Халықтың арыз-мұңы жерде қалмайды, кейбірі заңда көрініс табуы мүмкін. Дариға Назарбаеваның төрағалығымен өткен Парламенттің жоғарғы палатасы отырысында сенаторлар ауыл-аймаққа сапардың қорытындысын шығарды.
Сенат төрағасы депутаттар жылды аймақтарды аралаудан бастағанын және жергілікті жерлердегі жұмыстың жағдайымен, сондай-ақ заңдар мен мембағдарламалардың жүзеге асу барысымен, жергілікті атқарушы органдар қызметімен танысқанын атап өтті.
– Сапарлардың нәтижесі депутаттық сауалдарға негіз болады әрі парламенттік тыңдауларда, үкімет сағаттарында және басқа да кездесулерде талқыланады. Бұдан бөлек, комитеттердің ұсыныстары мен жұмыс жоспарларына енгізіледі, – деді Д.Назарбаева.
Ол палата комитеттеріне заң шығару жұмысын министрліктермен, заң жобаларын әзірлеушілермен үйлестіруді тапсырды. Үкімет 2020 жылға арналған тиісті жоспарын бекітті, оған аса маңызды мәселелерді шешуге және Елбасы мен Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыруға арналған 17 заң жобасы енді.
Палата басшысы ел Президенті Қ.Тоқаевтың Жолдауын жүзеге асыру жөніндегі Жалпыұлттық іс-шаралар жоспарын іске асыру аясында Сенаттың негізгі міндеттеріне жеке тоқталды.
Дариға Назарбаева заң қабылдау кезінде қандай мәселелерге ерекше мән беру керегін қадап айтты: сенаторлар азаматтар құқын қорғау кепілдіктерін арттыруға, арандатушы іс-әрекеттері үшін құқық қорғау органдары қызметкерлерінің жауапкершілігін күшейтуге, заңнамадағы барлық қайшылықтарды азаматтар мен бизнестің пайдасына шешуге, оларға меморгандармен қарым-қатынасы кезінде тең жағдай жасауға, биліктің аудандық, қалалық және ауылдық деңгейлерінің дербестігі мен жауапкершілігін кеңейтуге баса назар аударуы тиіс.
Дариға Нұрсұлтанқызы «Жеңіл өнеркәсіптің жағдайы», «Агроөнеркәсіп кешенін дамыту», «Қазақстанның транзиттік әлеуетін дамыту» тақырыптарына арналған парламенттік тыңдаулар өткізуді жүктеді.
Ол Сенат жанынан құрылған кеңестердің жұмысына да жеке тоқталды. Д.Назарбаева парламенттік тыңдауға дайындық барысында ауыл шаруашылығы саласының көптеген өкілдерімен кездескенін айтты. «Олар көтерген мәселелер кең талқылауды талап етеді. Сенат жанынан Агроөнеркәсіптік кешен жөніндегі кеңес құру қажет», – деді ол. Палата басшысы жастар саясаты саласындағы заңнаманы жетілдіру туралы ұсыныстарды қарау үшін желтоқсанда Жастар кеңесі жұмысын бастағанын жеткізді.
Сенат төрағасының орынбасары Бектас Бекназаровтың дерегінше, палата депутаттары ауыл-аймақта 460 кездесу өткізген. «Халықпен кездесу барысында бірыңғай жиынтық төлем төлеу, АӘК алу шарттары, ауыл бюджетін қалыптастыру және «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында тірек ауылдарды анықтау бойынша заңнамадағы кемшіліктерге қатысты сын-ескертулер айтылды», – деді ол.
Айхан ШӘРІП