Сыртқы саясат – мемлекеттің ішкі саясатының туындысы. Алайда ішкіге қарағанда, сыртқы саясаттағы мәселенің құны әлдеқайда жоғары. Өйткені мемлекет басшылары қол қоятын құжаттағы әр қате қымбатқа түспек. Ел ішінде кез келген бағдарламаны жаңартуға немесе жоя салуға болады. Ал халықаралық құжатты қайта жазу не күшін жою мемлекеттер арасында қайшылық тудырады. Бұл байламды сайлаудағы жеңісінен кейін отандық және шетелдік БАҚ өкілдері үшін өткізген тұңғыш баспасөз конференциясында Президент Қ.Тоқаев айтты.
Қасым-Жомарт Кемелұлы ұлықтау салтанатында сөйлеген сөзінде Мемлекет басшысы ретінде баса мән беретін басым бағыттардың бірі ретінде сыртқы саясатты атады.
– Қазақстан әлемде үлкен беделге ие болды, өзін бейбітсүйгіш, ашық ел, халықаралық істерде сенімді және жауапты серіктес ретінде таныта білді. Біз сындарлы, теңгерімді, көпбағытты сыртқы саяси бағдарымызды жалғастырамыз. Ұлттық мүдделерімізді халықаралық аренада табанды қорғап, қуатты ілгерілететін боламыз. Сыртқы саяси қызмет елімізге, отандық бизнеске, әрбір қазақстандыққа нақты пайда әкелетін болады, – деді ел Президенті.
«Тоқаев тұсындағы Қазақстанның сыртқы саясаты қандай болады?» деген сауалды журналистер де, халықаралық сарапшылар да, шетелдік саясаткерлер де қоюда. Осы сұрақтың жауабы ретінде Сыртқы істер министрлігі «Қазақстан сыртқы саясатының жаңа тұжырымдамасын» әзірлеп шықты. Еліміздің өзгелермен қарым-қатынасының енді қандай болатыны да сонда көрініс тапқан.
Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенконың түсіндіруінше, ең бастысы, Қазақ елі алдағы уақытта да әлемнің барлық мемлекеттерімен тең әріптестік қарым-қатынастарды дамытуға бағытталған сыртқы саясатты жүзеге асырады.
– Бұл тезис Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұлықтау рәсіміндегі сөзінде айтқан ұстанымымен толық үйлеседі. Оған сәйкес, Қазақстан Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев іргесін қалаған конструктивті, теңдестірілген, көпвекторлы сыртқы саяси бағытты жалғастырады, – деді СІМ басшысының орынбасары.
Оның айтуынша, жаңа тұжырымдама жобасына дипломатия саласындағы жаңашылдықтар мен инновациялар да еніп отыр.
– Тұжырымдаманың мазмұны Елбасы мен Мемлекет басшысының сыртқы саясаттың экономикалық бағытын күшейту жөніндегі тапсырмаларына сай өзектілендірілді. Онда цифрлы трансформация, «жасыл технологияларды» дамыту, «жұмсақ күшті» кеңінен қолдану сияқты жаһандық үрдістер көрініс тапты. Құжатқа халықаралық қызметтің жаңа нысандары енгізілген, олардың қатарында бітімгершілік, медиаторлық бар, – дейді Роман Василенко.
Айта кету керек, бұл тұжырымдама бекітілгеннен кейін ел Үкіметі 3 ай мерзімде оны іске асыру жөніндегі «Іс-шаралар жоспарын» әзірлеп, бекітеді деп күтілуде. Оны орындауға өзге де орталық меморгандар жұмылып, аталған жоспарды іске асыру бойынша іс-шаралар қабылдауға міндеттелмек.
«Қазақстан Сыртқы саясатының тұжырымдамасы туралы» Президент Жарлығының жобасына түсіндірме жазбада айтылғандай, оны іске асыру Қазақстанның тәуелсіздігінің сыртқы саяси ұстындарын және оның халықаралық беделін бекемдеуге; ұлттық, өңірлік және жаһандық қауіпсіздікті нығайтуға, еліміз үшін қолайлы халықаралық орта қалыптастыруға, әлемнің барлық мемлекеттерімен достық, тең құқылы және өзара тиімді қатынастарды күшейтуге мүмкіндік береді.
Құжатта алдағы уақыттағы Қазақстан жүргізетін сыртқы саясатының мақсаттары мен қағидаттары нақты айқындалған. Тарата айта кетсек, мемлекетіміздің сыртқы саяси күш-жігерлері мынадай негізгі мақсаттарға қол жеткізуге шоғырландырылады: біріншіден, елдің тәуелсіздігін, қорғанысқа қабілеттілігін жан-жақты нығайту, ұлттық қауіпсіздігін және аумақтық тұтастығын қамтамасыз ету. Екіншіден, өңірлік және жаһандық қауіпсіздікті нығайту. Үшіншіден, Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуына, жоғары технологиялар негізінде индустриялануына, «жасыл» даму жолына көшуіне және дамыған 30 мемлекетінің қатарына кіруіне қолайлы сыртқы жағдай жасау.
Төртіншіден, халқымыздың жоғары тұрмыс деңгейіне қол жеткізу, көпэтносты қоғамның, құқықтық мемлекеттің және демократиялық институттардың бірлігін нығайту, адамның құқықтары мен бостандықтарын іске асыру. Бесіншіден, Қазақстанның халықаралық ұстанымдарын нығайту және әлемдік қоғамдастықта еліміздің жағымды бейнесін қалыптастыру, ақпараттық тәуелсіздікті қамтамасыз ету, қазақстандық БАҚ кеңістігінің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға жәрдемдесу. Алтыншыдан, өңірлік және жаһандық сауда-экономикалық қатынастар жүйесіне одан ары интеграциялану.
Жетіншіден, барлық әріптестердің экономикалық, әлеуметтік және экологиялық салалардағы үйлестірілген іс-әрекеттерінің негізінде БҰҰ-ның Орнықты даму мақсаттарына қол жеткізу; сегізіншіден, ұлттық-мәдени өзіндік ерекшелікті сақтау және мемлекет пен азаматтық қоғамды одан ары дамытудың өзіндік бірегей жолымен жүру; тоғызыншыдан, Қазақстанның «жұмсақ күшін» және ұлттық мәдениетін халықаралық қауымдастыққа тарату; оныншыдан, шет елдерде ҚР азаматтары мен заңды тұлғаларының құқықтарын, олардың жеке, отбасылық және іскерлік мүдделерін қорғау.
Осы орайда «шет елдердегі қазақ диаспорасына және қазақ тіліне қолдау көрсетуге» де жеке мән берілгелі отыр.
Бұған қоса, Қазақстан аймақ көшбасшысы ретінде бүкіл Орталық Азияның саяси тұрақты, экономикалық орнықты және қауіпсіз дамуына күш салуды өз саясатының бір тұғыры ретінде бекітпек.
– Қазақстан өңірдегі өзінің рөлі мен жауапкершілігін сезіне отырып, бейбітшілік, қауіпсіздік, ынтымақтастық пен дамудың өңірлік үлгісін қалыптастыру үшін жан-жақты күш салатын болады. Қазақстан Орталық Азиядағы кооперацияны дамытуға, халықаралық қатынастар жүйесіндегі өңірдің геосаяси және геоэкономикалық субъектілігін нығайтуға ұмтылады, – делінген құжатта.
Өткен ғасырдың басында Мұстафа Шоқай, Тұрар Рысқұлов және басқа да арыстарымыз барша Орталық Азия халықтарын біріктіретін «Түркістан мемлекетін» құруға ұмтылды. Қазір жаңа ғасыр, заман өзге. Дегенмен Қазақ елі осы аймақ халықтарының бірауыздылығына, «бір жағадан бас, бір жеңнен қол» шығаруына қол жеткізбек ниетте: «Келешектегі мақсат – Орталық Азия өңірін халықаралық саясат пен экономиканың біртұтас интеграцияланған субъектісіне трансформациялау» делінген тұжырымдама жобасында.
Онда «Еуразиялық экономикалық одақтың тиімділігін арттыруға» назар аудартылады. Қазақстан енді біздің тәуелсіздігіміз бен ұлттық мүдделерімізді сақтаса ғана бұл одаққа – жақ:
– Бұл ретте Қазақстан саяси егемендіктің мызғымастығы, мүдделердің тең түрде есепке алынуы, Қазақстан өкілдерінің ЕАЭО-ның барлық органында әділетті ұсынылуы және шешімдерді қабылдаудағы консенсустық тәсіл секілді негізгі қағидаттар сақталған жағдайда интеграциялық процестерді ұстанатын болады, – делінген құжатта. Әзірше, ұлтүстілік басқарушы құрылымдары Мәскеуде орналасқан Еуразиялық одақ органдарында саны сирек қазақстандықтарды қоспағанда, негізінен ресейлік мамандар жұмыс жасайтыны жасырын емес. Жаңа сыртқы саясат мұны өзгертуге құмбыл.
Сыртқы саяси қызметте ДСҰ-мен байланыстарға, инвестиция тартуға, озық технологияларды әкелуге, отандық өнімдер үшін жаңа нарықтар табуға басымдық берілмек. Экономикалық және сауда дипломатиясы өркен жаяды деп көзделуде. Яғни, дипломатиялық құралдар арқылы жаңа және дәстүрлі әлемдік нарықтарда қазақстандық бизнес пен экспорттық өнімдердің ойып өз орнын алуына қолайлы жағдайлар жасалады.
Қазақстан үшін жаңа кезеңде «Каспий маңы мемлекеттерімен өзара іс-қимылды дамыту» маңызды болмақ. Бұдан бөлек, әрине, АҚШ, Қытай, Еуропа, түркітілдес елдермен, ислам мемлекеттерімен және өзге құрлықтардағы жұрттармен ынтымақтастыққа зор көңіл бөлінбек.
«Қазақстан ядролық қарусыз әлемге 2045 жылы, БҰҰ-ның 100 жылдығына қарай қол жеткізуге күш салады» делінген құжатта.
Қазіргі заман – қазақ дипломатиясы үшін «алтын ғасыр» саналады. Себебі, бұған дейінгі дәуірлердің барлығында қазақтың хандарына, билеріне, батырлары мен елшілеріне жан-жақтан анталаған жаулармен жағаласа, соғыса, қан кеше жүріп, келіссөз жүргізуге тура келді. Дұшпанның қолында қалған қазақ жерлерін қайтару, тұтқындар алмасу, тіпті Қытай не Ресейдің бодандығын қабылдау мәселелерін шешу – сол заманның зауалы болды. Енді міне, Елбасының сарабдал саясаты арқасында орнаған тұрақтылық пен бейбіт тірлік дипломаттарымызға өз күштерін тіпті экономикалық мәселелерге шоғырландыруға мүмкіндік беруде.