөзіне де уәж келтіруге болады. Өз басым екі партия – «Азаматтық партия» мен «Ақжол» партиясының басы-қасында болған адам ретінде айтайын, партия құру деген расымен оңай іс емес. Кейбір азаматтар эмоциямен айтып жүргенін де білеміз. Партия құру деген – ЖК ашу емес. Оның жауапкершілігі болу керек. Біз секілді халқы шағын геосаяси орналасу тұрғысынан үлкен елдермен шекаралас тұрған мемлекетке саяси ойындармен байқап ойнау қажет. Бұл тұрғыда бізге саяси партияны көбейткеннен гөрі жемқорлықты тыйып алған пайдалы дер едім. Меніңше, жан-жақтан партия құрамын деп жанталасқаннан гөрі жемқорлықты ауыздықтап, қылмысты тоқтатқан жөн. Өйткені айтқанымыз бөлек те, істегеніміз бөлек болып тұр. Егер атқарушы органдар біздің заңдарымызды бұлжытпай орындап, соны негізге алып жұмыс істейтін болса бізге көппартия да, митингіге шығу да қажет болмайтын еді. Осы жағын реттеп алып, партия құруға дайындықпен келсек деймін.
Біз Абай атамыздың «болды да партия ел іші жарылды, әуремін мен тия дауың мен шарыңды» деген сөзінен сабақ ала алдық па? Бұл да ойланатын жағдай.
Бауыржан БАЗАР