Тату елге тыныштық орнайды
Тату елге тыныштық орнайды
434
оқылды

Елімізде болып жатқан ауқымды саяси өзгерістерге Қазақстан халқы ассамблеясы да үн қосты. Соған орай, Ұлттық академиялық кітапхана төрінде ҚХА ғылыми-сарапшылық кеңесінің кеңейтілген отырысы өткізілді.

«Бүгін Ұлы тарихымыздың тағы бір шебіне тәуелсіздігі бекем, болашағы айқын ел ретінде қадам бастық. Осының бәрі қоғамдық бірлік пен ішкі саяси тұрақтылықты сақтауы­мыздың, ұлтаралық қатынас­тарды реттеудің тиімді тетіктерін жасай алуымыздың арқасында мүмкін болып отыр. Бұл Қасым-Жомарт Тоқаевтың сайлауалды бағдарламасында айқындалған «Сабақтастық. Әділдік. Өрлеу» принциптерімен ұштасады. Сабақтастық деген қоғамның бірлігін сақтау, ел азаматтарының тұрмыс сапасын арттыру. Осы орайда қоғамдағы әлеуметтік-экономикалық және саяси-рухани өзгерістер мен жаңару­лар­ды жүргізуге ассамблея белсене атсалысып жатыр», – деді кеңесті ашқан ассамблея Төрағасының орынбасары – Президент Әкімшілігі ҚХА хатшылығының меңгерушісі Ж.Түймебаев.

ҚР Президенті жанындағы МБА этносаралық және конфес­сияаралық қатынастарды зерттеу орталығының жетекшісі, ҚХА ҒСК төрайымы, әлеумет­тану ғылымдарының докторы А.Сәдуақасова «Қазіргі кезеңдегі Қазақстан халқының бірегейлігі мен бірлігі: даму үрдістері» атты, «Экономикалық зерттеулер институты» АҚ басқарма төра­ғасының орынбасары, эконо­мика ғылымдарының докторы Ш.Жақыпова «Қазақ­стандық қоғамның этноәлеуметтік құрылымы туралы» баяндама жасады.

«Жұмыла көтерген жүк жеңіл». Біріксек, талқыласақ, жүзеге асырсақ, шешілмейтін жағдай, жақсармайтын тұрмыс жоқ. Әлеуметтік жағдайды жақсартуға байланысты ҚХА Төрағасының орынбасары, Нұр-Сұлтан қаласы өзбек этномәдени бірлестігі төрағасы Шерзод Пулатов: «Жаңадан сайланған президен­ті­міз алға бірнеше бағыт қойды. Бүгінгі ғылыми-сарап­шы­лық кеңес осы бастамаларды жүзеге асыру үшін қандай жұ­мыс­тар атқару керегін талқы­ла­ды. Соның ішінде көпбалалы ана­­лар­дың жағдайына байла­ныс­ты жаңаша көзқараспен, жаңаша жол ұсынбақпыз. Құр уәде бер­мей, нақты іске көшуіміз керек. Әлеуметтік желілерде тарап жүрген әңгімелерге сенбей, та­ту­­лығымызды жоғалтып алма­уы­­­мыз абзал. Біздің басты бай­лы­­­­ғымыз – бірлік. Қазақстан – біздің ортақ Отанымыз. Осындай кезде әр азамат өзінің отансүй­гіш­тігін дәлелдеуі керек», – деді.

Ассамблея жастарды қолдау­ды ешқашан ұмытқан емес. ЕҰУ Қазақстан халқы ассамблеясы кафедрасының доценті Хамил Масловтың айтуынша, Жастар жылы аясында біршама шара ұйымдастырылған: «ЕҰУ-де осыдан 6 жыл бұрын ашылған ҚХА кафедрасы жастарды оқу-ағарту саласына тартып келеді. Студенттер арасында түрлі ғылы­ми, тәрбиелік бағыттағы шаралар ұйымдастырылып жүр. Соның бірі – биылдан бастап 1-курс студенттеріне рухани жаң­ғыру­ға, мәңгілік ел құнды­лық­тарына байланысты арнайы оқу курсы енгізілді. Бұл Қазақ­стан­ның түкпір-түкпіріндегі жоғары оқу орындарында оқы­ты­­лып жатыр. Студенттер ғылы­ми жұмыстарын осы арнайы курстар аясында алып жатыр».

Тату елге тыныштық орнай­ды, бейбіт елде ғана береке бола­ды. ҚХА Төрағасының орын­басары Ж.Түймебаев: «Ғылыми-сарапшылық кеңестің мақсаты – саяси жағдайларға болжам жасап, қоғамды алауыз­дықтан сақтау. Яғни, халық санасына саңылау сала отырып, демокра­тия құндылықтарының дәнін егу, жастарды отансүйгіштікке тәрбиелеп, этносаралық қаты­насты нығайту, – деп ғылыми-сарапшылық кеңес жұмысының өзекті мәселелерін талқылап, іске асырылуы тиіс бірқатар тапсырмалар берді.

 

Көктем ҚАРҚЫН