Парламентте Мәжіліс спикері Нұрлан Нығматуллиннің төрағалығымен Палатаның жалпы отырысы өтті. Жалпы отырыста Мәжіліс депутаты Дархан Мыңбай мемлекеттік тіл мәселесіне қатысты Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары Гүлшара Әбдіқалықованың атына депутаттық сауал жолдады. Біз төменде Дархан Мыңбай жолдаған депутаттық сауалдың мәтінін сөзбе-сөз ұсынып отырмыз.
– Құрметті Гүлшара Наушақызы! Парламент Парламент болғалы, қос палатасымен қанат жайғалы мемлекеттік тілге байланысты депутаттық сауалдар аз болмағаны жұртшылыққа мәлім. Тіл туралы Қазақстан Республикасының заңы, бірнеше мемлекеттік бағдарламалар да қабылданып, жүзеге асырылып келеді. Қызылкеңірдек болып айтысқан заман да келмеске кетті. Оған мың шүкір десе болады. Ендігі жерде мемлекеттік тіл бойынша сөздің емес, нақты да тыңғылықты істің кезегі келгені ақиқат.
Тәуелсіздік тарихымызда мемлекеттік тілге қатысты заңның қабылдануына алғаш рет мұрындық болған, Біріккен Ұлттар Ұйымының төрінен тұңғыш рет ана тілімізде сөз сөйлеген Елбасы әр кез тілді әсіре саясат құралына айналдырғысы келгендерді жүйесімен, орнымен тыйғанын талай рет көзбен көрдік. Алайда тіл мәселесін үйлестірумен шұғылданатын жалғыз өкілетті мемлекеттік орган Мәдениет және спорт министрлігіне қарасты құрылымның атауы Тіл комитеті емес, Тіл саясаты комитеті болуы Елбасы ұстанымына кереғар емес пе? Ұлтты және этностарды ұйытатын құрылымға «саясат» сөзін қосудағы мақсат не, қағидат қайсы? «Саясатты» бадырайтып жазу қаншалықты маңызды? Әлде мемлекеттік тіл тек саясаттан басталып, саясатпен өріле ме? Мұндай ерсі қосымша атау «Мәңгілік ел» мұратына сәйкес келмейді. Егер жауапты органдар саясат атауы ұлттың, тілдің тасын өрге домалатады деп тапса, онда барлық сала атауына осы сөзді қосуға не кедергі? Жоқ, біз бұлай рухани жаңғыра алмаймыз. Құрылымның атын байыптадық, енді затына зейін салайық. Осы ретте көкейкесті мәселенің бірі – мемлекеттік тілді цифрлы технологияға көшіру жайы. Нақтырақ айтсақ, күн тәртібіндегі мәнді істер – аса қажетті компьютерлік бірыңғай бағдарламаларды әзірлеу және оларды бүкіл еліміз бойынша жаппай ақысыз тарату жағын ойластыру. Біріншісі – мемлекеттік тілде сауатты жазуға мүмкіндік беретін, емле ережесіне қатысты қателерді іздеп табатын компьютерлік бағдарлама. Екіншісі – дауыс таспасын (аудио) мәтінге айналдыратын арнайы дыбыстық конвертер. Мұндай оңтайлы әрі тиімді тәсіл көптеген елде бұрыннан қолданылып келеді. Оның аудармашы үшін де артықшылығы мол. Бүгінгі мемлекеттік тіл үшін ауадай қажет осы екі бағдарлама да қазақ тілінің қолданбалы-практикалық даму белесін анықтайды. Бұл сөзден іске көшудің нақты жолы деп білеміз. Мұндай бағдарламалар мемлекеттік тілде сөйлеуді ғана емес, жазуды да тезірек үйретеді. Сонымен бірге, іскерлік сөздік қорын түзуге, оны пайдалануға кең мүмкіндік туғызар еді. Елбасының сөзімен айтсақ, егер біз қазақ тілі ғұмырлы болсын десек, оны жөнсіз терминологиямен қиындатпай, қазіргі заманға лайықтауымыз керек. Бұған қоса, мемлекеттік тіл бойынша ілеспе (синхронды) аударманың мемлекеттік стандарттарын бекітіп, осы саланың мамандарын даярлайтын еліміздегі жоғары оқу орындарын тиісті аттестациялардан өткізуді маңызды деп есептейміз. Жалпы айтқанда, мемлекеттік тілге қатысты кез келген жаңа жобаларды барлық бұқаралық ақпарат құралдарында, әлеуметтік желілерде жан-жақты жарнамалап, насихаттауды міндеттеу де – баршаға ортақ, кезек күттірмейтін іс. Бұл қаражатты қажет етпейді. Мемлекеттік тілге деген ақ ниет пен оң көзқарастың өзі жеткілікті.
1925-27 жылдары Халық ағарту министрі болған көрнекті қайраткер Смағұл Сәдуақасұлы: «Қазақ тілін мемлекеттік тіл ету – билік басындағы бір-екі төренің емес, әрбір қазақтың намысына байлаулы іс» деген екен. Осы сөздің астарын терең ұғынсақ, қазір мемлекеттік тіл үшін жауапкершілікті тек мемлекетке емес, әр отбасының, әрбір Қазақстан азаматының мойнына жүктеудің артықтығы жоқ деп ойлаймыз. Бұл міндетті шешуде азаматтық қоғам институттары белсенділік танытуға тиіс. Яғни, түрлі отбасылық, қоғамдық жобаларға бірлескен форумдарға, тіл тазалығын сақтау шараларына және әлеуметтік сауалнамаларға тиісті гранттар қарастыруға болар еді. Қазақстан Республикасы Тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламаларын орындау мерзімі де аяқталып келеді. Оны ұзарту немесе жаңасын әзірлеу барысында бұған дейінгі бағдарламаға енген бірқатар науқандық немесе бір реттік шаралар мен түрлі байқаулардан арылып, қазіргі заманғы ақпараттық технологияларға сәйкес келетін және халықты көп қамтитын онлайн-семинарлар, тренингтер өткізуді, қашықтықтан оқыту жүйелерін жолға қойса, құба-құп болар еді.
Сонымен бірге, күн тәртібінде тұрған латын әліпбиіне көшудің тиімді шараларын, электронды бұқаралық ақпарат құралдарын, әсіресе, балаларға арналған хабарлар мен баспа өнімдерін барынша көбейтуді, соңғы кезде «Рухани жаңғыру» бағдарламасы қазақ тіліндегі «100 жаңа оқулық» жобасы бойынша қолға алынған аударма саласын одан ары байыту мен жүйелеуді, тіл тазалығын сақтауға қатысты нақты тиімді тетіктерді енгізуді сұраймыз.