Саланың құр сүлдері қалғаны ма...
Өткен жылы ақпарат құралдары ресми статистикаға сілтеме жасай отырып, мемлекетімізде әуекөлігімен ұшқан жолаушылар саны Қазақстан халқының жалпы санына жуықтап қалғанын қуана хабарлады. Сәл болғанда қос көрсеткіш теңесер ме еді. COVID-19 бәрін өзгертті. Ranking сарапшылары азаматтық авиация кәсіпорындары табысты болудан қалғаны жөнінде байлам жасады. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің дерегінше, 2020 жылғы қаңтар-сәуір айларында әуекөлігі кәсіпорындарының кірісі 71,3 миллиард теңгені құраған. Салыстыру үшін айтсақ, 2019 жылғы алғашқы 4 айда бұл көрсеткіш 104,6 миллиард теңге болды. Яғни, түсімі бірден 31,8% кеміп кеткен. Аталған деректің өзі бұл сектордың дағдарысқа ұшырағанын паш етеді. Себебі теңгенің құнсыздануы, шығыстардың өсуі, әуежай қызметі бағасының өсуі инвесторлар үшін жолаушылардың әуетасымалы секторының тартымдылығын төмендетіп отыр. Кейбір компанияның тапқан табысы шығынын жаппайтын дәрежеге жетуі ықтимал. Әуекомпаниялардың тікелей жолаушылар тасымалынан тапқан табысы биыл жыл басынан бері 69,1 миллиард теңгеге дейін немесе 32,3% азайды. Отандық осы бизнестің бұл кірісі наурыз айында азая бастады: небәрі 13,8 млрд теңге болды, бұл 2019 жылғы наурыздағыдан 45,8% кем. Ал жолаушылар үшін әуежайлар жабылып, ұшақтардың ұшуына тыйым салынған «карантин» сәуір айында олар бар-жоғы 1,3 миллиард теңге тапқан, бұл былтырғы сәуірдегіден 95,5% аз (28,2 миллиард болған). Әуекомпаниялары тек жүк тасымалдауға, сондай-ақ шетелдегі қазақстандықтарды эвакуациялауға тартылды. 2020 жылғы 1 сәуірден 1 мамырға дейін ел ішіндегі барлық тұрақты рейстар тоқтатылды. Соның кесірінен ағымдағы жылғы қаңтар-сәуір айларында елімізде 1,7 миллион адам ғана тасымалданған. 1 мамырда төтенше жағдайдан кейін алғаш рет жолаушылар ұшақтарға отырғызыла бастады. Бірінші рейс Нұр-Сұлтан мен Алматы арасында жасалғаны мәлім. Қос ірі мегаполис арасында аптасына 5 рет ұшу құқығына Air Astana, SCAT және QazaqAir, бертінде FlyArystan ие болды. Қазіргі кезде қос қаладан Қызылордаға, Өскеменге, Семей, Петропавлға және басқа қалаларға ұшу үшін әуежолы ашылуда.Жолаушылар жабықты, туристер түңілді
Сарапшылар Bek Air ұшағының апаты салаға үлкен кесір болып жабысқанын айтады. 2019 жылғы 27 сәуірде сағат 07:22-де Алматыдан елордаға бет алған Fokker 100 ұшағы биікке көтеріле алмай, қалбалақтаған күйі әуежайдың бетон қабырғасын жарып өтіп, екі қабатты үйге соғылды. Салдарынан оның бортындағы 98 адамның 13-і қаза тапты. Тағы 52 адам жарақат алды. Арнайы тергеу мен тексеру көп былықтың бетін ашты. Мысалы, Bek Air ұшақ бұзылса, оған істен шыққан басқа ұшақтың бөлшектерін, тіпті қозғалтқышын орнатып, жамап-жасқап ұшыра беретін болған. Содан Bek Air лицензиясы жойылып, ұшуына тыйым салынды. Нәтижесінде оның рейстеріне бұрын билет алып қойған жүздеген адам аңырап қалды. Олардың арасында шетелдіктер де жетерлік. Мысалы, еуропалық Кристофер және Екатерина Нетеркотт (Nethercott) 2019 жылғы шілдеде Bek Air әуекомпаниясынан 2020 жылғы 9 қаңтарға билет сатып алыпты. Олар Қазақстанға турист ретінде келіп, Шығыс Қазақстаннан Алматыға дейін араламақ болады. Билетке 38,4 мың теңге жұмсайды. Ізінше Bek Air күйзеліске ұшырағасын олар әуе компаниясына жүгініп, билет құнын қайтаруды өтінеді. Компания одан бас тартқан. Сондықтан шетелдіктерге 10 қаңтарда Air Astana-дан билет алуға тура келді: қосымша шығын шығарып Алматыға жетіп, одан әрі Стамбұлға ұшып кетіпті. Оның үстіне Air Astana ұшағымен Өскемен мен Алматы арасында сапарлау құны 38 мыңға қымбат болып шыққан. Қазақстан авиациясындағы бітпес-қоймас дағдарыстар мен былықтар елдің туристік тартымдылығына нұқсан келтіруі ықтимал. Салаға жауапты Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі егер әуекомпания билет құнын қайтарудан ат-тонын ала қашса, тұрғылықты жері бойынша сотқа беруді ұсынады. Әйтсе де, жат жұрттық туристердің елде соттасып жүруге уақыты да, мүмкіндігі де жоқ. Тағы бір клиенті Нұралы Диас Bek Air жолаушыларды жалған ақпарат беріп, ұзақ алдап-адастырғанын білдірді. «Олар біразға дейін билет сатты. Мен 8 қаңтарда Алматы–Нұр-Сұлтан–Алматы бағытында 12 және 19 қаңтарда барып-қайтуға билет сатып алдым. Бұған 27 мың теңгедей жұмсадым. Өйткені әуекомпания өкілдері 2020 жылғы 10 қаңтардан бастап қайтадан ұшуға кірісетінін хабарлады. Алайда мемлекет оның барлық рейстерін доғарды. Билет ақшасын қайтару туралы талабымды олар аяқасты етті. Артынша байланыс телефонының барлығын ағытып тастады. Қолдау қызметі лицензия уақытша тоқтатылған 27 желтоқсаннан кейін сатып алынған билеттер құны қайтарылмайтынын мәлімдеді. Неге онда билет сатқан? Неге мемлекет оның есепшотын бұғаттамаған?» – дейді ол. Ал Татьяна Ли «алаяқтыққа жолықтым ба?» деп қамығады. Ол 6 қаңтарда Chocotravel сайты арқылы елордадан Қызылордаға жету үшін Bek Air қызметіне жүгініп, 19,5 мың теңге төлеген. Дау-жанжал ушыққасын қаржысын кері қайтарып алмақ болады. Компания сайтында билет кері қабылдап алынса да, ақша сол бойы қайтарылмаған. Bek Air өз билеттерін авиакассалар арқылы да сатты. Артынша мемлекет бұл бизнесті өз клиенттеріне қаржысын еш комиссиясыз, айыппұлсыз толық көлемде қайтарып беруге міндеттеді. Дина Камалдинова –осылай сан соғып қалған кәсіпкерлердің бірі. «Біз, авиаагенттіктер тоқтатылған барлық рейстер үшін жолаушыларға ақшаларын қайтарып бердік. Талап солай. Шындап келгенде, Bek Air-ді банкроттық жағдайға жеткізген, болмаса оны лицензиясынан айырған біз емеспіз. Жолаушылар ақшасын сұрап бізге жүгінеді. Олар билетті бізден алды ғой. Заңға бағынатын ұйым ретінде жолаушыларды беттен қақпадық, сұрағанын бердік. Тек біздің компания алдындағы Bek Air АҚ-ның қарызы 3 миллион теңгеден асып отыр. Енді не істейміз? Дағдарыс болса күшеюде. Әбден торыққан жағдайдамыз», – дейді ол.Комитет қанша миллион өндірмек?
Зардап шеккендердің көптігін ескере отырып Сауда және интеграция министрлігінің Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитеті Bek Air-ді олардың барлығының атынан сотқа берді. 31 қаңтарда алдымен Нұр-Сұлтан қалалық сотына авиабилеттер құнын өтеу туралы талап-арыз түсті. Онда комитет авиакомпания тұтынушылардың құқығын жаппай бұзғанын, жолаушыларға қызмет көрсетілмесе де билет ақшасын қайтармағанын атап көрсетті. Бастапқыда комитетке жалпы сомасы 444 434 теңге сомаға билет алған 20 адам ғана өтініш беріпті. Осы хабарды естіп, шағымданушылар қатары еселеп өсті. Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтановтың айтуынша, 2020 жылғы 13 мамырда Алматы қаласының Түрксiб аудандық сотында Bek Air АҚ-ның өз клиенттеріне билет құнын қайтаруын талап ету ісі бойынша сот отырысы өтті. Онда ведомствоның аталған комитеті 670 тұтынушының мүддесін қорғауға кірісті. – Әуе компаниясының өкілі комитеттің талап-арызын мойындамайды. Оның дәйектеуінше, әуе билеттерін клиенттер қайтарылмайтын билеттер деп аталатын арнайы тариф бойынша алған. Біз бұл дәйектемені негізсіз санаймыз. Себебі авиакомпания шартына сай арнайы тарифпен сатып алынған билеттердің құны жолаушы өз кінәсі кесірінен ұшпаса, айталық, кешіксе, тіркеуге келмесе, ұшақ бортына өтпесе ғана қайтарылмайды. Ал мына жағдайда жолаушылардың ұшпауына Bek Air айыпты, – дейді министр Бақыт Сұлтанов. Осыған байланысты оның айтуынша, Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитеті азаматтардың қаражатын қайтару және бұзылған құқығын қалпына келтіру үшін шара қабылдауын жалғастыра бермек. Бұдан бөлек, комитеттің сұрауымен судья Bek Air-ден бұған дейін жолаушыларға 300 миллион теңге төленді деген мәліметін растайтын айғақ құжат көрсетуін талап етті. Комитет бүгінде 44 миллион теңгеге 1 267 билет сатып алған 670 тұтынушының мүддесін қорғауда. Олардың саны өсіп жатыр. Меморган жауапты әуекомпанияны билеттердің толық құнын өтеуге мәжбүр етпек.Айхан ШӘРІП