Алматыда карантин жағдайында кәсіпорындар мен мекемелер біртіндеп іске қосылуда. 25 мамырдан бастап тағы да бірқатар ірі нысанды іске қосуға дайындық шаралары жүргізіліп жатыр. Әйтсе де, жұмысын бастаған кәсіпорындар санитарлық нормаларды, тазалықты сақтамаса, қаладағы бір қалыпқа түсіп келе жатқан коронавирус инфекциясын жұқтыру жағдайы қайта ушығып кетуі мүмкін деген қауіп те жоқ емес. Егер жұмысын бастаған кәсіпорындар мен мекемелер тазалық шараларына мұқият болмаса, қанша уақыттан бері жүргізіліп жатқан дезинфекциялық шаралардың зая кетуі әбден мүмкін. Қаланың бас санитары Жандарбек Бекшин бастаған мобильді топ жұмысқа кіріскен мекемелер мен кәсіпорындарды аралап, олардың қаншалықты талапқа сай екенін тексеруде. Қалалық кәсіпкерлік басқармасы, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы өкілдері мен санитар дәрігерлерден құралған мобильді топ азық-түлік дүкендері мен сән салондарына бас сұққанда қарапайым санитарлық ережелердің сақталмай жатқанына куә болды. Мәселен, азық-түлік дүкендерінде нан өнімдері арнайы қаптамаға салынбай сатылса, сән салондары келгендерді бетпердесіз қабылдап жатқанына куә болды. Қаладағы ең ірі сауда нысанының бірі болып саналатын көкбазарда да санитарлық норманың сақталмауы себепті көп ескерту айтылды. Негізі, мекемеге келушілердің дене қызуы қашықтан міндетті түрде тексерілуі керек. Алайда қаланың қақ ортасындағы базарда мұндай құрылғы атымен жоқ болып шықты. Базар қожайындары түрлі сылтау айтып ақталғанымен, тәртіптің бәріне ортақ екені ескертілді. Аталған базарда әлеуметтік арақашықтықты сақтау мәселесі де қолға алынбаған. Мұнда әлеуметтік арақашықтықты сақтау үшін арнайы белгілер толық орнатылмаған. Санаулы қатарларда болмаса, көп жерде бұл талап ескерілмеген. Осындай бірнеше ереже бұзушылықты байқаған мобильді топ алдағы уақытта бұл мекемеге айыппұл салынатынын айтты. «Базардың әкімшілігіне айыппұл салу үшін Медеу ауданының бас санитарлық дәрігеріне тапсырма берілді. Бұл – ірі бизнес орталығы. Сондықтан бұл нысанға ірі айыппұл салынады. Біздің жұмыскерлеріміз қарап шығады. Айыппұлдың көлемі ірі бизнес болса, 4 миллион теңгеге дейін жетеді», – деді қалалық мемлекеттік бас санитарлық дәрігер Жандарбек Бекшин. Бас санитардың сөзінше, Алматының барлық ауданында осындай бірнеше мобильді топ құрылған. Олар осы уақытқа дейін қала бойынша 3 000-нан астам кәсіпорынды тексеріп, 100-ге жуығына тиісті шара қолданған. Тексерушілер карантин талаптарын бұзбауға бірнеше рет шақырғанымен, сауда орнының иесі санитарлық ережелерді сақтамаған. Олар сатып алушыларды бетпердесіз қабылдап, тауарларды қолғапсыз сатып отырған. Дүкен сатушыларының бетперде, қолғап кимей жұмыс істеу себебі де әртүрлі. Бірі жыртып алдым десе, енді бірі ұмытып кетіппін деп ақталады. Дегенмен сатушылардың ішінде барлық сақтық шараларын сақтайтындар да бар. Бірақ олар дүкенге бетперде кимегендерді кіргізеді. Бұл да ереже бұзушылыққа жатады. Алдын ала мәліметтер бойынша, 20 сәуірден бастап санитарлық қауіпсіздікті сақтау аудитінен кейін жұмыспен қамтылғандар саны қалада 540 мың адамға жетті. Соның ішінде 200 мыңға жуығы облыстың тұрғындары. Ал 25 мамырдан тағы 84,2 мың адам жұмысқа шығады.
Гүлнар ЖҰМАБАЙҚЫЗЫ