– Шолпан Әбдірахманқызы, қоғамдық ұйымдар бюджет ашық болуы керек деген мәселені тұрақты көтеріп келеді. Жуырда ғана «Сандж» зерттеу орталығы Бюджет ашықтығы индексін жариялады. Аталған индекстегі көрсеткішке сүйеніп, еліміздегі бюджет ашықтығына қандай баға бересіз? – Сіз айтқан рейтингте Қазақстанның бюджет ашықтығы көрсеткіші жақсарып, 58 балл жинады. Бұған дейін жасалған рейтингте 53 балл алған болатын. Біз жаңа индекстің қорытындысын екі жыл күттік. Ал индекс көрсеткішінің біз үшін жақсаруы үлкен жұмыстың, әсіресе Қаржы министрлігінің қажырлы еңбегінің нәтижесі деп санаймын. Бюджет ашықтығын көп адам бағаламайды, түсінбейді, мұны мұнайдың бағасы немесе Ұлттық қорда қанша ақша қалғаны туралы ақпарат сияқты нақты өмірге ешқандай қатысы жоқ деп санайды. Егер біз күн сәулесі дезинфекциялаудағы ең жақсы құрал десек, бюджеттің ашық, мөлдір болуы да жемқорлықтың алдын алудағы ең тиімді тәсіл. Шынында, бюджеттің ашықтығы бюджетте қанша ақша бар және ол қандай мақсатта жұмсалды дегенге тікелей байланысты. Соңғы он жыл ішінде бюджеттің ашықтығы индексі 20 тармаққа өсті, бұл ашықтықты жақсарту бойынша ауқымды жұмыс атқарылғанын көрсетеді. Бұл орайда Қазақстанның позициясы Моңғолия, Түркия және Тәжікстаннан жоғары, ал Ресей, Грузия және Қырғыз Республикасынан төмен. Бір айта кетерлігі, халықаралық деңгейде республикалық бюджеттің ғана ашықтығы бағаланады. Ал жергілікті бюджет бөлек бағаланады, ал оның ашықтығы өте нашар. – Неге олай? Жергілікті әкімдер бюджеттің ашық болуына мүдделі емес пе әлде бюджет ашықтығын қамтамасыз етуге білімі жетпей ме? – Жуырда ғана жергілікті бюджеттердің ашықтығы туралы зерттеу қорытындысы жарияланды және Қазақстан үшін орташа балл 33-ті құрады. Ашықтықтың ең жоғары деңгейі дәстүрлі түрде Шығыс Қазақстан облысында – 63 балл, ең төменгісі Жамбыл және Түркістан облыстарында. Жергілікті бюджет ашықтығының төмен болуының бірнеше себебі бар. Біріншіден, жергілікті бюджеттер дербес және әкімдіктер олардың қаншалықты ашық болатынын өздері шешеді. Екіншіден, жергілікті бюджеттің ашықтығына ортақ талап жоқ, сондықтан аймақтарда әртүрлі тәжірибе қалыптасып отыр. Үшіншіден, әрине өңір басшылығы тарапынан бюджетті ашық етуге қызығушылық жоқ, оған салмақты себеп көріп тұрған жоқ. Мысалы, Қаржы министрлігі үшін мұндай ынталандырушы құралы халықаралық ашықтық рейтингісі және бұл көрсеткіш Қаржы министрлігінің стратегиялық жоспарына да енгізілген. Ал әкімдіктерде мұндай сыртқы ынталандыру болмағандықтан, жергілікті әкімдер басы артық жұмыс үшін бас қатырғысы келмейді. Иә, сонымен қатар бюджет ашықтықты қамтамасыз ету үшін әкімдер тарапынан тәжірибе немесе әлеуеттің (біліктік) жетіспеуі де белгілі бір деңгейде әсер етеді. – Мүмкін жергілікті бюджеттің ашықтығын жақсарту үшін әкімдер рейтингін жасайтын институттар әр әкімнің өңір бюджетін қаншалықты ашық еткенін ескеруі керек шығар, қалай ойлайсыз? – Бұл – жақсы ұсыныс. Бюджеттің ашықтығы аймақтың инвестициялық тартымдылығына тікелей әсер етеді. Ал әкімдердің негізгі міндеттерінің бірі – аймаққа инвестиция тарту және экономикалық дамуды қамтамасыз ету. Егер біз бюджеттің ашықтығы индексін әкімдер рейтингін жасауда ескерер болсақ, онда бюджет ашықтығын арттыруға бұл жақсы мотивация болар еді. Бірақ мұнда бюджет мөлдірлігінің экономика үшін артықшылықтарын ұғыну емес, рейтинг қуып кету қаупі туындауы мүмкін. Бірақ екінші жағынан, кейде техникалық мәжбүрлі заттар кейінірек азаматтық бюджет сияқты жақсы тәжірибеге айналған мысалдар бар. Сондай-ақ бюджеттің ашықтығы мәслихат депутаттарының рейтингіне де әсер етуі керек. Бірақ қазіргі уақытта ешкім мәслихат депутаттарын бағаламайды, ал бұл олардың қызметіндегі үлкен бағыттың бірі.
Бюджет процесіне қоғамның қатысуы өте нашар
– Мемлекеттік органдардың бюджетті жоспарлау, бекіту және орындау, сондай-ақ бюджет туралы есеп беруіне азаматтық қоғам тарапынан бақылау қай деңгейде? Біз әдетте меморгандарды бюджетті ашық етпеді деп сынаймыз. Ал бюджет ашықтығын талап ете алмайтын қоғамды неге сынамаймыз? – Бүгінгі таңда расында, бюджет ашықтығы индексінің жалпы жақсарғанына қарамастан, қоғамның қатысуына қатысты мәселе әлі де өзекті күйінде қалып отыр. Мәселен, бюджет процесіне қоғамның қатысуы өте нашар деңгейде. бұл тарау бюджет ашықтығы индексінде 100-ден 17 балды ғана алған. Қоғамдық кеңестерге, ашық бюджет порталының барына қарамастан, мемлекеттік органдар бұл мәселе бойынша жағдайды жақсарту үшін маңызды қадам жасамай отыр. Әрине, халықтың өзі де белсенді емес деген балама пікір бар, бірақ халықтың бюджет процесіне қатысу мәдениетін мемлекеттік органдар қалыптастырады және оны насихат пен популизм қуып, жалған кеңестер құрып жасаудың қажеті жоқ. Халықтың осал тобының ұсыныс-пікіріне құлақ түруі керек.Ұлттық қордағы ақша қанша жылға жетеді?
– Жуырда өткен онлайн конференцияда квазимемлекеттік сектордың қаржылық есебінің жариялануына қатысты ұсыныс жасадыңыз. Бұған не себеп болды? – Иә, квазимемлекеттік сектордың қаржылық есептілігі тез арада жүктеліп, талдап, бағалауға мүмкіндік беретіндей түрде болуы керек деген ұсыныс жасадым. Бүгінгі таңда квазимемлекеттік секторды бақылау үшін Есеп комитеті мен тексеру комитеттерінің рөлі күшейтілді. Бірақ квазимемлекеттік сектор – бұл мыңдаған заңды тұлғалардан тұратын алып сала. Есеп комитеті де, тексеру комитеті де квазисектордағы компаниялардың қаржылық жағдайын бір жылда тексеріп үлгермейді, жоспардағы компанияларды ғана тексереді. Егер қандай да бір салмақты себеп болып жатса, кей компанияны кезектен тыс тексеруі мүмкін. Ал осы саладағы компаниялардың барлығын жыл сайын тексеру физикалық тұрғыда мүмкін де емес. Ал аталған сектор қаржылық есептерін Мемлекеттік мүлік комитетінің веб-сайтына pdf нұсқада орналастырады. Бұл мониторинг пен бағалау міндетін ауырлатып отыр. Сондықтан квазимемлекеттік сектордың қаржылық есебі барлық адамның жүктеп алуына мүмкіндік беретін форматта орналастырылуы керек. Сонда оны кез келген адам ашып көріп, танысып, өзіне қажетті ақпаратты ала алады.Қаржы министрлігіне норвегиялық сайттың үлгісі бойынша жеке веб-сайт құру арқылы Ұлттық қордың ашықтығын қамтамасыз етуді ұсындым. Біздің Ұлттық қорымыз 2001 жылы құрылды. Ол әлі күнге дейін шот түрінде жұмыс істеп келеді. Себебі Ұлттық қор заңды тұлға болып саналмайды, сондықтан веб-сайты да жоқ. Ал оның мардымсыз есептерін Қаржы министрлігі мен Ұлттық банктің веб-сайтынан ғана таба аласыз. Ашықтық – бұл мақсат қою мен сенім арту.
– Биылғы дағдарыс қоғам назарын Ұлттық қорға аударды деуге болады. Қарапайым халық қаржылық қиындықтан алып шығатын қорымыз барын біле бастады. Бірақ мынадай түсініксіз жағдай бар: Ұлттық қордың қаражатын қалыптастыру және пайдалану тұжырымдамасында (Қазақстан Президентінің № 385 Жарлығы – 08.12.2016) қор қаржысын екінші деңгейлі банктерді қорландыруға тыйым салынған. Ал біздің елде бұған дейінгі дағдарыстарда екінші деңгейлі банктерді сауықтыру үшін Ұлттық қордан қомақты қаржы бөлінгені белгілі. Бұл қалай болғаны? – Екінші деңгейлі банктерді қаржыландыруға былтыр тыйым салынды. Оған дейін банктерді сауықтыру үшін деп Ұлттық қордан ақша бөлу жағдайлары болды. Бұған заңнамадағы алшақтық, дағдарысқа қарсы бағыттарды қаржыландыруды айналып өтуге мүмкіндік беретін тетіктер себеп болды, ал банктерге көмек беру дағдарысты еңсеруге бағытталған іс-шаралар ретінде танылған еді. Өз басым бұл тыйымға толықтай келісемін. Өйткені екінші деңгейлі банктер еркін нарықтың қатысушылары болғандықтан, жеке мәселелерін өздері шешуі керек және Ұлттық банк сияқты реттеуші салымшылар зардап шекпеуі үшін банктердің дағдарыс жағдайын қадағалап, алдын алуы керек. – Қаржы сарапшылары жиі мысалға келтіретін Норвегияның зейнетақы жинақтау қоры әлем бойынша ірі мемлекеттік қор саналады. Мұнайдан түскен табысты жинақтаудың үздік үлгісі саналатын осы қор биылғы дағдарыста алғаш рет активтерін сатуға шығарды. Бізге қарағанда халқы аз, ақшасы көп Норвегия жинаған 9 триллион доллардың көбесін сөге бастады. Осындайда «біздің Ұлттық қорда қалған 57 млрд доллар дағдарыста жыртығымызға жамау бола ала ма?» деген сұрақ туындайды… – Норвегиялық әл-ауқат қоры әлемдегі барлық акциялардың шамамен 1,5 пайызын иеленеді, орташа кірісі қордағы ақшаның 6,1%-ын құрайды. Осы жылдың бірінші тоқсанында кірістілік алғаш рет 15 пайызға минус көрсетті. Қордағы ақшаны әр норвегиялық үшін бөлсе, шамамен 190 000 доллардан келеді екен. Норвегиялық қордың моделі – ақшаны тек кірістен жұмсау және негізгі активтерге қол тигізбеу, алайда пандемияның жаһандық дағдарысына байланысты активтердің бір бөлігін сатайын деп жатыр. Бұл ақпараттың бәрін біз норвегиялық қор қызметінің жоғары деңгейдегі ашықтығының арқасында біліп отырмыз. Норвегиядағы қор туралы ақпарат https://www.nbim.no сайтында қолжетімді. Әлемнің кез келген адамы ашып оқи алады. Қаржы министрлігіне норвегиялық сайттың үлгісі бойынша жеке веб-сайт құру арқылы Ұлттық қордың ашықтығын қамтамасыз етуді ұсындым. Біздің Ұлттық қорымыз 2001 жылы құрылды. Ол әлі күнге дейін шот түрінде жұмыс істеп келеді. Себебі Ұлттық қор заңды тұлға болып саналмайды, сондықтан веб-сайты да жоқ. Ал оның мардымсыз есептерін Қаржы министрлігі мен Ұлттық банктің веб-сайтынан ғана таба аласыз. Ашықтық – бұл мақсат қою мен сенім арту. Карантин кезінде, қорқыныш пен күмән туындағанда адамдар өз үкіметіне, әкіміне сенім артады. Дағдарыс сыбайлас жемқорлық тәуекелін туғызудың тәсілі емес деп мемлекетке сенгісі келеді. Осы сенімді күшейту үшін Ұлттық қор ашық болуы керек. Ұлттық қор ашық болған сайын, ондағы қаражат та көп болар еді. Өйткені сарапшылар тәуекелдерді немесе қолайсыз инвестицияларды және қор инвестициялары кірісінің төмендігінің себептерін байқар еді. Норвегиялық үлгідегі сайт бізге сол үшін керек. Жекелеген сарапшылардың пікірінше, егер мұндай дағдарыс пен мұнай бағасының төмендеуі жалғасар болса, онда Ұлттық қордың қаражаты 6 жылға жетуі мүмкін. Сондықтан біз бюджет ашықтығын қамтамасыз етуді талап ете беруіміз керек. – Сіз басқаратын Zertteu Research Institute карантин енгізілгелі бері мемлекеттік сатып алу порталы арқылы бюджет қаржысының жұмсалуына бақылау жасап келеді. Бақылау қандай нәтиже берді? – Карантин жарияланған сәттен бастап біз әлеуметтік желілердегі парақшамызда Корона-Сатыпалу айдарын жүргізіп, коронавируспен күресу мақсатында өткізілетін мемлекеттік сатып алуларды жариялау туралы шешім қабылдадық. Өйткені бұл сатып алулар мәмілелерді тез және тікелей бәсекесіз арнайы режимде жүзеге асырады. Мұндай жағдай әдетте сыбайлас жемқорлық қаупін тудырады. Мәселен, гүл сатумен айналысатын компания маскаларды жеткізу бойынша тендерді жеңіп алды. Сондай-ақ бағасы нарықтық бағадан асып кететін қорғаныш костюмдер мен тепловизор жеткізу бойынша тендер ұтып алғандар болды. Біз осындай сатып алулар туралы жариялағаннан кейін 150 млн теңгенің үш келісімшарты тоқтатылды. Ал Түркістан облысындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің басшылығы мемлекеттік сатып алу порталын бақылау арқылы бюджетте 221 миллион теңге үнемделгенін мәлімдеді. Сондықтан коронавируспен күреске бөлінетін барлық қаржының ашықтығын қамтамасыз ету маңызды. 12 мамырда Қазақстанның жетекші 30 үкіметтік емес ұйымымен бірге барлық шығындардың ашықтығын қамтамасыз ету үшін елдің жоғары басшылығы мен барлық деңгейдегі әкімдеріне үндеу жолдадық. Ол үндеуде Мемлекеттік комиссия бөлген қаражат туралы барлық ақпаратты жинау және жариялау, бөлінген қаржыдан ақша алушылардың барлығын көрсете отырып, коронавируспен күреске бөлінген қаражаттың негізділігі туралы есепті жариялау талап етілген. Аталған есепті Парламентте талқылап, ол материалдарды мемлекеттік органдардың сайттарында жариялау, сонымен бірге тәуелсіз және азаматтық қоғам ұйымдарының орталық және жергілікті деңгейде бюджеттік шығындар мен қабылданған шешімдерді бақылауға қатысуын қамтамасыз ету де сұралды. – Әңгімеңізге рақмет!Сұхбаттасқан Халима БҰҚАРҚЫЗЫ