Қырылуға не себеп?
Қазақстанның балық және балық өнімдері нарығының жалпы көлемі шамамен 66 мың тоннаны құрайды. Оның 45 мың тоннасы балық аулау кәсібіне, 7,4 мың тоннасы балық шаруашылығына тиесілі. Елімізде кәсіпшілік балық аулаумен балық шаруашылығының 1 мыңнан астам субъектісі айналысады. Оларға 1 646 балық шаруашылығы су айдындары мен олардың учаскелері бекітілген. Аталған салада 11 мың адам жұмыс істейді. Балық аулау негізінен Каспий және Арал теңіздерінде, Балқаш және Зайсан көлдерінде, Бұқтырма, Қапшағай және Шардара су қоймаларында, Алакөл көлдер жүйесінде, Жайық және Қиғаш өзендерінде қолға алынған. Негізгі кәсіптік өңірлер – Атырау – 13,1 мың тонна (29,2%), Шығыс Қазақстан – 8,2 мың тонна (18,3%), Қызылорда – 7,4 мың тонна (16,4%), Алматы – 6,6 мың тонна (14,6%), Маңғыстау – 2,3 мың тонна (5,2%) және Түркістан облыстары – 2 мың тонна (4,5%). Иә, бізде балық аулау кәсіби түрде жүруде. Дегенмен бізге балықты бұдан да көп өсіріп, өндіріске енгізуге мүмкіндік мол. Тек қана үлкен көлдерге ғана маныз бермей ауылдық жерлердегі өзендерге де ден бергеніміз абзал. Әйтпесе, қырылған балық қырыла береді. Сонымен бірге, көлге жақын орналасқан ғимараттар мен зауыт, фабрикалар да суды ластауда. Айта кетер болсақ, 2019 жыл сәуірде Алматы облысында жарылып кеткен кәріз құбырының кесірен балықтар қырылып қалды. Балық шаруашылығымен айналысатын қожалыққа қарасты көлге жарылған құбырдан шыққан арам су құйылып кеткен. «Алматы қаласынан шығатын кәріз құбыры жүйесіндегі ақаудың кесірінен балықтар қырылып жатыр», – деп мәлімдеді қожалықтың қожайындары. Ал 2019 жылдың наурыз айында Атырауда «Спецавтобаза» және орман шаруашылығы және жануарлар әлемін қорғау бойынша облыстық инспекция, Балық шаруашылығы басқармасының мамандары Жайық өзенінен екі күн ішінде 493 келі өлі балық жинаған. Жайық өзенінде балық жаппай қырылып жатқаны туралы 2018 жылдың желтоқсан айында айтыла бастады. Сол уақытта Ауыл шаруашылығы министрлігі Жайықтан 10 тоннаға жуық өлі балық табылғанын мәлімдеген болатын. Балық қырғыны бойынша Қылмыстық кодекстің 328-ші және 204-баптарына сәйкес, жергілікті «Атырау су арнасы» коммуналдық мекемесінің үш қызметкеріне қарсы қылмыстық іс қозғалды. Тергеу қорытындысында балық қырғынына себеп болған хлордың суға бөлінуіне «Атырау су арнасы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің бұрынғы директоры Руслан Құрметов, оның орынбасары Виктор Сущенко мен су тазарту стансасының бастығы Михаил Чурсин кінәлі деп көрсетілді. Жалпы, қара балық бойынша есептелген шығын 13 миллион 924 мың теңгені құраған. Бекіре зауыты шығынын 429 миллион теңге, ал «Луговской жылқы зауыты» ЖШС 1,5 миллиард теңге деп бағалады.Браконьер де оған сеп
Балықтардың қырылуына браконьерлер де кінәлі. Мысалы, 2019 жылы Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің бастамасымен Қазақстанда кең ауқымды «Аулардан таза – су айдындары» атты экологиялық акциясы өтті. Акцияға еліміздің әр өңірінен 5 100-ден аса мемлекеттік органдардың, қоғамдық ұйымдардың, экологиялық ұйымдардың өкілдері мен еріктілер қатысты. Олар 79 су айдыны мен учаскелерден 95,3 км синтетикалық тор мен жағалаулардан 121 тонна қоқыс жинады. 431 суда жүзу құралдары 61 685 га ауданда өзен мен көлдерді тазалап, су түбіндегі ауларды жинау үшін сүңгуірлер де жұмылдырылды. Акцияның басты мақсаты – су айдындарды тасталған және заңсыз қойылған аулардан тазалап, қоғамның назарын өзен мен көлдердің ластану мәселесіне аударып, балық ресурстарын сақтау болатын. Қазақстанның биологиялық әртүрлілігін сақтауға арналған мұндай экологиялық шара биыл да өз жалғасын тапты. Мысалы Павлодар облысындағы Ертіс жайылымына су жіберіле бастағалы өзенге ау салушылар көбейіп кеткен.Сергей ҚАЙЫРКЕНОВ, Орман шаруашылығы және жануарлар әлемін қорғау аумақтық инспекциясының маманы: – Браконьерлер тастаған қоқыс өзеннің түбінде жүздеген жылдар бойы жатуы мүмкін. Былтыр акция барысында өзеннен 16 тонна қоқыс шығарылып, осындай аулардың 14 шақырымы жойылды. Браконьерлер балық аулауда түрлі құралдарды пайдаланады. Олардың ең қауіптісі – осындай аулар. Мәселен, инспекторлар бірнеше сағаттың ішінде осы құралдың 400-ге жуық метрін тапты, – дейді.ТҮЙІН:
Егер балық шаруашылығы дамыса, бүгінгідей балықтың жаппай қырылуы болмас па еді. Өзен-көлдерді тазалау жұмыстары жүргізіліп, күлді қоқыс пен артық балдырдан тазалауды тек науқандық жұмыс қылмай, оны әр адам өз міндеті деп санай білсе, өндірістік қалдығын өзенге ағызатын мекемелер де табиғатты аялауды үйренсе, артық болмас еді.
Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ