Қазақ туризмінің аяғына тұсау боп тұрған екі мәселенің бірі – дәретхана. Алғашқысы интернет желісі екені айтпаса да түсінікті. Қоғам белсенділері «Жол бойындағы 1 000 дәретхана» жобасы жайлы бірнеше рет мәселе көтерген. 2019 жылы экс Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы дәретхана мәселесі 2025 жылға дейін толығымен шешілетінін айтып, уәде берген-ді. Иә, елімізде жол бойына дәретхана салу – өзекті мәселе. «ҚазАвтоЖол» ҰҚ мен Kazakh Tourizm түйткілдің түйінін тарқатуға барынша күш салып жатыр. Kazakh Tourizm баспасөз қызметінің хабарлауынша, олар 2020 жылы ел ішіндегі жолдар мен туристік нысандарда 260 дәретхана салуды жоспарлап отыр. Бұл сан дәретхана керек жердің төрттен бір бөлігін қамтиды. Сонда елімізде жол бойына қанша дәретхана тұрғызу керек? Ұйымның мәліметі бойынша, заманауи санитарлық-техникалық талапқа сай 988 дәретхана керек. Оның 469-ы республикалық маңызы бар автомобиль жолдарына, Қазақстанның туристік нысандарына 519 дәретхана қажет. Сондықтан компания 2020 жылы жол бойына 260 дәретхана тұрғызбақ. Нысанның жалпы саны өзгеруі мүмкін. Өйткені жобаға жеке инвесторларды тарту көзделген. Қазір олар әлеуетті инвесторларды іздестіріп жатыр. Сонымен, 260 дәретхана қайда және қалай салынады? Компания жол бойындағы сервис нысандарға 125 дәретхана салады. Республикалық маңызы бар автомобиль жолдарында 66 санитарлық-гигиеналық торап орнату жоспарда бар. Одан бөлек 69 нысанға дәретхана құрылысы қажет. 2022 жылға қарай жол бойына 304 дәретхана орнату жоспарланған. Ал «ҚазАвтоЖол» ҰҚ баспасөз қызметі 2022 жылға дейін елімізде инвесторлар есебінен 282 санитарлық-гигиеналық торап орнату жоспарланғанын хабарлады. Талапқа сай алғашқы 40 дәретхананы орнату конкурсы 2019 жылға белгіленген. Алайда бәсекелестіктің болмауына байланысты конкурс өтпеген екен. Ұлттық компания биыл 40 санитарлық-гигиеналық торап орнату үшін ашық инвестициялық конкурс өткізуге дайындалып жатыр. Сонымен қатар жол бойындағы дәретханалардың жалпы саны алдағы уақытта жеке кәсіпкерлердің ұсыныстарына байланысты өзгеруі мүмкін. «ҚазАвтоЖол-ға» жоғарыда аталғандай торап салу үшін 90-нан астам өтінім түскен. Өтінім бергендердің ішінде ірі желілік жанармай құю стансалары бар. Болжам бойынша санитарлық-гигиеналық тораппен жабдықталған жол бойындағы сервис нысандарына бөлінетін жеке инвестициялардың жалпы сомасы шамамен 34 миллиард теңгеден асады. Осыншама қаржы талап ететін байқаудың шарты қандай? Байқау шартына сәйкес, қатысушы өз қалтасынан санитарлық-гигиеналық қондырғы салып, оны мемлекетке тегін тапсырады. Бес жыл ішінде осы дәретханаларға қызмет көрсеткені үшін бюджет инвесторға бюджеттен ақша бөлінеді. Ал ақылы жолдың жөні бөлек. Ақылы жолдарда қаржы ақылы жол учаскелерінен жиналған қаражат есебінен төленеді. Қалған бөлігінде жолдарды ұстауға бөлінген бюджет қаражаты есебінен алынады. Ұлттық компания мәліметінше, инвесторлар тазалау талаптарын қатаң сақтағаны жөн. Өйткені техникалық қызмет көрсетпегені үшін айыппұл салу жүйесін жасаған. Егер бес жыл ішінде шағым түспесе, ары қарай ұзақ мерзімге келісімшарт жасалуы мүмкін. Ал санитарлық-гигиеналық торап тұрғызу механизмі қандай? «ҚазАвтоЖол» ҰҚ-ның ұйғарымы бойынша, дәретхана салуда тозуға төзімді материалдарды және экологиялық талаптарға жауап беретін заманауи биосептикалық резервуарды қолдану керек. Егер электр энергиясын пайдалану мүмкін болмаса, күн панельдері мен жел генераторлары сияқты автономды қуат көздерін пайдалануы қажет. Жалпы, компания 2022 жылға қарай мердігерлер есебінен жол бойына 96 дәретхана орнатуды көздеп отыр. Соның ішінде биыл 22 дәретхана салынады. Жол бойына дәретхана салу жобасымен әлек болып жүргенімізге біраз жыл болды. Ал әлем елдері бұл тақырып бойынша көш ілгері. Мәселен, Германияда автобанда орналасқан дәретхананың көпшілігі ақылы. Немістер мұны ақы алған жерде жауапкершілік болатынымен түсіндіреді. Түскен қаржы дәретхананы жөндеуге, керек-жарақпен қамтуға жұмсалады. Әрине, дәретхана тазалығына инвестор атанған компания жауап береді. Өткен жылы Украинада BEST WC-2019 байқауы өтті. Байқауға Украинаның түкпір-түкпірінен 600 дәретхана қатысты. Сарапшылар әр қоғамдық дәретхананы тексеріп, ең үздік инклюзив дәретхана мен қоғамдық дәретханаға баға берді. Ұйымдастырушылар байқаудың қоғамды тәрбиелейтінін, ортақ мүлікке оң көзбен қарауды үйрететінін айтқан. Әрі қатысу үшін елдегі барлық дәретхана талапқа сай болуы керек. Өз кезегінде бұл инвесторлардың қаржыны аямай жұмсауына, санитарлық талапты қатаң сақтауына үгіттейді. Шетелдіктер дәретхана құрылысына аса мән беретінін білеміз. Мысалы, Жапонияда дәретхана кәрі мен жасқа, мүгедек пен балаға арналып салынады. Ақы талап ететіні, тегін пайдалануға беретіні де бар. Бастысы – тазалық. Ал Норвегия 2018 жылы әлемді «естен» тандырды. 2 млн долларға тау бөктерінде қоғамдық дәретхана салды. Теңіздің жанында орналасқан дәретхана дизайны бірегей, көз жауын алады. Хельгеландскюстен ұлттық туристік жолы бойындағы қоғамдық дәретхана туристердің көңілінен шыққан. Белгілі публицист Қайнар Олжай жазбасында «даму үшін дәретхана салу керек» деген-ді. Жазушы Сингапурдың жаппай қоғамдық дәретхана салуы елді оң өзгеріске бастағанын жазған. Тегін қағаз, сабынға толы дәретханада суды ағызбай кеткендерге 600 доллар айыппұл салады-мыс. Сондай-ақ Қайнар Олжай «әлеуметтанушы ғалымдар мемлекеттің даму дәрежесін елді мекендердегі қоғамдық дәретхананың жағдайымен бағалайды» деп көрсеткен. Өлшем осындай болса, әлеуметтанушылар Қазақстанға қандай баға беретіні қызық. Жол бойындағы дәретхананы былай қойғанда, туристер Алматы мен Нұр-Сұлтан қаласы теміржолы мен қоғамдық орындардағы дәретхана сиқына қарап не деді екен?..