Мәжіліс спикері Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен Парламент палаталарының бірлескен отырысы өтті. Күн тәртібіне сәйкес, депутаттар Конституциялық кеңестің «Қазақстандағы конституциялық заңдылықтың жай-күйі туралы» жолдауын тыңдады. Сондай-ақ ел Үкіметінің және Есеп комитетінің 2018 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есептерін талқылай келе, мақұлдады.
Бірінші мәселе бойынша сөз сөйлеген Конституциялық кеңестің төрағасы Қайрат Мәми Ата заң – егемендігімізді паш ететін, азаттығымызды айқындайтын маңызды құжат және татулықты ту еткен елдігіміздің алтын қазығы екеніне назар аудартты.
– Конституцияны құрметтеу, бұлжытпай орындау – алға қойылған биік мақсаттарға қол жеткізудің алғышарты. Бұдан бұрынғы жолдауды жариялағаннан бергі кезең Қазақстанның мемлекеттілігі мен конституциялық бірегейлігі үшін тарихи таңбалы оқиғаларымен ерекшеленді. Мемлекет басшысы өкілеттігінің бейбіт көшуі, Конституцияға өзгерістер енгізу және Президенттің кезектен тыс сайлауы Конституцияның талаптарына қатаң сәйкестікте өтті. Осылайша, тәуелсіздік таңында Елбасы мәлімдеген және тұрақты түрде қамтамасыз етіліп отырған Ата заңның рухы мен әрпін адал сақтау бағытының сабақтастығы және оған қатысты қоғам мен мемлекеттің бұлжымастығы қайта расталды, – деді Қ.Мәми.
Өз сөзінде ол Конституцияның 4-бабының 3-тармағын іске асыру мақсатында «Қазақстанның халықаралық шарттары туралы» заңына ратификациялауға жатпайтын және ел Конституциясымен еш келіспейтін халықаралық шарттарды қабылдауға немесе бекітуге жол бермеу бөлігінде түзетулер енгізуді ұсынды.
– 2020 жылы Ата заңға 25 жыл толады. Мемлекеттік органдар мен қоғамдық бірлестіктер оның арқасында қол жеткізілген жетістіктерді, сондай-ақ мемлекеттің, қоғамның және әрбір қазақстандықтың басты назарын талап ететін сын-қатерлер мен тәуекелдерді талдай отырып, осы тарихи оқиғаға дайындалуы тиіс. Жаңа конституциялық шынайылық кезінде Ата заңның беделін ары қарай көтеру, конституциялық патриотизм мемлекетін қалыптастыруды жалғастыру қажет, – деп түйді Конституциялық кеңес төрағасы.
Екінші мәселе бойынша Үкімет басшысының орынбасары-Қаржы министрі Ә.Смайылов пен Есеп комитетінің төрайымы Н.Годунова баяндама жасап, бюджеттің қаншалықты тиімді жұмсалғанын талдады.
– Сапасыз бюджеттік шешімдер 2018 жылы 138 миллиард теңге бюджет қаражатының тиімсіз жұмсалуына соқтырды. Сонда бұл үшін кім жаза тартты? Негізінен, шешім қабылдауға қатыспаған қарапайым орындаушылар. Мысалы, Есеп комитетінің материалдары негізінде 224 қызметші тәртіптік жауапқа тартылды. Олардың тек 9%-ы – басшылар, – деді Наталья Годунова.
Премьер Асқар Мамин бұл түйткілдің түйінін тарқату үшін заңға өзгерістер енгізілетінін айтты.
– Бұл үдерісте көптеген кемшілік бары рас. Оларды жою, бюджеттік жоспарлауды жетілдіру мақсатында біз Үкіметте заңнамаға өзгерістер дайындап жатырмыз. Мысалы, меморгандар алдымен өздерінің стратегиялық жоспарларын бекітеді де, кейін соларға шығыстар лимитін белгілейді. Енді басқаша болады, яғни шығыстар стратегиялық жоспарлар қабылдау кезінде бекітіледі. Нәтиже де шығыстар көлеміне қарай анықталады. Осының арқасында бюджет те сапалы жоспарланады деп сенеміз. Жауапкершілік мәселесіне келсек, бірінші басшылардың жауапкершілігін күшейтуге бағытталған жаңа заң жобасы әзірленуде. Ол жобаны 2019 жылдың аяғына қарай Парламентке енгіземіз, – деді А.Мамин.
Елдос СЕНБАЙ