Өңірдегі балабақшалар жұмысын тоқтатты
Ал өңірлердегі жағдайға мән берсек, әлі де карантин режимін жеңілдетпей отырған қалалар бар. Мәселен, Ақтөбеде осымен екінші рет карантин режимін жеңілдету кейінге қалды. Өйткені 23 мамыр күні қалада 18 адамның вирус жұқтырғаны анықталды. Облыстық Тауарлар мен көрсетілетін қызметтер сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы Нұрсұлу Беркімбаева жергілікті арнада өткен тікелей эфир кезінде қалада ауру өршіп тұрғанын мәлімдеді. Өсім 7 пайыздан жоғары екенін айтып, 25 мамыр күні карантин режимі жеңілдемейтінін хабарлады. Қала тұрғындарына үйден себепсіз шығуға болмайтынын ескертті. Ал өткен аптада Ақтөбеде балабақшалар жұмысын кейінге шегерген еді. Балабақша демекші, Орал қаласында балабақшалар жұмысын қайта тоқтатты. Батыс Қазақстан облысында карантин мерзімі 15 маусымға дейін ұзарған-ды. Жағдайдың күрделенгеніне қарап, қала әкімдігі карантин режимі аяқталғанша балабақшалардың қызметін тоқтату туралы шешім қабылдады. Бұған дейін аталған мекеме 20 мамырда жұмысын бастаған. Алайда 3 күннен соң жоғарыдан қайта жабу туралы пәрмен келді. Өйткені облыста 16 адам індетке ілігіп, өсім деңгейі 4,3%-ды көрсетті. Сөйтіп, жауапты орган талапқа сай шешім қабылдады. Сондай-ақ өңірдегі Қарашығанақ мұнай-газ конденсаты кен орны аумағында карантин жарияланды. Облыстың бас санитары 23 мамыр күні қаулыға сәйкес «Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг Б.В.» компаниясы аумағында 5 маусымға дейін карантин режимін енгізді. Кен орны аумағындағы эпидемиологиялық жағдай бақылауға алынып, көліктердің кіріп-шығуын шектеді. Шымкент шаһары да бас санитардың жаңа қаулысына сәйкес қаладағы карантин шектеулерін 8 маусымға дейін ұзартты. Қаулы бойынша балабақша жұмысын тоқтатып, соңғы қоңырау, түлектер кеші секілді шараларды өткізуге тыйым салды. Сонымен қатар көпшілік қатысатын шара мен отбасылық отырыс ұйымдастыруға шектеу қойды. Үйден шыққанда міндетті түрде бетперде тағып, арақашықтықты сақтап жүру керегін хабарлады. Ал Атырауда 25 мамырдан бастап қоғамдық көлік қозғалысы толығымен қалпына келді. Облыстың бас санитары қоғамдық көліктің жұмысы таңғы 06.00-де басталып, кешкі 23.00-де аяқталатынын мәлімдеді. Жалпы, Атырауда карантин шаралары 8 маусымға дейін жалғасады.«Пандемия желтоқсан айында аяқталады»
Бұл – сингапурлық ғалымдардың кешенді зерттеуінің нәтижесі. Еліміздегі бірқатар БАҚ-тар сингапурлық ғалымдардың зерттеу жүргізіп, пандемияның қашан аяқталатынын жазған. Зерттеу «пандемия желтоқсан айында аяқталатынын» көрсетіпті-міс. Алайда кейінірек ғалымдар бұл болжамды жоққа шығарды. Демек, індетті адамзаттың қашан ауыздықтайтыны белгісіз. Белгілісі Австралия, АҚШ пен Қытай коронавирусқа қарсы екпені сынақтан өткізеді. Ал дүниежүзіндегі ахуалға мән берсек, 5,5 миллионға жуық адам індет жұқтырды. 346 мыңнан астам адам қайтыс болып, 2 миллионнан аса науқас айықты. Вирус ең көп тараған елдердің көшін АҚШ бастап тұр. Америкада бір тәулікте 19 мың адам індетке іліккен. Одан кейінгі орында Бразилия мен Ресей тұр. Coronovirus2020.kz сайтының ақпаратына сүйенсек, ТМД-да коронавирус індеті ең көп анықталған мемлекет – Беларусь. Мұнда науқастардың жалпы саны – 36 198, бір тәуліктегі өсім – 954. Науқастар саны бойынша үштікте Украина (20 986 / +406) мен Қазақстан ( 8 531 / +209) бар.Айзат АЙДАРҚЫЗЫ