Қайтыс болған адам мен түрмеде жатқандардан да 42500 теңге алу үшін өтініш түсті – Вице-министр
Қайтыс болған адам мен түрмеде жатқандардан да 42500 теңге алу үшін өтініш түсті – Вице-министр
5,225
оқылды
42 500 теңгеге 8 миллионнан астам адам өтініш берген. Бұл туралы еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ақмади Сарбасов хабарлады. Ресми мәліметке сәйкес, әлеуметтік төлем алуға 8 миллионнан астам өтініш түскен. Соның ішінде 4,6 миллион адамға 42 500 теңге берілді. Осылайша өтініш бергендердің жартысына жуығының табысынан айырылғаны расталмаған. "Төтенше жағдай кезінде табысы артқан азаматтар да болған. Соған қарамастан әлеуметтік төлемге өтініш берді. Бұдан бөлек, өтініште көрсетілген мәліметтер нақты деректерге сәйкес келмеді. Табысты екі жақтан алып отырғандар да болды. Сосын қайтыс болған адамдардың атынан немесе басқа елге көшіп кеткендердің атынан жалған өтініштер берілді. Тіпті, түрмеде отырғандардан өтініш түскен. Негізі олар мемлекеттік қамсыздандыру жүйесіне кіреді", - деді Сарбасов бүгінгі онлайн брифингте. Оның айтуынша, алғашқы айда 3,7 миллион адам төлем алса, екінші айда 2,9 миллион адамға берілді. Қаржының жалпы сомасы 194,2 миллиард теңгені құрап отыр. Айта кетейік, жақында министрлік әлеуметтік төлем беру ережесіне тағы өзгеріс енгізді. Оған сәйкес, кері қайтарылған өтініштер қайта қаралады. Ол үшін жұмыспен қамту бөліміне тиісті құжаттарды тапсыру керек. Жалдамалы жұмысшылар үшін жұмыс берушілер өтініш берсе, жеке кәсіпкерлер өздері арыз жазады. Өтініштерді аудандық штаб қарайды.