Ұлы даладағы тарихи сабақтастық
Ұлы даладағы тарихи сабақтастық
1,326
оқылды

Елбасы Н.Назарбаев «Рухани жаңғыру» мақаласының жалғасы ретіндегі «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында тарихқа қатысты түйінді тұжырымдар жасағаны елеулі оқиға болды.

Тәуелсіздікке қол жеткелі бір кезде сырттан таңылған шең­бер­ден шығып, жаңаша еркін ойлау, рухани жаңғыру қажетін түсіндік. Ең бастысы – тарихымыздың терең екеніне назар аудардық.

Ілгеріде шетелде білім іздеп жүргенімізде бір студент қырғыз қыз әлдебір жиында қырғыздар тарихы 2000 жылдан асатын көне халық екенін, ал қазақтар небәрі XV ғасырдың ортасында ғана шыққанын айтып қалды. Оның өз еліне деген мақтанышы ерекше екені байқалды. Мұндай пікір­лерді өз азаматтарымыздан да естіп қалатынбыз. Бірақ осындай сөзді сыртта жүріп, басқадан, әсіресе, бауырлас халық өкілінен есту ауыр тиіп, намыс жалыны шарпып өтеді екен.

Рас, қырғыз қыздың жазығы жоқ. Ол оқығанын, естігенін ай­тады. Бұл тұста негізгі кінә өт­ке­німізді терең зерделеп, өзгелерге көрсете алмаған өзімізде жатқаны шындық.

Біз қазақ елі XV ғасырда ас­паннан салбырап түсе қалма­ға­нын, мемлекет пен тілдің қалып­тасуы ұзақ үдеріс екенін ескерер болсақ, тарихымыз тым тереңде жатқанын айттық. Ұлы дала төсінде б.з.д. дәуірлерде ғұндар, сақтар, қаңлылар, үйсіндер үлкен-үлкен мемлекеттер мен қағанаттар құрғанын атап өттік. Әлгі бауыр­лас елдің қызы ол қағанаттардың қазаққа қатысы шамалы, олардың қазіргі дала тұрғындарымен байланысы ғылыми тұрғыдан әлі де дәлелденбеген деп, азар да безер болды.

Баяғыда «Қазақ тек XV ға­сырда шыққан, оған дейін қазақ болмаған», – депті бір ғалым­сы­мақ. Мұны естіген Бауыржан Момышұлы: «Ей, «білгіш», Менің Құли деген бабам XV ғасырда өмір сүрген. Сонда Құлидан бұрын қазақ болмаған ба? Құли қазақтан тумағанда, кімнен туды?» – деген екен. Бір кезгі қиқар идеология­ның шеңберінен шыға алмай, ұлтсыздануды ту етіп, жалған ұран жетегінде кеткен зерттеушілерге айтқан батыр атамыздың орынды уәжі бүгін біздерді де тәнті етеді. Әлгіндей «зерттеушілердің» аузы­нан шыққан сөздердің жаңғырығы әлі күнге дейін жалғасып келе жатқаны байқалады.

Ұлы дала төсінде ескі заман­дарда көптеген қағанат пен бір­лестік болған. Қазақтың түрлі тайпаларының атымен атал­ған соларды Алашқа қатысы жоқ деп айтуға бола ма?

Салыстыру үшін Иран тари­хын алып қарайық. Парсылар жерінде өздерінен басқа, гректер (Селевкидтер – б.д.д. IV ғ.), арабтар (Омайядтар – VII ғ.), түркілер (Ғазневидтер – X-XI ғ., Селжұқтар – XI ғ., Гуридтер және Хорезмшахтар – XII ғ.), моңғолдар (Хулагуидтер – XIII ғ.), Орта Азия билеушілері (Тимуридтер – XIV ғ.) түрікмендер (Қара Қойыңлы жә­не Ақ Қойыңлы – XV ғ.), әзір­бай­жандар (Сефевидтер – XV-XIII ғ.), өзге де түркі тайпалары (Қаджар­лар – XIX-XX ғ.) билік құрған. Бұларды тарихшылар түрлі динас­тияларға бөліп қарас­тырады. Сол сияқты, Қытай тарихында да бұл елде қытайлардан өзге, қыпшақтар, моңғолдар, мәнжүр­лер, ағылшындар, жапондар, т.б. халықтар мен әулеттер билік құр­ған кезеңдер болған. Қытайдың өткені де біртұтас тарих ретінде қаралып, династияларға бөлініп оқытылады.

Бейжіңде дипломатиялық курс­та оқығанымызда тарихтан сабақ берген профессорға Шың­ғыс ханның Қытай тарихындағы рөлі жөнінде сұрақ қойдық. Се­бебі, ол кезде елдегі зиялыларымыз Шыңғыс ханның тарихта алар орны туралы қақ жарылып, айты­сып жатқан еді. Қытай профессо­ры: «Біз Шыңғыс ханды жаулап алушы емес, Қытайдың тұтас бір династиясын құрған айрықша тұлға ретінде қарастырамыз», – деп жауап берді. Әлгі профессор сөзін одан ары жалғап: «Бізге сырт­тан келіп, династия құрған­дар аз болмаған. Қытайда білім, әскер, өнер, оның ішінде әдебиет пен музыка және т.б. салалардың дамуына ерекше серпін әкелген Тань династиясы дәуірінің бір кезеңінде билік құрған қыпшақтар сіздердің бабаларыңыз еді. Мұны қытайлар айта бермейді», – деп жымиды. Көріп отырғанымыздай, басқа халықтар шеттен келіп, басқарып, үстемдік еткен жұртты да өз тарихының ажырамас бөлігі деп қарастырады. Оған қарағанда, біздің тарихтағы билік еткен ру-тайпалардың барлығы да – осы даланың төл перзенттері. Бірлі-жарымы болмаса, басқа жақтан ауып келгені жоқ. Ендеше, ға­лымдардың пікірінше, қазір та­рихқа ғылыми көзқарасты рухани жаңғыру тұрғысынан қалып­тас­тыру өзектілігі туындап отыр.

Елбасы мақаласында бұл проб­лема тереңнен қозғалып, нақ­ты қисынды пайымдар айты­лады. Тұңғыш Президент Н.На­зарбаев кейбір ежелгі халық­тар тарихындағы ұлы жетістік­тердің сол елдер қазір мекен етіп жатқан аумақтарға қатысына тоқталып: «Әрине, ежелгі Рим деген қазіргі Италия емес, бірақ италиялықтар өздерінің тарихи тамырымен мақтана алады. Бұл – орынды мақтаныш. Сол сияқты, ежелгі готтар мен бүгінгі немістер де бір халық емес, бірақ олар да Германияның мол тарихи мұра­сының бір бөлшегі. Полиэтни­калық бай мәдениеті бар ежелгі Үндістан мен бүгінгі үнді халқын тарих толқынында үздіксіз дамып келе жатқан бірегей өркениет ретінде қарастыруға болады. Бұл – тарихқа деген дұрыс ұста­ным. Сол арқылы түп-тамы­ры­мызды білуге, ұлттық тарихы­мызға терең үңіліп, оның күрмеу­лі түйінін шешуге мүмкіндік туа­ды», – деп тұжырымдайды.

Егер осындай пайым тұрғы­сынан келер болсақ, ұлы дала елінің тарихын біртұтас өркениет ретінде қарастыру қисынды кө­рі­неді. Өйткені Ұлы далада о бас­тан бері өмір сүріп келе жатқан бір ғана халық бар. Ол – Ұлы дала хал­қы. Ол – Алаш жұрты. Әр ға­сыр­да атауы әртүрлі болды деме­сеңіз, көнеден келе жатқан біртұтас жұрт.

Олай болмаса, біздің дәуірі­мізден бұрынғы ғасырларда үйсіндер бірден жойылып кетіп, қаңлылар ғана қалуы, я болмаса, орта ғасырларда қимақтар үрім-бұтағымен тұздай құрып, орнына тек қыпшақтар ғана шығуы мүм­кін болмаса керек. Біртұтас дала халқының тайпалары билікке алма-кезек немесе даланың әр аумағында қатарлас келіп отыр­ғанына орай, көрші елдер бұларды ру аттарымен танығаны анық. Демек, жылнамашылар үйсін немесе қыпшақ, жалайыр яки шеркес деп жазу арқылы тұтас бір дала жұртын атаған.

Мақалада Елбасы Ұлы да­ланың тарихи тұтастығын ашып көрсетті. Енді осы пайымды тари­хи әдіснамада, ғылыми зерттеу­лер­де тұжырымдамалық темірқа­зық етіп алу керек. Сонда зерттеу жүйесі ретке келіп, тарих қойна­уы­ның қазынасы ақтарыла түспек.

Басқасы-басқа, бір кезде одақ­тас ел басшылығының аузы­нан «Қазақтарда бұрын мемлекет болмаған», – деген пікір естіліп қалды. Тәуелсіз сарапшылар мұны бәзбір алпауыт ел көрші жұрттың шаңырағын шайқалтып, аумақтық тұтастығына нұқсан келтіріп отырған заманда қауіпті санады. Осы тұста Қазақ ханды­ғының 550 жылдығын мерекелеу, саясаттанушылардың пікірінше, әлгіндей қисық ой-пікірлерге орай берілген қисынды жауап ретінде тарихи тамырымыздың тереңде жатқанын көрсеткен қадам болды.

«Қазақ хандығының дүниеге келуі бұрын Қазақстанның барлық аумағында өріс алған әлеуметтік-экономикалық және этносаяси үдерістердің заңды нәтижесі болды», – деп еді Елбасы бұған дейін. Көне замандарда ұлы далада мекен еткен Сақ, Ғұн, Үйсін, Қаңлы, Қыпшақ, Керей, т.б. мемлекеттер мен бірлестіктер­дің мерейтойларын, мәселен, Үйсін мемлекетінің екі жарым яки үш мың жылдығын, Қаңлы қағанатының екі мың үш жүз жылдығын (дәлдігін тарихшылар анықтай жатар) кең көлемде атап өту жөн болар еді. Бұлар бізге ғана қатысты, бізден басқа ешбір елге керегі жоқ. Сонымен бірге, бүгінгі таңда тарихымызды терең зерттеу мақсатында ірі-ірі бағдарламалар мен жобаларды қолға алып, осы бағытта еңбектеніп жүрген өз ғалымдарымызбен қатар, шетел­дік зерттеушілерді де ынталандыру қажеті туындап отыр. Мысалы, Қаңлы немесе Үйсін мемлекетіне қатысты халықаралық конферен­ция ұйымдастырылып, тың деректерге халықаралық деңгейде бәйге жарияланса, талай құпия­ның беті ашылар ма еді? Бұл ел имиджін көтерудің тиімді тәсілі. Өйткені өткенімізді зерделеу санамыз бен рухымызға елеулі серпіліс әкеліп, елдігімізді нығай­та түсері анық.

Ұлт көшбасшысының тарих туралы толғамы саяси тұрғыдан аса маңызды болды. Қаншама тілге аударылып, дүниенің түкпір-түкпіріне таралды. Жаһан саясат­керлері мен ғалымдарының назарын қазақ тарихына аударды.

Ұлы даладағы тарихи сабақ­тастық туралы сөз қозғалып отыр­ған тұста кейінгі кезде қоға­мы­мызда орын алған саяси өзгеріс­тердің өзектілігіне тоқталған жөн. Тәуелсіздіктің отызға жуық жылы ішінде мемлекет іргесін бекіту жолында орасан зор еңбек атқа­рылды. Осының басы-қасында жүрген, береке-бірлікке ұйытқы болған Елбасының стратегиялық саясатын қазіргі Президент
Қ.Тоқаев жалғастыратынын мәлімдеді. Бүгінгі күрделі кезеңде саяси сабақтастықтың өз жалға­сын табуы елдігімізді нығайту үшін маңызды.

Шындығында да, біздің рухы­мыз тарихта жатыр. Әлемде кей­бір халықтар ашық сипатта бол­маса да, өздерінің жаратқан үшін таңдаулы ұлт өкілдері екенін, ба­балары зор империялар құрғанын ұрпағының санасына сіңіріп, өзгеден артық болмасақ, кем емеспіз деген сыңайда ой-сана қалыптастырғаны арагідік байқа­лып қалады. Қажет десеңіз, осындай идеология бізде де бар. Күлтегін жазуында жоғарыда көк аспан, төменде қара жер жарал­ғанда, оның ортасында адам бала­сын билеуге көк түрік бабалары жіберілгені тасқа ойылып жазыл­ған. Мұндай жазба ұлы дала пер­зенттерінің – көктің ұлдарының айырықша жаратылысын айғақ­тап тұр. Аңдай білсек, бұл – біз үшін өшпес рух, мәңгілік бағдар.

Мақаладан мәңгілік ел мұра­тын ту етіп көтерген ұлт лидерінің негізгі миссиясы елдігімізді баянды етуге қызмет жасау екенін ұғамыз. Осы ұлы міндет жолында жас көшет сынды мемлекеттің болашақта зәулім бәйтеректей өркен жаюы үшін оның түп-тамырын аялап күтіп, нығайту ісінің мән-маңызы өзекті.

Тарихи танымымызды ке­ңей­­ту – рухани жаңғырудың не­гізгі шарттарының бірі. Өткені­мізді түгендеу бағытындағы қа­дамдар көңілге сәуле, көкірекке сенім ұялатып, келешегімізді ке­мел­ден­дірері хақ.


Дәуірбек ДҮЙСЕБАЙ,
шығыстанушы