Кейбір оқиғалар баяу ағыспен басталып, бірте-бірте арынды өзенге айналып кете баратын бұлақтарға ұқсайды, олар уақыт өте келе тұтас мемлекеттер мен халықтар үшін аса маңызды мәнге ие болады.
Ол оқиғалардың бойында қоғамның іргелі негіздерін қозғайтын өзгерістердің өзегі бар. Өткенге зер салып қарасақ, жағдаяттардың жарасымсыз жымдасуынан аса ауқымды қоғамдық катаклизмдер орын алып, сан ғасырлық өркениеттер мен мәдениеттердің құрдымға кеткенін көреміз. Абырой-атағын жұрт жаппай мойындап, даңқын нақты істермен тиянақтаған аса көрнекті тұлғалар ғана тарихтың барысын ырқында ұстап, оны сындарлы арнаға салып жібере алады. Мұндай мемлекеттік қайраткерлер өзінің алдындағы, қоғамның алдындағы жауапкершіліктің алапат жүгін иығына арта біледі де, асқақ мақсат-мүддесін жеріне жеткізе орындайды.
Қазақ КСР-нің жоғары басшылығына Кеңес Одағының талқаны таусылар тұсында келіп, осынау тар жол, тайғақ кешуге түскен Нұрсұлтан Назарбаев дәл сондай көшбасшы болатын. Бұл жол осыдан дәл отыз жыл бұрын – 1989 жылдың 22 маусымында басталған еді, сол күні Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің XV пленумында Нұрсұлтан Назарбаев республика партия ұйымының бірінші хатшысы қызметіне сайланды. Бұл шешім Елбасының білікті басшылығымен жүзеге асырылған болашақтағы асқаралы асуларға бастайтын беташар сияқты болғанын, олар ақыр аяғында тәуелсіз Қазақстанның дүниеге келуіне жеткізгенін содан бергі жылдар көрсетіп берді.
Біз бұл мақаламызда осының бәрі қалай жасалғанын, ол жағдайларды нендей себептер туындатқанын, сол тұста таңдаудың неге Нұрсұлтан Назарбаев тұлғасына түскенін, басқа да күрделі сәттерді ой зердесіне салмақпыз.
Мұндай күрделі шырғалаңдарды сөз еткенде оларды жалпы тарихи контекстен және болған оқиғалардың бір-бірімен шырмауықтай шырмасқан өзара байланысынан бөлек қарастыру әсте мүмкін емес.
Ол жылдарда Қазақстан кеңестік мемлекеттің құрамында одақтас республиканың құқымен дамып келген болатын. Осындай әжептәуір жоғары мәртебесіне қарамастан, басқарудың барлық тетіктері одақтық орталыққа – Мәскеуге барып тірелетін, түйінді шешімдердің бәрі сонда қабылданып, жергілікті жерлерге өкімшіл тапсырмалар сол жақтан беріліп жататын. Басқарудың осындай сірескен сатылық жүйесі мемлекеттің барлық салаларын тырнағынан төбесіне дейін тырп еткізбей бақылап ұстап тұратын да, республикалардың адымын аштырмайтын.
Алайда, уақыт өте келе, 80-ші жылдардың орта шеніне қарай елде дағдарыстық құбылыстар бой көрсете бастады. Шаруашылық жүргізудің экстенсивті үлгісіне және теңгермешілдікке, мемлекеттің басын сұқпайтын жері қалмайтын жүйеге негізделген экономика адамдардың көптеген сұраныстарына сай келмеуге айналды. Сөренің астынан суырып салып, сауда жасайтын «қара базарды» шығарған тауар зәрулігі кеңестік қоғам өмірінің көзге бірден түспей қоймайтын белгісі болып алды.
«Темір шымылдықпен» қоршалған қоғамның және экономикалық автаркияның жағдайында КСРО-ның әлемнің белді елдерінен артта қалғаны барған сайын бадырайып көріне бастады. Көптеген салаларда үркітерлік үрдістер үлкейген үстіне үлкейе берді, өзінің о баста бойына біткен кемшіліктерінің салдарынан әкімшіл-әміршіл жүйе сыр беруге көшті. КОКП Орталық комитетінің Бас хатшысы Михаил Горбачевтің бастамашылығымен қолға алынған қайта құрудың Кеңес Одағын жаңғырту, ел дамуын жаңа арнаға бағыттау жөніндегі ниеті іске аспады. Қайта құру әуелде бүкіл елде, соның ішінде біздің Қазақстанда да үлкен үміт туғызып, көп нәрсе күттірген еді.
Алайда, басымдықтардың бұлыңғырлығы, нақты жұмыстың сылдыр сөзбен және қағазбастылықпен алмастырылуы, бәрінен бұрын – іс-қимылдың қолмен ұстайтындай бағдарламасының болмауы бір қиырдан бір қиырға шығандап шығып кете беруге, алдын ала ойластырылмаған қадамдарға әкеліп соқтырды. Осындай орашолақтықтар қатарында атышулы «алкогольге қарсы науқандарды» да, «еңбексіз келген табыспен күресті» де, қолға алынған реформалардың қадірін кетірген басқа қателіктерді де еске алуға болады. Мұндай жаңсақтықтар бара-бара ел басқару тізгінінен айырылуға, бейберекеттікті көбейтуге алып келді де, соның салдарынан мемлекет ыдырап тынды.
Сөз жүзінде басқарудың демократиялық тәсілдеріне көшуді жақтағанымен, іс жүзінде Орталық өзінің дегенін істеумен болды, бір ғана мақсатты – бәрін бастан-аяқ бақылап отыруды және айтқанына сөзсіз бағындыруды көздеді. Осындай көрсоқыр шешімдердің біреуі 1986 жылғы 16 желтоқсандағы «18 минуттық пленум» болды, онда Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің бірінші хатшысы Дінмұхамед Қонаев қызметінен кетірілді. Республикаға өзінің ойына келгенін істеген Орталық оның орнына Қазақстан жеріне табаны тиіп көрмеген, бұған дейін Ульянов облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы қызметінде істеген Геннадий Колбинді тағайындады. Тегінде, мұның өзі әдейі ойластырылған қадам сияқты. Өйткені, одақтық партия элитасы үшін жер көлемі Батыс Еуропаның аумағынан асып түсетін индустриялы-аграрлы Қазақстан ұдайы назарда тұратын мекен еді. Қуатты кен байытушы және аграрлы өнеркәсіп, энергетиканың, қара және түсті металлургияның алыптары құрайтын салалар мен кәсіпорындар елдің экономикалық жүйесінің біртұтас шаруашылық механизміне тұйықталған стратегиялық маңызды буындар болатын. Астықты аса мол өндіретін республика ретінде Қазақстанның Кеңес Одағының азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі алар орны да орасан еді.
Тағы бір өте маңызды себепті атап айту жөн: республика аумағында одақтың қуатты әскери-өнеркәсіптік кешеніне ғана тікелей бағынатын көптеген сан түрлі полигондар мен сынақ алаңдары бар-ды.
Сондықтан да 1986 жылдың желтоқсанында Колбинді әкеліп тағайындау Орталық тарапынан жариялылық пен қайта құру идеяларымен қанаттанып тұрған қазақстандықтардың пікіріне ашықтан-ашық астамси қараудың кеудемсоқтық көрінісі болды. Мұндай жағдайда басшылыққа жергілікті кадрлардың ішінен шыққан лайықты өкілдерді тарту қисынды әрі көкейге қонымды еді. Өйткені, құрамына 19 облыс кіретін, КСРО-дағы ең көпұлтты болып табылатын мұндай алып әрі күрделі республиканы басқару оңай міндет емес-ті. Алайда, Орталық осындай орынсыз озбырлыққа қарсылық білдірген студент жастардың аяқасты ұйымдастырылған бейбіт шеруін қатал күшпен басып-жаншыды. КОКП Орталық комитетінің «Қазақ республикалық партия ұйымының еңбекшілерге интернационалдық және патриоттық тәрбие беру жөніндегі жұмысы туралы» қаулы қабылдап, онда іс жүзінде бүкіл қазақ халқын ұлтшыл деп айыптауы одан да өткен моральдық-психологиялық ауыр соққы болды.
Республика жұртшылығы жек көретін көлденең көк атты Колбиннің аз уақыт арасында билік құруы тұсында анау айтқандай ештеңе тындырыла қоймады, көп ұзамай-ақ оның дәурені де өтуге айналды. «Қазақстан. Тосынсыйлар мен қасаңқалыптар» атты кітаптың авторы Дж.Айткен бұл қайраткерді «Колбин ескірген дәуірге қайта оралудың өзінше бір бейнесіне айналды» деп сипаттаған еді. Бұйрық алса бітті, құйрығын қайқайтып шаба жөнелетін осындай қайраткер-сымақтар ғой кеңес өкіметінің күні батуын тездеткен. Ол кәдуілгі «партия солдаты» болатын, ондайлардан басқа нәрсені күте қою да қиын. Біз Орталық комитет аппаратында жұмыс істеп жүргенімізде Колбиннің ет өндіру жоспарын сайғақтар мен жыл құстарын қырып атудың есебінен толтыруды ұсынғанын естіп, жағамызды ұстағанбыз.
Бұл орайда Елбасымыздың әдептілік пен ізеттіліктен аттамағанын, Колбин туралы ешқашан төменсітіп сөйлемегенін атап айту керек, ал талайлар Орталықтан әкелінген әлгінің жұмыс тәсілін сыртынан сөз етіп, келекеге айналдырып жүретін. Әйтсе де, осы жайында айтқанында Михаил Горбачев, оның сөзін Айткен келтірген, былай деп мойындайды: «Біздің Колбинге байланысты жіберген қателігімізді түзетуіміз қажет болды. Мұның өзі этносаралық қатынастар саласындағы бірінші өрескел қателігіміз еді, мен оны қайткенде де қайталамауға берік бекіндім. Біз бәріміз өз республикасын қазақтардың өзі басқаруы керек деп шештік, сөйттік де жаңа басшысы кім болатынын таңдауды олардың өздеріне қалдырдық».
Бұл кезде уақыт анағұрлым өзгере бастаған еді. Реформалардың табандап тұрып алуы және басшылықтың жөнсіз жүргізілуі бара-бара көңіл толмаушылықты көбейтті, тіпті алғаш рет жаппай митингілер мен ереуілдерге шыққан жұртшылықтың ыза-кегіне ұласты. Орталық пен республикалардың арасындағы ушыға түскен қарама-қайшылықтар да іскерлік түйінін таппады. Сондықтан да 1989 жыл Кеңес Одағы үшін егемендікке ұмтылыстың, митингішілдіктің және ереуілшілдіктің артуының, ұлтаралық қатынастардың шиеленісуінің бастапқы кезеңіне айналды, кейіннен олар аяусыз қантөгіс пен қақтығыстарға ұласты.
Орталық ендігі жерде Қазақстанда бұрын жіберілген қателікті қайталамауға тырысты, республикалық партия ұйымының басшылығына кандидатураны жергілікті кадрлардың арасынан іріктеуді жөн деп тапты.
Ол кездің өзінде-ақ Нұрсұлтан Назарбаевтың аты республикада да, одан тысқары жерде де ауыздан түспей тұрған болатын. Жұмысшы ортадан шыққандықтан, өзінің еңбек жолын металлургтің «отты» мамандығынан бастағандықтан да ол қарапайым жұртшылықтың мұң-мұқтажын басқалардан гөрі сергек сезінетін.
Назарбаев белсенді, білімге құштар еді, өндіріс мәселесі болса да, әлеуметтік жағдайлар болса да ештеңеге енжар қарамайтын, қашанда қоғамдық өмірдің қайнаған ортасында жүретін.
Біз әңгімелеп отырған кезге дейін комсомолдағы және партиядағы жұмыстың барлық сатыларынан өткен оның Қарағанды облыстық партия комитетінің екінші хатшысы, Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің өнеркәсіп, көлік пен байланыс жөніндегі хатшысы, сондай-ақ Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің Төрағасы қызметтерінде жинақтаған елеулі басшылық тәжірибесі бар еді. Ол республиканың әлеуметтік-экономикалық өмірінің барлық қыр-сырын қыртысына дейін білетін, әр облыстағы, әр кәсіпорындағы істің жайынан жақсы хабардар болатын. Сонымен бірге, стратегиялық тұрғыдан ойлайтындықтан, республиканың ғана емес, тұтас елдің де экономикалық дамуын болжай алатын. Талай адамдар оның басшылық әдісіндегі іскерлікті, нақтылықты және мәселені шешуге қашанда дайын тұратынын атап айтатын. Ол сол кездегі көптеген қайраткерлерден басшылықтың алдына мәселелерді өткір қоюымен және өзінің пікірін табанды түрде қорғауымен ерекшеленетін. Назарбаевтың мұндай қағидатшыл қасиеттерін, біліктілігі мен батылдығын бұрынырақтан, 70-ші жылдардан-ақ Мәскеудегілер де білетін, сол кезде ол жоғарыда жүрген партия қайраткерлерін республиканың өнеркәсіптік әлеуетін дамытуға, адамдардың тұрмысы мен жұмысы үшін лайықты жағдай жасау қажеттігіне сендіретін.
Алайда, одақтық Орталық басқа кандидаттарды да қарастырды. Талай атқарымпаздарды маңдайынан шертіп көрді. Алғаш рет азаматтардың ауызша сауалнамасы жүргізілді – Алматы тұрғындарын көшеде тоқтатып тұрып, пікірлерін сұрады. Содан кейін барып қана таңдау Назарбаевқа келіп тірелді.
Зияткерлік әлеуетімен, қуатты көшбасшылық қасиеттерімен қабысқан өмірлік және кәсіби тәжірибесі жаңа уақыттың рухына барынша толық сәйкес келетін кандидат тап Нұрсұлтан Назарбаев болып шықты.
Тарих дамудың сан қилы белестерінде қоғам мемлекет көшбасшысының белгілі бір түрін қатты керек ететінін көрсетеді. Қазақстанға да бәрінен қоғам мүддесін биік қоятын, ортақ іске шындап жан ауыртатын, жұртты еліктіріп, соңынан ерте алатын жаңа буын басшысы ауадай қажет еді.
Әйтсе де, мұның бәрі оп-оңай болмайтын. Назарбаевтың қағидаға қатып қалатын қасиетін, талапшылдығын жақтырмайтындар да, оның республика Министрлер кеңесінің төрағалығынан әрі қарай өспегенін қалайтындар да табылатын. Ондайлар домалақ арыздар домалатып тастайтын, біреулер оны тексере бастайтын.
Сыни тұрғыдан ойлай білетін Назарбаев елдегі басқарудың түрлері мен тәсілдері әбден тозып біткенін терең түсінді, кеңестік экономикалық үлгінің қиғаштықтарын және тиімсіздігін, олардың уақыттың талабына сай келмейтінін анық көрді. Сонымен қатар, оның бас қатыратын мәселелері тек экономиканың айналасы деп айту да атымен қате болар еді. Халықтың қайнаған халық ортасынан шыққандықтан да ол республиканың қоғамдық-саяси өмірінің, адамдардың көңіл күйінің барлық көкейкесті мәселелерін терең түсініп отырды. Реалист әрі прагматик адам ретінде Назарбаев сол қоғамдық ахуалдан қалтарыста жатып қайнаған өзгерістерді дәл сезіне білді және олардың өмірлік қажеттілігін айқын ұғынды.
Сол бір бетбұрыстық кезеңнің рухы мен Елбасы айқындаған бағыт-бағдарларға сенімнің бірегей куәсі ретінде Нұрсұлтан Назарбаевқа 1989-1990 жылдар аралығында Қазақстанның қиыр-қиырынан келіп түскен хаттар мен үндеулерді келтіруге болады.
Олар кейде сезімге ерік беретін, қатқылдау айтылатын, сонымен бірге шынайы сенімді және өзгерістер болады деген үмітті білдіретін. Осы мақаланы дайындау барысында Тұңғыш Президент – Елбасы архивінен алдыртқан құжаттарымыз – мұның айқын дәлелі. Мұндай хаттардың, әсіресе, Семей өңірінен көп түскенінің себебін түсіну қиын емес. Өйткені, дәл сол өңірде Семей ядролық полигонындағы сынақтардың зардабынан туындаған экологияның, адамдар денсаулығының проблемалары ерекше көкейкесті еді. Жүректі тіліп өтетіндей, сол сұмдықтан азап тартқан халыққа көмек көрсетуге ұмтылған осынау үндеулерді, шын мәнінде, жанайқай деуге болады. Мысалы, сол кездегі Семей облысының Абай ауданының тұрғындары Т.Сләмбеков, Х.Битербаев: «Лауазым иелері мен ведомстволардың адамдарға жүргізген эксперименттері үшін жауапкершіліктің, айырылған денсаулықтың өтемақысын алудың мәселелерін көтере жүріп... біз, әзірше тірі, ешкімге керегі жоқ, ауру қарттар, сан түрлі орындарға, тіпті М.С.Горбачевке дейін шағындық. Алайда, біз қазір де өз қасіретімізбен өзіміз ғана бетпе-бет қалып отырмыз. Көмектесе көріңіз!» деп жазған.
Көптеген үндеулердің негізгі арқауы – тіл мен мәдениетті, халықтың рухани мұқтаждықтарын қайта өркендету, олар ондаған жылдар бойы тұншықтырылып, толыққанды шешілмей келген еді. Бұл хаттар ұлттық сана-сезімнің серпінді дамуының, ұлттық бірегейлікті іздеудің көрінісі болатын. Айталық, өздерін қинаған ойларымен Гурьевтен (қазіргі Атырау) хат жолдаған Б.Аймағамбетов, Н.Наурызғалиев, Ж.Құтқұжиев: «Теледидар мен радио бәз-баяғысынша қазақша хабарды өте аз таратады. Ана тіліміздің мәдениетін насихаттаудың көлемі де, деңгейі де өте төмен» деп бөліседі. Олар қазақ тіліне Қазақстанда мемлекеттік тіл мәртебесі берілуі керек деп санайды.
Тағдырдың тәлкегімен туған жерден жырақта жүрген қандас бауырларымызбен байланыс орнату, олардың Қазақстанға қайтқысы келетіндеріне қолдау көрсету керектігі жөнінде де ойлар ортаға салынған. Бұл сөздер Семей студенттері мен жұмысшы жастар өкілдерінің хаттарында да жазылған, олар сондай-ақ әскери тақырыптағы кеңестік фильмдерде батыр қазақтардың көрінбейтініне, республиканың талай жерінде қазақ тіліндегі газеттердің жетіспейтіндігіне таңдана ашынатын, Алашорда қайраткерлерін ақтауды сұрайтын.
Елде ұлтаралық шиеленістің өршуіне алаңдаушылық танытқан азаматтар өздерінің ортақ үйі – Қазақстанда тыныштық пен бірліктің сақталуын, нығайтылуын жақтайтынын білдіреді. Мысалы, қысқа демалысы кезінде туған қаласы Гурьевте болып қайтқан десантшы солдат Игорь Коваленко былай деп жазады: «Мен Қазақстанда туып-өскенмін. Содан бері Отанымнан қай жаққа қарай аттансам да, мені қазақтың жеріне тартады да тұрады. Нұрсұлтан Әбішұлы, Сізді халық шынайы құрметтейді, мен өзім Сізді өте жақсы көремін. Сізден десантшылар менің анамды ешқашан Отанынан алып шығуға мәжбүр болмайтындай ету үшін қолдан келгеннің бәрін жасауды сұраймын. Сізден өз балаларының әкесі ретінде, жасы үлкен аға, көпті көрген адам ретінде осыны өтінемін. Бұл хатым Сіздің жеке өзіңізге арналған, оны тиісті жеріне жібермесеңіз екен».
Республикада бейбіт өмір мен тыныштықты сақтауды тілек ететін осындай сөздерді Нұрсұлтан Назарбаевқа Шығыс Қазақстан облысынан Ағжан Құмарова мен Майра Ахметова да жолдаған екен. «Бізге ұлтаралық жанжалдың керегі жоқ, өйткені оның аяғы неге соқтыратынын біз білеміз. Сіз жүргізіп жатқан саясатты жалғыз ғана дұрыс саясат деп санаймыз, Сіз бізді дұрыс түсінеді деп үміт етеміз», деп атап көрсетеді олар.
Украина астанасы Киевтен жолдаған хатында Антонина Московкина соғыс жылдарында қарапайым қазақтардың өзінің отбасына, өзіне қандайлық көмек көрсеткенін алғыс айта отырып еске алады: «Құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы, мен бұл хатымды тамаша адамдарды, біздің сол бір ауыр жылдардағы өмірімізді жадымда жаңғырта жазып отырмын. Ешкім де сан түрлі ұлттар өкілдерінің арасына араздық отын жаға алмайтынына сенемін» Осылай деп келеді де, хатын «Құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы, қош-сау болыңыз, көп-көп денсаулық тілеймін!» деген сөздерді қазақша жазып аяқтайды.
Үндеулер авторлары республиканың дамуын тілеген ойларын Нұрсұлтан Назарбаевтың есімімен байланыстырады, ол Қазақстанды жаңаша өркендеу мен өрлеуге жеткізеді деп сенеді. Бұл ой Шевченко (қазіргі Ақтау) қаласынан жолданған И.Шоқбарбаевтың хатында былай жеткізілген: «Соңғы 30 жылдың ішінде қазақтардың арасынан Одақта және республикада беделге ие, тілімізді, мәдениетімізді, өнерімізді, тарихымызды, демек, Отанымызды – Алтайдан Атырауға дейінгі аралықта өмір сүретін адамдарды қорғауға мүмкіндігі бар көшбасшы шықты». Басқа да авторлар сияқты, ол да Нұрсұлтан Назарбаевтан «ұлттық мәселелерді адам қанын төкпей, азамат соғысына ұрындырмай шешуді» сұрайды.
Тағы да айтамыз: Назарбаевтың мұндайлық кең танымалдылығы, алысқа баратын кең құлаштылығы жұрттың бәріне бірдей ұнай берген жоқ. Әдетте, тегеурінді тұлға дәйім озып жүреді, сол жолда оның алдынан теріс ниетті кісілер қойған кедергілер шықпай қоймайды. Сол сияқты, Назарбаевтың белсенді қайраткерлігі де партияның орталық аппаратында ұйысып тұрған консерваторлар мен кертартпалардың тып-тыныш кабинетте жан тыныштықта отыра беруді қалауына немесе қатып-семген ұрандарды ұстанып алып, қызмет бабында өсуге не тиісті қасиеттері, не кәсіби тәжірибесі жоқтығына қарамастан, мансап сатыларымен жанұшыра жоғары жүгіруіне атымен кереғар келетін. Назарбаев олардың жолын анық кесіп тұратын, бітімі бөлек болатын, үйреншікті үлгілер мен қалыптардың шеңберіне сыймайтын. Осынау сан-сапалақ сұрқиялар бәле-жаланың торын шырмауықтай құрып, Назарбаевтың кандидатурасын межеге жақындатпай жатып «жалп еткізуге» жанталасып бақты. Олар тұтастай бір науқан ұйымдастырып жіберді, мақсаттары біреу ғана: Назарбаевты қаралау, қадірін кетіру, сөйтіп сағын сындыру. Республиканың Орталық комитетіне ағылып келіп жататын хаттардың арасында болмағанды болғандай етіп жазу да, ашықтан ашық жала жабу да кездесетін. Кабинеттеріне қонжиып алған атқарымпаздар әлгі жалған ақпараттың қайдан келіп жатқанын жақсы білетін. Назарбаевты қалайда іліп-шалып, құрықпен құлатып түсіру үшін кез-келген ілікті індете іздеуді мақсат ететін неше түрлі комиссиялар мен тексеру топтары бірінен кейін бірі құрыла беретін. Алайда, оларынан ештеңе шықпады, әлгі комиссиялардың ешқайсысы да оның өмірінен де, жұмысынан да тіпті кішкентай да жағымсыз фактіні немесе кір келтірер таңбаны таба алмады. Осының бәрі оның жүйкесін қаншалықты жұқартқаны, жанын жегідей жегені айтпаса да белгілі. Назарбаев дәйім психологиялық қысымды сезінумен жүрді, оны моральдық жағынан майып етпекші болды.
Біз, сол кездегі Орталық комитет аппаратының қызметкерлері, Нұрсұлтан Әбішұлының қандай қиын жағдайда екенін түсіндік те, сезіндік те, оған жанымыз шындап ашитын. Республиканың бірінші басшысы қызметіне тек Назарбаевтың ғана нағыз лайықты екендігі айдан анық болатын. Абырой бергенде, ол нағыз күрескерлік қасиетін, мінезінің мықтылығын көрсетті, тағдырдың тегеурініне лайықты төтеп берді. Қайта сол сынақтан бұрынғыдан да шынығып, ширап, күшейіп, жаңа сын-қатерлерге дайын тұратындай шыңдалып шықты.
Назарбаевтың бұл кезеңде республикалардың біріндегі экономикалық сала жетекшісі деңгейінен асып кеткенін, жалпыодақтық ауқымда ойлай алатын саяси қайраткер биігіне жеткенін атап айту қажет. Оның сол 1989 жылғы мамырда КСРО халық депутаттарының І съезінде қуатты және сенімді түрде қорғаған нақпа-нақ идеялық-саяси бағдарламасы мұны айқын көрсетті. Бағдарлама бір-бірімен байланысқан, экономикалық және қоғамдық-саяси блоктарды қамтитын 12 ұстанымнан тұратын. Олардың бәрі де негізделген әрі көкейкесті болатын, республиканың түпкілікті мүдделерін, Қазақстан азаматтарының мұң-мұқтажын көздейтін. Ұстанымдардың ішінде тауардың зәрулігін жою, бағаның өсуін тоқтату, елдің қаржы жүйесінің ауытқымалығымен күресу, шаруашылық есеп үлгілерін жетілдіру, одақтық министрліктер мен ведомстволар өктемдігін болдырмау, Арал мен Семей өңірінің экологиялық апатына байланысты проблемалаларды шешу бар болатын. Оған қоса, Нұрсұлтан Назарбаев түсімді одақтық және республикалық бюджеттер арасында әділетсіз бөлетін жүйеден аулақ жүру қажеттігін айтты, жалпыодақтық стратегиялық нысандарда одақтық ведомстволардың жергілікті халықты кемсітетін дімкәс тәжірибесінен бас тартуға шақырды, жергілікті өзін-өзі басқару реформасын жүргізуді жақтады. Бағдарламада сондай-ақ ахуалды тұрақсыздандыру қаупінің алдын алу, халықтар достығын сақтау, республикалардың өкілеттілігін кеңейту, 1986 жылғы желтоқсан оқиғаларынан кейін қазақ халқын ұлтшыл деген ресми айыпты алып тастау талаптары да бар еді.
Осылайша, біздің Көшбасшымыз Қазақстанның одан әрі дамуының кілті экономикадағы өз кезегін күткен міндеттерді шешуде, кең көлемді егемендікке қол жеткізуде, республикада тұрақтылықты сақтауда, туған халқының жақсы атын қалпына келтіруде деп білді. Бұл айтылғандардың көбі сол кезде әлі күшінде тұрған кеңестік басшылықтың көңіліне тіпті де жаққан жоқ. Мұндай жағдайда Назарбаев өзі тұрғылас басшылардан күні өткен дағдылардан, таптаурын үлгілерден ада ауқымды көзқарасымен, сенімділігімен, сірескен соқыр сенімдер мен қатып қалған қасаң қағидалардың шеңберінен шығып, жаңаша ойлап, әрекет етуге ұмтылысымен айрықша бөлектеніп тұрды. Оның қуатты қайрат күші, харизмасы мен өзіне сенімділік серпіні бүкіл аудиторияны шарпып алатын. Назарбаев жұрттың бәрі ықылас қоя тыңдайтын және қуаттап қолдайтын одақтық деңгейдегі саясаткерге айналды. Біз бәріміз де сол кезде өтіп жатқан КСРО халық депутаттары съездерінде Нұрсұлтан Әбішұлының кеңестік басшылықтың ең жоғары қызметтеріне ұсынылғанын ұмытқан жоқпыз.
Нұрсұлтан Назарбаевтың кандидатурасы басшылардан біліктілікті, бастамашылдықты, темірдей берік ерік-жігерді, адамдармен жұмыс істей алуды талап ететін уақытқа барынша сәйкес келетін еді.
Сондықтан да Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің 1989 жылдың 22 маусымында өткен XV пленумын Нұрсұлтан Назарбаевтың өміріндегі де, бүкіл республиканың тарихындағы да бетбұрыстық белес деп санауға болады.
Ол кезде партия пленумдарында ішкі партиялық жұмыстың неғұрлым маңызды мәселелері, саяси және экономикалық проблемалар қарастырылатын.