Үш елшімен тілдесті
Үш елшімен тілдесті
425
оқылды

Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин бірқатар шетелдің Төтен­ше және өкілетті елшіле­рін қабылдады. Түркімен­стан елшісі Тойлы Көмековпен кездесу барысында парламент­ші­лер арасындағы екіжақты ықпалдастық, сондай-ақ сауда-экономикалық, отын-энерге­тика­лық, көлік және мәдени-гуманитарлық салалар­дағы ынтымақтастық мәселелері талқыланды.

Жүздесушілер өзара қаты­­нас­тарды дамытудың негізін Қазақ­станның Тұңғыш Пре­зи­денті Нұрсұлтан Назарбаев пен Түркі­менс­тан президенті Гур­бан­гулы Бердімұхамедов қалағанын атап өтті.

Н.Нығматулин мен Т.Кө­­меков бүкіл Орталық Азия өңірі үшін «Түркі­менстан – Өз­бек­­стан – Қа­зақстан – Қы­тай» газ құбыры, «Қа­зақстан – Түркі­менстан – Иран» темір жолы сияқты ірі жо­баларды іске асы­рудың, сонымен қатар Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі туралы тарихи кон­вен­цияға қол қойылуының маңызды болға­­нына екпін түсірді.

Нұрлан Нығматулиннің бай­ламынша, 2019 жылғы 23-24 қыр­күйекте, елордамыз Нұр-Сұлтан қа­ласында «Үлкен Еура­зия: Диа­лог. Сенім. Серіктестік» тақыры­бын­да өтетін Еуразия елдері пар­ламенттері төраға­ла­рының IV кеңе­сіне Түркіменстан Меджлисі де­легациясының қа­тысуы па­р­ла­ментаралық диа­лог­ты өркендетуге ықпал етпек.

Халықтарымыздың мүддесі үшін парламентаралық ын­ты­мақтастықты нығайту тақырыбы Мәжіліс басшысының Армения ел­шісі Гагик Галачянмен кез­десуіне де арқау болды. Осы елдің пар­ламент төрағасы бас­таған Ұлттық ассамблеясының деле­гациясы Нұр-Сұлтан қала­сында өтетін форумға қатыса­тынын растаған екен.

Әңгіме барысында Нұрлан Нығматулин мен Гагик Галачян еуразиялық кеңістіктегі интегра­циялық бірлестіктер аясында Қазақстан мен Арменияның тығыз әрекеттесіп келе жатқа­нына тоқталды. Бұл өз кезегінде қос мемлекет депутаттарының ын­тымақтастығы үшін үлкен мүм­кіндік береді.

Үндістанның Қазақстандағы елшісі Прабхат Кумарды қабыл­даған Мәжіліс төрағасы мәр­те­белі мейманымен парла­мен­та­ралық байланыстарды дамыту жайында пікір алмасты. Нұрлан Зайролла­ұлы инновация, жоғары техноло­гия­лар және жаңғыратын қуат көз­дерін пайдалану сала­сындағы үнділік тәжірибені зерт­теуге қы­зығушылық танытты. Кездесу ба­ры­сында, Бішкекте өткен ШЫҰ сам­миті аясында қол қойылған құ­жаттардың ма­ңызына назар ау­дартылды. Олар ұйым шең­берін­де­гі өзара іс-қимылды са­палы жаңа деңгейге шығаруға жол аша­ды.