Мемлекет ҰБТ өткізуге 100% дайын болуға тиіс. Үкімет отырысында Премьер Асқар Мамин Білім және ғылым министрлігінің жаңа басшылығы алдына осындай міндет қойды. Жиында Үкімет мүшелері Ұлттық бірыңғай тестілеуге дайындық барысын пысықтады.
Биыл Қазақстанда ЖОО-ларға түсуге ниет етуші азаматтар саны 117 мыңнан асып отыр. Білім грантын иеленіп, мемлекет есебінен тегін білім алуға үміттенушілер үшін биыл тестілеу 20 маусымда басталады. Осы орайда Үкімет басшысы өңір әкімдеріне жастардың ҰБТ-ға қатысуын ұйымдастыру мәселесін бақылауға алуды тапсырды.
– ҰБТ өткізуге дайындық 100% қамтамасыз етілуге тиіс. Білім және ғылым министрлігінің міндеті – тестілеу өткізу пунктерінің барлығының жұмысын нақты үйлестіру болады, – деді А.Мамин.
Ол мемлекеттік органдарға ҰБТ қатысушыларының қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қажетті барлық шараларды қабылдауды жүктеді.
Қазақстанда емтихандар орнына келген Ұлттық бірыңғай тестілеу 2019 жылы осымен 16-шы рет өткізілмек. 2004 жылдан бері тестілеуге 1 миллион 775 мың адам қатысыпты.
Айта кету керек, Білім және ғылым министрі өзгергенімен, биыл да ҰБТ форматы өзгермейді.
– ҰБТ биылғы 20-30 маусым аралығында 169 пунктте өткізіледі. Оған жалпы саны 117 242 талапкер қатысады. Соның ішінде биылғы мектеп бітірушілердің саны 96 380. Бұл жалпы санның 71,6 пайызы. Қалған 20 862 адам – алдыңғы жылдардағы мектептер мен колледждердің түлектері, – деді білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов.
Ол ҰБТ өткізу технологиясының бұзылмай, сақталуын қадағалау үшін өңірлерге елордадан министрлік өкілдері аттанғанын хабарлады. Тестілеу материалдары Қазақстанда «құпияға» жатқызылған. Тиісінше, өңірлерге олар құпиялылығын сақтай отырып, құзырлы органдардың қадағалауымен жеткізіліпті.
– Барлық аудиториялар ұялы байланысты өшіретін құрылғылармен және бейнекамералармен 100% жабдықталды. ҰБТ өткізілетін пункттерде бейнетрансляция жасайтын мониторлар орнатылды. Жылдам ақпарат алмасу үшін Білім министрлігі мен Ұлттық тестілеу орталығының call-орталықтары жұмыс істейді, – деді БҒМ басшысы.
Сонымен қатар ол тестілеуді жетілдіруге бағытталған бірқатар шаралар қабылданғанын айтты. Біріншіден, биылдан бастап, мемгрантқа емес, ақылы негізде оқуға түскісі келетіндер тиісті балл жиғанша, ҰБТ-ны жылына бір емес, 4 рет тапсыра алады. Бұл мектеп оқушыларына түсетін психологиялық қысым мен жүктемені төмендетіп, әр маусымда өтетін ҰБТ-ға әзірленулеріне мүмкіндік берді.
Екіншіден, өз бейіні бойынша ақылы оқуға түсетін колледж түлектері енді ҰБТ тапсырудан босатылады.
Үшіншіден, халықаралық сертификаттары бар және шет тілін жақсы білетіні расталған түлектер бұдан былай «Шет тілі» пәні бойынша тестілеу тапсырмайды. Оларға автоматты түрде ең жоғары балл – 40 балл беріледі.
Төртіншіден, әрбір түлекке ҰБТ сертификатымен қатар, ақпараттық парақ беріледі. Онда білім беру бағдарламалары тобының тізімі, биыл бөлінген гранттар саны, өткен жылғы конкурс нәтижелері көрсетіледі. Бұл түлекке болашақ мамандығын саналы түрде таңдауына мүмкіндік бере-ді.
Бесіншіден, биыл білім беру гранттары «білім беру бағдарламаларының топтары» бойынша беріледі. ЖОО-ға алынған кезде оқуға түсуші ары қарай оқуы үшін нақты білім беру бағдарламасын таңдайды. Мәселен, «Менеджмент және басқару» деген білім беру бағдарламасы тобы бар. Ол бойынша жоғары балл жиған талапкер ары қарай оның ішіне кіретін «Экономика», «Әлемдік экономика», «Менеджмент», «Мемлекеттік және жергілікті басқару», «Спорт менеджменті» секілді мамандықтардың бірін таңдай алады.
– Жалпы, ҰБТ өткізуге барлық дайындық жұмыстары аяқталды. Министрлік жергілікті атқарушы органдармен және құқық қорғау органдарымен бірлесіп, тестілеуді лайықты деңгейде өткізуді қамтамасыз етеді, – деп сөз берді министр А.Аймағамбетов.
Үкімет отырысынан кейін журналистер алдына шыққан Асхат Аймағамбетов биыл Ұлттық бірыңғай тестілеуде берілетін тест тапсырмалары базасы 30%-ға жаңартылғанын жеткізді. Жаңа сұрақтар баладан дұрыс жауапты жай жаттап алуды емес, ойлануды талап етеді. Әрине, бұл алдыңғы министр жасап кеткен жұмыс.
– Сұрақтар функционалдық сауаттылыққа, логикалық ойлау деңгейін анықтауға, базалық құзыреттіліктер мен түсінікке бағдарланған. Министрлік сұрақтардың мазмұнын жаңартуды дұрыс деп тапты. Сұрақтар қандай да бір жаттанды ақпаратты қайталауға, жаттанды белгілі бір фактілерді еске түсіруге бағытталмауы тиіс. Осы тест арқылы баланың сауаттылығын, қай салаға бағдарланғанын, мектепте алған білімін қаншалықты пайдалана алатынын түсіну керек болды. Сондықтан тест сұрақтарының базасы, басты бағдары және мазмұны өзгертіл-ді, – деді ол.
БҒМ басшысы ҰБТ сұрақтарын құрастыру үшін «тәжірибелі әрі алдыңғы қатардағы педагогтар тартылғанына» сендірді. Әзірлеушілер мен сарапшылар облыстық, қалалық білім беру басқармалары, тілдерді дамыту басқармалары, тілдерге оқытудың өңірлік орталықтары, біліктілікті арттыру институттары, оқу-әдістемелі бірлестіктер, колледждер, ЖОО-лар ұсынған білім беру ұйымдарының қызметкерлері, мұғалімдер мен оқытушылар арасынан іріктеп алыныпты. Бірақ сонда да қате сұрақ-жауаптар кездесуі ғажап емес.
– Ондай жағдайлар бар. Тіпті ғылымда белгілі бір күндер, оқиғалар бойынша әртүрлі мәліметтер келтіріледі. Сондықтан кейде түлектер апелляцияға келіп, тиісті дерек көзін көрсетіп, дәлелдеп жатады. Дегенмен кейінгі кездері комиссия қарап, растаған сұрақтар саны бірнеше есе төмендегенін атап өткім келеді, – деді А. Аймағамбетов.
Осы орайда Білім және ғылым министрі тестілерде мағынасы түсініксіз сұрақтар болса, немесе түлектердің пікірінше жауаптар қате болса, онда апелляция рәсіміне жүгіну қажетін ескертті. Апелляциялық комиссии әрбір ҰБТ өтетін пунктте жұмыс жасамақ. Оның шешіміне қанағаттанбағандар Республикалық апелляциялық комиссияға дейін бара алады.
Тағы бір қызықты дерек: 2019 жылы ҰБТ-ға қатысуға өтініш білдірген мектеп түлектерінің ішінде 73 389 бала тестілеуді қазақ тілінде, тек 22 823-і ғана орыс тілінде тапсыратын болады. Басқаша айтқанда, мемлекеттік тіліміздің үлесі 75 пайызға жетсе, ал орыс тілі 25 пайыздай болды. Яғни, өскелең ұрпақтың басым көпшілігі қазақ тілін таңдап отыр.
ҰБТ 5 пән: білім беру бағдарламаларының таңдалған тобына сәйкес 3 міндетті және 2 бейінді пән бойынша жүргізіледі. Барлығы 120 тест тапсырмасы болады. Бабы мен бағы қатар шапқан талапкер ең жоғары 140 балды жимақ.