Қазақстан халқы ассамблеясы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесіне ұсыныстарын енгізеді. Бұл туралы ассамблеяның Мәжілістегі депутаттық тобының отырысында жария етілді. Жиында «ҚХА-ның Мәжілістегі депутаттық тобының Қазақстан Президенті Қ.Тоқаевтың сайлау алдындағы бағдарламасынан және ұлықтау рәсімінде сөйлеген сөздерінен туындайтын міндеттері» қаралды.
Іс-шараға Мәжіліс депутаттары, орталық мемлекеттік органдардың басшылары, ҚХА құрылымдарының өкілдері қатысты.
Қазақстан халқы ассамблеясы Төрағасының орынбасары – ҚХА хатшылығының меңгерушісі Жансейіт Түймебаев саяси трансформациялану үдерісі жүріп жатқанына назар аудартты.
– Ол биліктің халық алдындағы жауапкершілігін арттыру бағытында қалыптасады. Бірінші қадам ретінде Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі құрылады. Оның алғашқы отырысы биылғы тамыз айына жоспарланған. Өткен аптада Мемлекет басшысының тиісті Жарлығы шықты. Президент Әкімшілігіне бір ай ішінде осы кеңесті қалыптастыру және оның жұмыс тәртібі мәселелері бойынша азаматтық сектормен кеңес жүргізу жүктелді. Осы жұмыс қорытындысы бойынша Президент қарауына кеңестің құрамы және кеңес туралы ереже енгізіледі. Ассамблея кеңесінің кеңейтілген отырысында біз ҚХА-ның барлық құрылымдарынан ұсыныстарын әзірлеуді сұрадық. Депутаттармыздан да осы мәселені мұқият зерделеп, өз ұсыныстарын беруін өтінеміз, – деді Ж.Түймебаев.
Ол сайлаудың сәтті өтуіне ассамблеяның барлық құрылымдары, этномәдени бірлестіктер белсене үлес қосқанын мәлім етті.
– Этномәдени орталықтар Қ.Тоқаевтың кандидатурасын қолдау мақсатында «Біздің таңдауымыз – бірлік пен келісім!» атты жалпыреспубликалық электоралдық акциясын жүзеге асырды. Ассамблея Nur Otan партиясының республикалық және өңірлік қоғамдық штабтарына өз қатарынан 200-ге жуық беделді тұлғаларын кандидаттың сенімді өкілі ретінде жіберді. Бұдан бөлек, ҚХА ел бірлігін нығайтуға бағытталған 270-тен астам түрлі іс-шаралар мен мәдени бағдарламалар ұйымдастырды, – деді Жансейіт Түймебаев.
Оның байламынша, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұлықтау рәсімінде сөйлеген сөзі Қазақстанның жаңа тарихының бастауы болды. Онда сайлау алдындағы «Игілік – барлығы үшін! Сабақтастық. Әділдік. Прогресс» деген тұғырнамасының ережелері ғана емес, оларға қол жеткізудің негізгі тәсілдері де белгіленген.
– 12 маусымдағы Қ.Тоқаевтың Қазақстан Президенті қызметіне ресми кірісу рәсімі – Қазақстанның дамуындағы, Ұлы дала еліндегі жаңа кезеңнің басталуының жарқын дәлелі болғаны анық. Мемлекет басшысы өз сөзінде бірқатар маңызды бағыттар мен мемлекеттік бағдарламаларға баса мән беруіміз керек екенін атап өтті. Қасым-Жомарт Кемелұлының сайлауалды бағдарламасында да еліміздің әлеуметтік-экономикалық, саяси және рухани дамуына қатысты стратегиялық басымдықтар мен жоспарлы міндеттер белгіленген. Соның ішінде Президент сөзінде, сайлауалды бағдарламасында ел бірлігін нығайту, ұлтаралық татулықты сақтау мақсаты айрықша орын алады, – деді ҚХА Төрағасының орынбасары.
Сондықтан Қазақстан халқы ассамблеясы және оның Мәжілістегі депутаттық тобы алдында бірқатар маңызды міндеттер тұр. Ж.Түймебаев кәсіпкерлер қауымдастығымен бірлесіп, ассамблея жұмысының әлеуметтік бағытын белсенді дамытуға; жастармен және волонтерлік қозғалыстармен жұмысты күшейтуге; барлық қолжетімді форматтар арқылы қазақстандық қоғам бірлігінің құндылықтарын ілгерілетуге: ҚХА қызметінің жаңа тәсілдерін әзірлеуге шақырды.
Отырыста сондай-ақ Мәжіліс депутаттары сөз алып, ой-ұсыныстарын ортаға салды.
Жиынды қорытындылай келе, Мәжіліс төрағасының орынбасары Владимир Божко Президент Қ.Тоқаевтың сайлауалды тұғырнамасында және ұлықтау рәсімінде айтылған бастамаларын ілгерілетуге және түсіндіруге белсенді қатысу қажеттігіне ҚХА депутаттық тобы мүшелерінің назарын аударды.