Парламент Сенатының төрағасы Дариға Назарбаева Жапонияның Қазақстандағы елшісі Тацухико Касаиді қабылдады. Мәртебелі мейманмен кездесу барысында Жоғарғы палата басшысы Жапония императоры Нарухитоның таққа отыруымен және «Рэйва» дәуірінің басталуымен жапон халқын құттықтады.
«Рэйва – үйлесім табу, яғни бүкіл адамзаттың арманы. Үйлесім дәуірі және оның күш-қуаты бүкіл әлемге таралғанын қалар едім. Жапония халқының табысқа жетуіне және өркендеуіне тілектеспін», – деді Д. Назарбаева.
Сенат басшысы Елбасының 2016 жылғы Жапонияға сапарына қатысты пікірлерімен бөлісті және сол сапар барысында қабылданған, «кеңейтілген стратегиялық әріптестік» мәртебесі бекітілген маңызды саяси құжаттар Қазақстан мен Жапония қарым-қатынастарына жаңа серпін беретініне сенім білдірді.
Жүздесушілер сондай-ақ екіжақты өзара іс-қимылдағы экономикалық, гуманитарлық және мәдени мәселелерді талқылады. Сенат басшысы эко және этно туризмнің ерекшеліктеріне тоқтала келе, жапон туристерін Қазақстанға келуге шақырды.
– Тікелей әуе қатынасын ашу жапон туристерінің санын арттырады деп үміттенемін. Сондай-ақ біздің ел туралы көбірек хабардар болу үшін туристік агенттіктердің қатысуымен бірлескен конференциялар ұйымдастыру қажет, – деді Дариға Назарбаева.
Жапония елшісі Сенат төрағасын жоспарлары туралы хабардар ете келе, Қазақстанға құйылып жатқан жапон инвестициясының көлемін арттыру – басты міндеттердің бірі екенін атап өтті.
Д.Назарбаева осыған байланысты шетелдік инвесторларды қорғаудың қолайлы тетіктері, жеңілдетілген салық тәртібі, ағылшын құқығы мен тәуелсіз қаржы сотының қағидаларына негізделген «Астана» халықаралық қаржы орталығының жұмысы жайында жан-жақты айтып берді.
«Шикізат экспортынан алшақтап, қосылған құны жоғары өнімді қайта өңдеуге ұмтылу қажет», – деді Сенат басшысы.