Мақтаарал ауданындағы су басқан егістік алқаптары қайта қалпына келтіріліп, шитті мақта егу жұмыстары басталды.
Осы мақсатта Мақтаарал ауданына Өзбекстанның Жызақ және Сырдария облыстарынан 40 арнайы техника мен 243,6 тонна мақта шиті жеткізілді. Оның 15-і чизель агрегаты болса, 11-і жүйекаралық қопсытқыш, 14-і дән сепкіш (сеялка) тракторлары. Аудан аумағына кірген техникалар қазіргі уақытта суы тартылған елді мекендердегі шаруаларға көмектесіп, мақта дақылын қайта егіп беріп жатыр. Мәселен, Ж.Нұрлыбаев ауылдық округіне қарасты Қарақыр елді мекеніндегі «Жаманқұл» шаруа қожалығы өзбекстандық техниканың арқасында 7 гектар алқабына мақта шитін қайта сеуіп шықты.
«Өзбекстандық техниканың көмегімен топан су басқан 7 гектар алқабыма мақта дәнін қайта сеуіп алдым. Көрші ағайындар техникадан бөлек,жанар-жағармайын, сұрыпты шитін де тегін беріп отыр. Бұл шығынға ұшыраған біз секілді диқандарға үлкен көмек екені сөзсіз», – дейді «Жаманқұл» шаруа қожалығының мүшесі Жандос Сапархан.
Жалпы, топан судан Мақтаарал ауданындағы 7 500 гектар егістік алқап зардап шеккен болатын. Соның 5 035 гектары Жаңажол ауыл округіне тиесілі. Өзбекстандық техникалардың басым көпшілігі де осы ауыл округіне бөлініп отыр. Түркістан облыстық өңірлік коммуникациялар қызметінің дерегінше, бұдан бөлек, Еңбекші ауылдық округіне қарасты Жаңа тұрмыс және Жантақсай елді мекендеріндегі жалпы аумағы 113,31 гектар егістік алқапты қайта өңдеу жұмыстарына да өзбекстандық техникалар бөлінді.