Қазақ киносы қайда барады?
Қазақ киносы қайда барады?
679
оқылды

Түркияның «Қайта тірілу: Ертұғырыл» атты телехикаясы («Жаужүрек Ертұғырыл») Осман империясының құрылған дәуірін кеңінен көрсетеді. Түркістан облысына танымал режиссер, «Ертұғырыл» сериалының авторы әрі режиссері Гюнай Метин келіпті. Кейде шет елдерден пәленбай мың долларға спортшы шақырғаннан гөрі осындай мықты мамандарды тартып, ұлттық фильмдер түсіріп алған жақсы ма деп ойлайсың.

Қазір қазақ киносы жандана бас­тағандай. «Әміре», «Алмас қы­лыш», «Балуан Шолақ» фильмдері түсірілді. «Төле би» туралы сериал жа­рыққа шықты. Енді «Мұқағали» туралы кино түсірілмек. «Қа­зақстан» телеарнасы Абайдың 175 жылдығына арналған телехикаяға байқау жариялады. Бәрі көзайым жаңалықтар.

«Ертұғырыл» телехикаясы Түр­кияның мемлекеттік басты арнасы TRT эфирінен 2014 жылдың 10 жел­тоқсанынан бері көрсетіліп келеді. Бұл хикаяны қазақстандық көрермен де сүйіп көреді. Телехикая бірінші маусымын аяқтағанда 60 мемлекеттен сатып алу өтініші келіп түскен екен.

Ертұғырыл ғазы немесе Ертұ­ғырыл бей – Оғыз тайпасынан тараған Қайы руының XIII ғасыр ортасында көсемі болған, Османлы империясының негізін алғаш қа­лаушы тұлға. Қайы – оғыздардың Бозоқ қанатынан тарайды. Бұл – көне түрік мемлекеттерінің әкімші­лік құрылымының шығыс бөлігінің атауы. Осы Бозоқ қаласы біздің астанамыздың қасында, Есілдің бойында, Қараөткелден оңтүстік-шығыс бағытқа қарай бес шақырым қашықтықта орналасқан.

Бір заманда Сығанақ пен Қаратауды мекендеген оғыздың Селжүк тайпасы батысты жаулап, Селжүк мемлекетін құрғаны белгілі. Осы әулеттің ұрпағы Алпарслан 1071 және 1081 жылдардың ара­лығында Кіші Азияны жаулап алды. Осман империясы сол Алпарслан құрған мемлекеттің заңды жалғасы.

Режиссер Гюнай Метин Қа­зақстанға Елбасының арнайы шақыртуымен келіпті. Қазақта «Қасым ханның қасқа жолы» деген әйгілі танымсөз бар. Түрік бауы­рымыз Қасым хан жайлы көп­сериалы фильм түсіруді қолға алған көрінеді. Режиссер осы бағытта фильмге қажетті тарихи орындарды қарастырып жатыр екен. Ол көне Сауран қаласының тарихымен та­нысып шыққасын, «Фильмнің сце­нарийін жазу барысында Қа­зақстандағы тарихи жерлер жайлы да көп іздендім. Түркістан – қазақ­тың хандары мен батырларының сүйегі жатқан жер. Сондықтан Отырартөбе мен Сауранның деректері және тарихи іздері фильмде көрініс тапса деген ой туындады», – депті.

«Прокаттық фильм керек» деген желеумен осы уақытқа дейін не болса, соны түсіріп келдік. Қазақ киносына ұлттық сипат қажет. Өз тарихымызды кино тілінде көрсету – өте маңызды.

Алла қаласа, Қасым хан жайлы 75 сериялы фильм түсіріледі. Біздің елдік тарихымызды жас ұрпақ санасына тек осындай іргелі туын­дылар арқылы ғана жақсылап сіңіруге болады. Сондықтан қазақ киносының беталысы оң, бағыты дұрыс деп бағалауға болады.